Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

РУХАНИ КЕЛІСІМ КЕПІЛІ

Уақыты: 20.10.2019
Оқылды: 88
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Салтанат сарайында «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» атты ІІ облыстық дінтанушылар және діни бірлестік жетекшілерінің форумы өтті. Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Рухани келісім күніне орай өрбіген форум «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбындағы фотосурет көрмесін тамашалаумен басталды.


«Дін – татулық пен бірліктің рухани тірегі» атты бейнеүзіктен соң пленарлық отырысты облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов ашып, қатысушылармен және форумның маңызы, мақсат-міндетімен таныстырды. Сөз тізгінін алған облыс әкімінің орынбасары  Батыржан Байжұманов:
– Форумға қолдау танытып, қатысып отырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақстан – әртүрлі этностар және мәдениет өкілдерімен қатар алуан түрлі діндерді ұстанушылар тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім қоғамның негізгі біріктіруші күші және мемлекетіміздің алға қадам басуының кепілі. Мұның барлығын айтып отырған себебім, қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Толеранттылықты жөн көретін кеңпейілді қазақ елі осы күнді ұйымшылдықпен атап өте отырып, рухани келісімді одан әрі жан-жақты нығайтуда, – деген Батыржан Құлаймергенұлы аймақтың экономикалық көрсеткіштерін де тілге тиек етті. 

ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов елдегі діни ахуал жайына тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен әртүрлі жоба жұмысын сөз етті. Сонымен қатар, форумда айтылған ұсыныстар ескеріліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жасалынатынын жеткізді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының «Халықаралық қатынастар және хаттама» бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы ғалым, Рһd докторы Ершат Оңғаров та ойын ортаға салып, діни ахуалдың әлемдік деңгейдегі әсерін баяндады.

Форумда адамзаттың рухани дамуы мен этносаралық келісіміне байланысты маңызды мәселелер талқыланды. Жиын соңында форумның үндеуі қабылданып, үздік діни қызметкерлер және де облысымыздың рухани дамуына атсалысып жүрген діни ғибадатханалар марапатталды. Зайырлы мемлекетіміздің асыл құндылықтарын дәріптеуге елеулі үлес қосып жүрген аудан, қала мешіттерінің бас имамдары, сондай-ақ, діни бірлестіктердің жетекшілері мен дінтанушыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ