Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАБА ЕСІМІ ЖАҢҒЫРДЫ

Уақыты: 19.10.2019
Оқылды: 69
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», – деген екен бұрынғылар. Дәл осындай көптің бірлігі жарасқан жақсылық Қаратал ауданы, Байшегір ауылында болды. Атақоныс Шиліқарын қойнауына орналасқан Байшегір ауылында күмбезі көкпен таласқан жаңа мешіт бой көтерді. Бір атаның баласындай ауыл азаматтары бірлесіп, Алланың үйін тұрғызып, халық игілігіне ұсынды.


Байшегір ауылында өткен дүбірлі тойға елдің  ықыласы жоғары болды. Азаматтардың ауызбірлігіне, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын іс тындырған ағайынға алғыстарын айтып жатты. Құшағына қысқан ақ тілеу аталар мен ақ жаулықты аналарды көргенде еріксіз көзіңе жас үйіріледі. Ауылдың ажарын кіргізген Алланың ақ үйі, тек сәндік емес, жас ұрпақты имандылық пен ізгілікке бастайтын қасиетті қара шаңырақтың біріне айналмақ. Осыны жете түсінген ауыл тұрғындарының көңілдері шат. Құранда «Тәубә» сүресінің 18-аятында мешітті Алладан қорыққан, ақырет күніне сенген кісі тұрғызатыны айтылған.  Жаңа ашылған "Байшегір баба" мешіті де осының дәлелі. Мешіттің ашылу салтанатында бірінші болып сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смайлов Алла үйінің ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, құрылысқа атсалысқан барлық ағайынға, демеушілік көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді. Одан кейін ортаға облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, аталған ауылдың тумасы Әміре Әрін шықты. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде екі жылдан бері рухани жаңғыру жүріп жатыр. Рухани жаңғыру деген – ол, ең алдымен, адамның санасының, жүрегінің жаңғыруы. Міне, біз ел болып, Байшегір жұрты болып, Алланың үйін салдық. Бұл деген – сауапты істердің ішіндегі сауаптысы. Демек, құдіретті бір Аллаға бір табан жақындадық деген сөз. Бүгін екі той болып жатыр. Біріншісі – Байшегір баба атындағы үлкен мешіт болса, екіншісі – былтырғы жылдан осы округтің Байшегір деп аталуы. Елді мекеннің баба атымен аталуына «KEGOС» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Бақытхан Жазықбаев бауырымыздың  сіңірген еңбегі зор. Абай «Жүректе айна болмаса,  сөз болмайды өзгесі», – дейді. Мынау Байшегір баба атындағы мешіт – Алланың үйі  жүрегімізге айна орнатты. Ол айна ағайындық деген дүниені ұялатты, елдік деген асыл қасиет орын тепті. Бір атаның балаларымыз, біз не көрсек, бірге көреміз деген ұғым орнатты. Олай болса, бұл мешіт ұлы істердің бастамасы болсын! – деді Ә. Әрінұлы.

                                              

Мешіт жалпы 41 млн. теңгеге тұрғызылса, иманды азаматтар демеушілік жасады. Кезінде Ақсақ Темірден 24 жасында «баба» деген атақ алған Байшегір Тоқтыбекұлының есімін қайта жаңғырту ауыл тұрғындарының мерейін одан ары асырып тастады. Екі мерекенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әміре Әрінұлы тарихтан сыр шертіп, бабамыздың өмір жолы мен ерлігін саралап, халықтың рухын бір көтерді. 

Одан кейін сөз алаңына «КЕGОC» компаниясының вице-президенті Бақытхан Жазықбаев, «Сары есік» қоғамдық қорының президенті Айтжан Тінәлиев шығып, ақжарма тілегін ақтарды. Лауазымды тұлғалардың сөзінен кейін жаңа мешіттің лентасын Әміре Әрін, Бақыт Смайлов, Айтжан Тінәлиев және Бақытхан Жазықбаев қиып, әжелер шашу шашты. Жаңа нысан ішіне енген халық аудандық мешіттің бас имамы Ерік Амангелдіұлының уағызына құлақ түріп, аруақтарға Құран бағыштады. Әрбір кірпішіне дейін ұқыпты қаланған  құлшылық нысанында жүз адамға арналған намаз оқитын орын, имамның жеке бөлмесі, кіреберісте арнайы пандус пен жарасымды үлкен қақпа бар.  

Келген жұрт дұға-тілектерін оқып болғасын бір-бірін құттықтап, шат-шадыман болды. Ауыл ақсақалдары азаматтарына алғысын жаудырып, үлкен істі атқарған бауырларын құшағына қысып, маңдайынан сүйіп жатты. Осындай жүрек жылытатын көріністі көріп, біз де марқайып, жанымыз жадырап сала берді. 
Салтанатты шарадан кейін арнайы облыс орталығынан барған М. Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі күмбірлетіп күй тартып, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты. Алматыдан арнайы келген әнші, актер Сафуан Шаймерденов халықтың көңілін бір көтеріп тастады. Ән шашу кезінде мешіт құрылысының басынан аяғына дейін бақылап, құрылыс жұмысын соңына дейін жеткізген Айтжан Тінәлиевке ауыл азаматтары астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. 

Концерттік шарадан кейін Байшегір баба рухына арналып ас берілді. Үлкен астан кейін түс ауа спорттық ойынға кезек берілді.

Білекті де жүректі жігіттер арасында қазақша күрес ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Бірінші орынды барлық қарсыластарын алып ұрған Ілияс Ақәділұлы жеңіп алса, екінші орынға Серікболсын Ибрагимұлы тұрақтады. Үздік үштікті Тоқтар Қарқатеров түйіндеді. Гір тасы мен қошқар көтеруде Айдын Нұғымановтан ешкім аса алмады. Барлығынан озық болған Айдын қошқарды да, гір тасына тігілген бас жүлдені де қанжығасына байлады. Одан кейін ұлттық ат спорты ойындары – дала төсін дүбірлеткен бәйгеге ұласты. Тайжарыс, құнан жарыс тартысты өтіп, атқұмар көпшілікті қызыққа бөледі.  Тай жарысында Айдос Мұратбековтың (Көксу ауданы) тайы бірінші болып мәреге жетіп, ат иесі 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Бақытжан Әлімбаевтың (Үштөбе қаласы) тайы екінші орыннан көрініп, ат иесі 60 мың теңгені еншіледі. Құмарғали Баяхметовтың тайы үшінші орынға табан тіреп, ат иесіне 40 мың теңге жүлде берілді. Құнан бәйгеде Құмарғали Баяхметовтың (Егінсу ауылы) жүйрігі бірінші келіп,  ат иесіне 200 мың теңге табыс әкелді. «Қаражұлдыз» атты құнан 2-орынға қол жеткізіп, ат иесі 100 мың теңгенің иегері атанды. Шерасыл есімді азаматтың «Көккөмейі» топты жарып,3-орыннан көрініп, ат иесі 50 мың теңге алды. 

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, аламан бәйге де аса тартысты өтіп, атқұмар көпшілікті қызыққа бөледі. Десек те, 27 шақырымдық аламан бәйгеге қатысқан 18 тұлпардың тек алтауы ғана мәре сызығынан өтті. Нәтижесінде, өзге аттардан оқ бойы алға озып шыққан «Ақбаян» атты сәйгүліктің иесі (Көксу ауданы, Алғабас ауылы) 500 мың теңгеге ие болды. Жетіжалдан келген Рүстем бауырымыздың жүйрігі екінші болып мәре сызығын қиып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Айдын бауырымыздың үкілеп қосқан аты үшінші орыннан көрініп, 200 мың теңге алды. Аттары төртінші, бесінші, алтыншы болып келген азаматтар да бағалы сыйлықтарға ие болды. Волейбол жарысында бірінші орынды Ақжар ауылының жастары иеленсе, Дөңши ауылының спортшылары екінші орынға, ал Көпбірлік ауылының жеткіншектері үшінші орынға қол жеткізді. Осылайша, ауылдың берекесі мен сәнін кіргізген дүбірлі той есте қаларлық тарихи шаралармен қорытындыланды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ