Облыс әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ аудан әкімдерінің орынбасарлары және денсаулық сақтау басқармасы басшыларымен жиын өткізді. Онда үш мәселе көтерілді. Біріншісі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бейресми жұмыс істейтіндерді тарту бойынша 2018-2019 жылдарға арналған «Жол картасының» орындалу барысын сараптау, екінші, облыстағы медициналық мекемелерге халықты тіркеу барысындағы жұмыстар жөнінде аудан әкімдерінің ақпаратын тыңдау. Үшінші, 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша туберкулез ауруына шалдыққандарға әлеуметтік көмек көрсету жайын бағдарлау.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің талабы бойынша тұрғындарды денсаулық сақтау мекемелеріне тіркеу керек. Бірақ, осы жұмыс әлі де өз дәрежесінде жүргізілмей келеді. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова бұл орайда орын алған кемшіліктің себебін «Көптеген адам қалада тіркеуде болғанымен, өздері басқа жақтарда тұрады. Оларды табу қиын болып тұр. Және тіркеудегі адамды шығарып тастауға біздің қақымыз жоқ, – деп түсіндірді. Осындай мәселелерге байланысты облыста жұмыссыздар мен өзін - өзі еңбекпен қамтығандар санын анықтаудың өзектілігі туындаған. Жұмыс мәртебесі анықталмаған 395 593 адамның еңбек орнын анықтау бойынша сараптама жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 292 562 адамның жұмыс орны анықталған. Бұл – тұрақты жұмысы белгісіз болып келген тұрғындардың 74 пайызын құрайды. Әлі 103 мың адамның қандай іспен шұғылданатыны анықталып, медициналық мекемелерге тіркеу міндеті тұр. Өйтпеген жағдайда тұрғындар әлеуметтік медициналық көмекті дер кезінде ала алмайды. Тек шұғыл көмек алуға ғана құқылы болып қалады. Сондықтан, бірнеше аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары орнынан тұрғызылып, оларға мәселені пысықтау тапсырылды.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туберкулез сырқатына шалдыққандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы да кеңінен айтылды. Алдағы уақытта осы орайда қандай жұмыс жүргізілетіні бағамдалып, нақты мақсаттар қойылды.
Гүлжан Мұқашқызы