"МҰҚАҒАЛИ" ЖУРНАЛЫ - ЭНЦИКЛОПЕДИЯ ТЕКТЕС БАСЫЛЫМ

Уақыты: 19.10.2019
Оқылды: 3658
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Мұқағали» журналы баршаға таныс. Баспасөз әлемінен өз орнын тапқан басылым. 14 жылдың ішінде мол тәжірибе жинады. Мұқағалитану орталығының міндетін атқарды. ҚР Президентінен «Алғыс хат» алды. Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Алайда, әр жылдың еншісі бөлек. Сондықтан ондағы қаламгерлерді баспасөздің қамы толғандырады. Осыған орай журналдың бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Батық Мәжитұлымен әңгімелескен едік.

– Әр басылымның өз сипаты бар. Мұндай ерекшелік «Мұқағали» журналында да бар шығар?

– «Мұқағали» журналы бір адамның өміріне арналған. Сондықтан оған сын көзімен қарайтындар көп. Бұқаралық емтиханнан сүрінбеу – біздің міндетіміз.
Міне, он төрт жыл болды, оқырмандар журнал арқылы Мұқағали туралы шежіре сырға, танымдық мақалаларға, көркем туындыларға, ұсыныс-пікірлерге, естеліктер мен эсселерге қанығып келеді.

Осыған орай бір оқиға еске түседі. Әріптес азаматтар жеке тұлғаны насихаттайтын журнал шығармақ екен. Келіп кеңес сұрады. Не дейік, білгенімізді айттық. «Ең дұрысы, он екі айдың жоспарын жасаңыздар. Соны тиянақтай алсаңдар, бәріне шамаларың жетеді» – дедім. Жігіттер он екі журналға жоспар жасаудың қиын екенін сезді. Ұмтылыстарын сол жерден тоқтатты. Ал «Мұқағали» журналы өзінің мақсат-мұратын ойдағыдай еңсерді. Басты ерекшелігі осында.

– Ақын жыры астарлы. Мазмұны қою, түбі терең. Оның сыр сандығын ашуға журнал қосқан үлестер қандай?

– Ақын жырларына ден қоюдың екі жолы бар. Біріншісі – өлеңдерін жаттау. Екіншісі – астарына үңілу.

Мұқағали: «Біз де өлеңді жазбаймыз ермек үшін» деді. Ақын өлеңдерінен көркемдік пен философияны көресің. Тіршіліктің мәні мен мазмұнын аңғарасың. Алақанға салғандай етіп алдыңа тосады. Қалың елі қазағын парасатқа үндейді. Қара көңілге шам жағып, қара сананы ағартуға шақырады. Журнал сізді ақынның осы кемелдігіне бағыттаса, басылыммен біте қайнасқанның несі жаман?!

Жұмекен Нәжімеденов күй туралы жазғанда «Түсіне алсаң «Сарыжайлау» – құдірет, Түсінбесең – домбыраның күмбірі» деген екен. Мұқағалидың қазынасы тура сондай. Бағаласаң керемет! Рухани қазынаға кезіккендер өзі де байиды, өзгені де байытады. Өйткені ақын мұрасы ұйқасқан әдемі тіркестер ғана емес. Бүкіл ағзаңа нәр беретін нағыз жыр!

– Мұқағалитану – қайнарын жаңа ашқан бұлақ секілді. Арнасының кеңейе түсуіне журналдың ықпалы қандай?

– Мұқағали өлеңдерін зерттеуге арналған материалдардың бұрынғысы да, қазіргісі де бір басылымға шоғырланды. Бұдан кейін ізденушілер арасында ықпалдастықтар пайда болады. Материалдарын салыстырады, бәсекелеседі. Жүйріктердің арқасы қозады.

Кезінде «Ана тілі» газетіне жазушы Марат Қабанбайдың «Миына ұлттың коды жазылған ақын» деген естелігі шықты. Екінші жағынан алғанда ол үлкен сараптама. Сол ғажап мақаланың іздеушісі мен сұраушысы «Мұқағали» журналы болды. Автор онда мұқағалитанудың бұрын байқалмаған қырларын баяндаған. Жаңаша түйіндер ұсынады. Сол сияқты Жәлел Кеттебектің ақын туралы эссесі де тартымды. Қаламгер тірі Мұқағалиды қасыңа әкеліп сөйлетеді. Ондағы диалогтар өте әсерлі. Павлодарлық ғалым Анна Носкованың «Мақатаев шығармаларындағы фразеологизмдердің қолданылуы» атты еңбегі талай қазақты елең еткізді. Журналдың жинақталған 118 нөмірін шолып шықсаңыз мұндай мысалдардың неше түріне жолығасыз.

– Бір қарағанда Мұқағали жырлары қара өлеңмен қарапайым өрілгендей. Алайда ішкі сарайы бай, жаңа көзқарастарға толы. Бұл жайындағы пікіріңізді білсек.

– «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегені – Мұқағалидың ұлы мақсаты. Қара өлеңнің қазақы табиғатын сақтай отырып сөз өнерінің жаңа құндылықтарын оның бойына дарытты. ХХІ ғасырдағы ұрпақ ақын жырларын жатсынбай қабылдады. Өз ұлтына еңбек сіңірудің мұндай ерен үлгісі тек Абайлардың ғана қолынан келген.

Өздеріңіз білесіздер, Мұқағали үш рет студент атанды. Түрлі себептермен жоғары оқу орнын бітіре алмады. Бірақ мол біліммен сусындады. Абай атасының ізімен жүрді. Абай тәлімін орындады. Әлем оқымыстылары пайдаланған кітаптарды ақтарды. Соның арқасында ғасыр биігіне көтерілді.

Кейде шығандап шыңға шығудың да мұңы мен қайғысы бар. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дейтін азапты толғаныстарды басынан кешірді. Мұқағалидың жаңалығы көзге бірден шалынбайды. Оның қымбат екенін «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» жырларынан білесіз. Жанды тербеткен нәзік күйді айна қатесіз суреттеп ақ қағазға түсірген. Мұндай өлеңдер сізді де ақынға айналдырады. Қаламгер үшін ең үлкен жаңалық – оқырманды қуандыру. Мұқағали соның барлық мүмкіндіктерін игерді.

– «Жақсының артынан сөз ереді». Қазақ көзге ілінген тұлғаның аңызға айналатынын меңзесе керек. Ақын «Жазылар естеліктер нешелеген» деді. Бұған не уәж айтасыз?

– Халық жақсы адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Солай десе де таланттың сырын ашуға шорқақпыз. Себебі, ол жайындағы білім бен білік аздық етеді. Ал қырын түгендеу оңайырақ. Себебі, оның кейбір тұсы өзімізге ұқсайды. Соны қызықтап  жүріп ақын жаратылысындағы ұсақ жайларды термештеп кетеміз.

Тыңдаушылар «Мұқағали да сондай болған екен ғой» дейді. «Әйтеуір бір жерінен кінә тауып», тұқыртуға әуеспіз. Оған ұялмаймыз, қайта «ат-шапаннан кем көрмес, біреу атын қойса қу» дегендей күлмең қағамыз.

Бірде шоқпардай галстугы бар замандас боғауыз «өлең» оқыды. Айтуынша, мұны «жазған» Мұқағали екен. Сайқымазақ анекдоты да бар. Кейіпкері тағы Мұқағали. Құдай оңдағанда, әлгінің қайдан шыққанын білуші едім. Көзін жеткізіп дәлелдедім. Ол құлағына дейін қызарды. Өтірікке алданып, арзандағанына өкінді. «Татымсыз өсектерді тыңдағанша, ақын атындағы журналды оқығаным тиімді екен»,  – деді кетерінде.

Әрине, аңыздар айтылуға тиіс. Бірақ оның өзегі таза, негізі қисынды болуы керек. Біз авторларды ұшқары сөздерден сақтандырамыз. «Орыстар бәрін жазады» дейді олар. Жаза берсін, ерік өздерінде. Біздің менталитетіміз, тәрбиеміз, ата-бабамыз бөлек. Егер халқымыз «жақсыны асырып, жаманды жасырса» – ол қазақтың қорқақтығынан емес, ұятының күштілігінен.

Мұқағали жырлары тазалықтан құралған. "Сылдыраған өңкей келісім". Тұшынып оқысаңыз, шаң-тозаңнан арылтады. Ақындық өмірбаян – өлеңнің өмірбаяны! Журнал осы теорияны ту етіп көтереді.

– Мұқағали ағамыздың «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?» дегені сұрақ па, ескерту ме, арман ба?

– Үш-ақ кітабымен тарихта қалған ғажайып ақын Төлеген Айбергенов «Қазақтың жыры Абайсыз» деді. Теңеуін дәл тапты. Абай кең далада өмір сүрген ақын халқын әлеммен теңестірем деп күрескен адам.

Мұқағали Абай секілді ұлы тұлғаның қайталануын қалады. Өйткені әдебиетке абыз керек. Меніңше, бұл – елдік тұрғыдан армандаудың жарқын мысалы. Сондықтан баршаға жоғарыда айтылғандай әдемі сауал тастап, ой туғызды. Өзі де көптің бірі ретінде жыр жарысына қатысты. «Болмаса да ұқсап бағудың» мәнін адал ұқты.

Уақыт пен халық бәрін өз орнына қояды. Енді бүгін сол әрекеттерге баға берілді. Академик Сейіт Қасқабасов «Қазақ жырының өлшемі – Абай мен Мұқағали» десе жарасады.

Ақын әулетінің айтуынша Мұқағалидың үстелінде Абайдың мүсіні тұрған. Соған көз салмаса шабыт отын жаға алмайтындай сезінген. Абайдың рухы кез келгенге дарымайды. Оның кепілі – тазалық пен тереңдік. Абайды пір тұтқан Мұқағали бүкіл болмысымен сол заңдылыққа бағынды. Абайды сыйлау – ақындықты сыйлау! Қаламның киесін, шабыттың иесін сыйлау!

Ақын атындағы басылым мұны да қозғады. Кім қалай түсінеді – ол әркімнің жеке шаруасы. Мұқағалиша айтсақ «білгендер білсін, білместер, мейлі, білмесін».

– «Ақынға керек ақыл көп» деп жатады. Мұқағалидың өлеңдеріндегі ақыл да асып төгіледі. Қалай ойлайсыз, ақынды ғұламалардың тізіміне қосуға бола ма?

– Болатын шығар. Мәселен, Қытай жеріндегі қандасымыз Қайша Тәбәрікқызы Мұқағалидың өлеңдерін хансу тіліне аударған. Сол-ақ екен тебіренген, сүйінген жанкүйерлер көбейген. Ғұламалықты басқаға еншілей бермейтін хансулар сол күні қазақтың азаматына тәнті болыпты. Бұл туралы журналда жазылды.

Мұқағали философия мен өрнекті сәтті ұштастырды. Екі тізгінді тең ұстады. Сондықтан ақын жырын оқығанда ойдың көк мұхитына сүңгисің. Мәселен, «Жапырақ жүрек жас қайыңын» талдап көрейікші. Сен дүниеге ағаштың көзімен қара дейді. Адам солай етсе не болар еді?! Экологиялық ластанудан тынысы тарылған өсімдіктердің қасіретіне шыдай алмай күйзелер еді. Ал ағашқа бұрылып, сен дүние кейпін адамның көзімен бағала дейді. Адамзат әлеміндегі рухани азғындауды сезсе ағаштың да шекесі қызбайды. Ақын «Бірде адам, бірде қайың боп, өмір сүрейік алмасып» деп қорытындылайды. «Дүниежүзінің поэзия антологиясы шықса, оған осы өлеңді ендірер едім» деген екен Асқар Сүлейменов.

Ақындар ғұлама ма, ғұлама емес пе? Мұндай сұрақ пен мұндай тақырып таусылмайды. «Мұқағали» журналына жазылсаңыз сіз де зиялы пікірталасқа белсене қосылатын боласыз.

– Келесі сұрағымыз қиғаштау. Мәселен, кейбір азаматтарға жеке тұлғаның атын журналға қою ұнамайтын сияқты. Бұған не айтасыз.

– Мынаны да білген жөн. 1918 жылы «Абай» журналы ашылғанда қазақ жұрты айрықша қуанды. Кейін ол қайтадан жалғасты. Жақтырмаған жанды тағы көрмедік. Өйткені ондағы әріптестер Абайды жақсы білді. Сондықтан басылымды атына затын сай етіп жасады. Гәп осында.

«Мұқағали» журналын бастағанда «Абайды» үлгі еттік. Сонымен бірге оның бұқаралық сипатта болғанын қаладық. Жанашыр ағайындардың бірі сол кезде «Таусылып қалып жүрмейсіңдер ме?» – деді алаңдап. «Шамамыз жетпей өзіміз таусылып қалмасақ, Мұқағали ешқашанда таусылмайды» – дедім. Шүкір, сол сөздің үдесінен көріндік. Бағыттан адаспадық, идеяны ауыстырмадық. «Мұқағали» журналы – энциклопедия тектес басылым.

Өзіңіз білесіз, басылымдар рубрикасыз болмайды. Материалдар сол негізде реттеледі. Осыған жарайтын тіркестер ақында мол. Дәп бізге өзі көмекке келгендей. Мәселен, «Білгің келсе, алдымен зертте мені» дейді. Ойлы жастарды ғылыми ізденістерге шақырады. «Жазылар естеліктер мен туралы», «Біз деген, достым, тағдыры қызық халықпыз». Осылай кете береді. Кімнің не жазатыны анықталады.

Сондықтан біздің бас редакторымыз – Мұқағалидың өзі! Ақын бәрімізді үйретеді. Зейін қойғандар оны көреді. Көреді де жеке тұлғаның есімі басылымға неге беріледі деген сұрақтарын өзгертеді. Оған менің сенімім кәміл.

– Ақынның 90 жылдық мерейтойын көзіңізге қалай елестетесіз?

– 2021 жыл иектің астында. 90 жылдығы тұрмақ, туған күні жыл сайын аталатын ақынның мерейтойы дүркіреп өтуге тиісті. Мұқағалидың мұрасы мен даңқы соған лайық. Егер мерейтой мәртебелі сипатта ұйымдастырылса, бұған ең алдымен ел-жұрт қуанады. Мұқағалидың ақындық рухы ұлттық идеологияның пәрменін күшейтеді.

Меніңше, уақыттың жаңарғаны сияқты, мерейтойдың да мазмұндық сипаты жаңарса деймін. Осы мәселені талқылауымыз керек. Журнал пікір алмасулардың мінберіне айналатын болады. 

– Журналды қолдап, қуаттағанда ең алдымен Мұқағали елі ерекше үлгі көрсететін шығар. Мұқағали елі дегеніміз – Қарасаздан басталып, Алатауға ұласатын, Алтынемелден Алакөлге дейін созылатын байтақ өлке.  Мұншалық жанкүйері бар басылымға қызығып қарайсың. Атамекені бастаса, Алашы қостайды. Солай емес пе?

– Аузыңызға май. Кесек мінез танытсақ, келіспейтін не бар? Дүние шіркін жетпейді емес, жетеді. Бәрі ниет, пейілге байланысты.

Енді бері қараңыз, сізге бір қызықты болжам айтайын. Егер журналға Мұқағалидың ет жақын туыстары түгел жазылса, таралым он мыңға жуықтайды екен. Оған ауылдас, аталас ағайындары қосылса – меже жүз мыңды құрайды. Күллі Жетісу белсенділік танытса дүниежүзі таңғалатын еді. Бұл орындалатын шаруа.

Журналдың жылдық бағасы соншалықты қымбат емес. Анықтап айтсам журналдың индексі – 75312, бір жылға – қала үшін 4243,80 теңге, ауыл үшін  4269,60 теңге.

Ендеше жазылатындар саны неге көбеймейді?!. Сұрақтың жорамал жауаптарына тоқталайын. Бірінші себеп – сараңдықта. «Журналды қолдаймыз!» деген бір дауыс намыстың үніндей болып жүректерге қонбай тұр. Неше төрт мыңдарды ойланбай шашатын бауырлар «Мұқағалиға» келгенде ақшасын аяйды. «Басқалар жазылсын»  дейді. Тоғышар ой ықыластарын тежейді.

Екінші себеп – еренсіздік. «Мұқағали» журналы Қазақстанда бар ма, жоқ па – бұл мәселе қызықтырмайды. Бір туысқан журналдың шығып жатқанын Алматыдан емес, Атыраудағы құдасынан естіпті.

Үшінші себеп – білімді дейтін жандардың өз билігінің өзіне жүрмейтіні. «Директордың тізімінде жоқ екен» деп түсіндірді мұғалім қарындасым «Мұқағалиға» жазылмағанын. Сонда не, олар жергілікті пошта бөлімшесін, онда басылым жайлы ақпарат жазылған «Каталогтың» бар екенін, сол жерде керектісін таңдауға болатынын шынымен білмей ме?! Әлде...

Төртінші себеп – ерік-жігерді ұялы телефонның жеңгені. Қазақ қазір бір-бірімен кең отырып әңгімелеспейді. Баласы да, шағасы да, сақалы ағарған шалы да телефонға телміреді. Сондағы жұмысы – сыбыс аңдиды. Бұлай кете берсек келешекке не тәлім береміз?!  Жарайды, баспасөзден безінсек – безінейік! Безгенде қайда барасың?! Белгісіз.

Ақынның сөзін сәл өзгертіп «Не тындырдың Мұқағалиды сүйемменен?» деп өлеңдеткім келді. Бірақ демедім. Ал, мәртебелі оқырман, ендігі  кезек өзіңде. Қорыта айтқанда, сапалы өнім бере алмасақ – бізге сын, сапалы журналды көрменгенсіп бойыңызды жасырсаңыз – сізге сын. Байлам осы!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен - Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ