ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ БОКСЫ?

Уақыты: 20.10.2019
Оқылды: 1266
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кешегі Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионаты жайлы ойымды ортаға салайын. Қазақстаннан бұл жарысқа әр салмақ дәрежесінде бір топ спортшы қатысты. Олар өздерін көрсете білген, майталман, жігерлі жастар. Солардың ішінен финалдық ойындарға жеткені – Қазақстаннан екі ғана боксшысы.  Ал  Өзбекстаннан төрт, Ресейден үш, Кубадан екі спортшы шықты. Біздің Бекзат Нұрдәулетов (81 кг.)  өзбекстандық Дилшанбек Рузметовті айқын басымдылықпен жеңіп, алтын медальді иеленді. Қатты қуандық.


Бекзаттың шаршы алаңдағы  еркін қозғалысы, оң қолы мен сол қолының соққылары қарсыласына дөп тиюі және қорғана білуі өте ұнады. Бокста аяқтың күші мықты болуы абзал. Шаршамау, шалдықпауға үлкен әсері болады. Әсіресе, шаршы алаңда жүрек қағысы мен өкпенің еркін дем алуы да үлкен рөл атқарады. 3 минуттан, 3 раунд бокстасқан боксшылар шаршы алаңда жеңіл жүріп, ауыр соққылар жасау, тіптен қарсыласын есінен тандырып құлатудың жолдарын ойлау басты мақсат болып табылады. Ол үшін  бетің бар, жүзің бар деп құр сабаласа беру қажет емес. Қайта ақылмен ойлап, қарсыласыңның осал тұсын дәл таба білу керек.  Мен Бекзат боксшымыздан осындай әдістерді байқадым және алдағы жарыстарда да үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспін. Ол үшін тынбай, ерінбей жаттығулар жасау керектігін айтар едім.

Ал екінші боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев 91 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықты. Оның қарсыласы өзбекстандық Баходир Жололов болды. Өзбекстандық боксшы ширақ жүріп, қатты соққылар жасады. Ал Қамшыбек болса өзі солақай боксшы екен,  сол қолын тым құлаштап, алыстан сермейді. Оның бірі дәл тиіп жатса, енді бірі құр ауаны қармап жатты. Сонымен бірге соңғы руандқа дейін күш сақтауды білмей, соққан соққылары қарсыласына дөп тигенін көп байқай алмадық. Қамшыбек күміс медальді қанағат тұтты. Дегенмен финалға шығып тұрып алтыннан айырылған өкінішті-ақ. Жалпы мұндай әлемдік деңгейдегі жарыстарға барған спортшы ел намысын қорғаймын деп баруы абзал. Мықтылықты, күштілікті, жігерлілік пен намысқойлықты алға тартып негізгі мақсат етіп қойған жөн. Біздің бапкерлеріміз осы мәселені басты назарда ұстап, өз шәкірттерінің жүрегіне құйып отыруы тиіс. Бүгінгі Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері тізгінін  2009   жылдан бері ұстап,  соңғы жылы аға бапкер қызметін  атқарып келе жатқан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың  атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Оны жасырмай айтуымыз керек.  Оның бойында ұлттық намыстың ұшқыны жарқырап көрініп тұрады. Өйткені, Мырзағалидың өзі ауылдан шыққан азамат емес пе?

Мен бұл жерде осы чемпионатқа қатысқан барлық боксшыларымызға тоқталғым келмейді. Олардың ішінде қола жүлдеге ие болған төрт боксшымыз да бар. Олардың еңбегі де айтарлықтай. Тек бір ғана сол жарыстан алған әттеген-айымды айтқым келіп отыр. Неге қазақ боксы осындай жауапты да үлкен жарыстар кезінде  алдыңғы орындардан көрінбей қалады? Қатарынан үш-төрт жыл Өзбекстан боксшылары бізден озық тұрып жүр. Тіптен азулы Ресей мен Куба боксшыларын артқа тастап, шаң қаптырып кетті. Бұған қандай себеп бар? Біз ойландық па? Әйтпейтін болса қазақ жігіттерінің де ол биіктен көрінуіне мүмкіндіктер бар емес пе?  Тіптеп келгенде намыс қайда, жігер қайда? Осы жағы мені қатты ойландырады. Шаршы алаңға шықтың ба, айқын басымдылығыңды таныт! Әйтпесе әділқазы мүшелері (судиялар) бұра тартып, жеңісті қарсы жаққа бере салатынын талай рет байқадық.

Кешегі шаршы алаңға шыққан Серік, Ермахан, Бақтияр, Бекзаттардың үлкен жарыстарда жеткен жеңістерінің бейнетаспаларын көріп отырып, бір рахат күйге еніп, ләззат аласың ғой. Үш раунд бойына олардың шаршы алаңдағы жеңіл қозғалысы, соққан сериялы соққылары, тіптен қарсыласының осал тұстарын дөп басып, естерінен тандыра түсетін тұстарын көріп бір риза боласың. Осы таспаларды бүгінгі жас боксшыларымыз көре ме екен? Оларды көріп тәлім-тәрбие алса ғой деймін. Аталмыш боксшыларымыздың дені ауылдан шыққан қара сирақ балалар. Сондықтан ауыл спортына көбірек ден қойып, әрі қарай дамыту шараларын қолға алып отыру Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелетін жұмыстар екені бесенеден белгілі. Құр қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Жұмыс істеу керек. Жалпы бұл чемпионатта барлық медальдар санын есептегенде: 1-орынды Өзбекстан  3-1-1;  2-орынды Ресей 3-0-1; 3-орынды Қазақстан 1-1-4 медальмен қанағаттанды.

Мен енді осы боксқа қандай қатысым бар деген мәселеге сәл ғана тоқтала кетейін. Менің туып-өскен жерім қазіргі Алматы облысы, (бұрынғы Талдықорған облысы) Ескелді ауданына қарасты Жетісу деген ауыл. Осы ауылдан шыққан спортшылар да баршылық. Әрине, оларды көп адам біле де бермейді. Солардың бірі – Құлтай Жақыпбаев. Бүгінде 80-ді алқымдап қалған азамат ағамыз. Тұңғыш облысымыздан шыққан (бұрынғы Талдықорған облысы) бокстан спорт шебері. Бұл 1947–1950 жылдардың тұсы болу керек. Оның артынан ерген  інісі қазақтың тарланбоз талантты ақыны Жұматай Жақыпбаев та  кезінде бокспен шұғылданып, спорт шеберлігіне кандидат деген атақ алған азамат. Ал оның туған інісі Марат Жақыпбаев менің бірге оқыған сыныптасым да осы бокспен айналысып, Алматыдағы денешынықтыру институтын бітіріп, бокстан спорт шебері еді. Кейінде Текелі қаласының спорт мектебінің директоры болып қызмет атақарған. Біздің бала кезімізде Жұматай ағамыз ауыл маңындағы Қусақ өзенінің жасыл алаңына бір топ балаларды жинап алып, біздерге бокстың әдістерін үйретуші еді. Менің туған бауыр ағам Жайлаубай (Жаукен) да бокспен шұғылданып, облыстың намысын талай жарыстарда қорғаған жан-тұғын. Өзінің естелікке толы «Жалындап өткен бір ғұмыр» кітабында бәрін суреттеп жазғаны бар. Бүгінде бұл ағаларымыз өмірден озғандар.

Мен 1969-1971 ж.ж. Отан алдындағы екіжылдық борышымды  Ресейдің Мурманскі қаласында атқардым. Сол жерде де боксымды тастаған жоқпын. Полктің атынан дивизияның жарыстарына қатысып, өз салмақ дәрежемде жүлдегер атандым. Сонда жүргенде бір топ қазақ жігіттері болдық. Солардың ортасында Жетпіс Жұмажанов деген азамат (бүгінде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында тұрады) өзі самбист, өзі боксер мықты азамат болды. Одан кейін 1972 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, онда да жоғары оқу орындарының арасындағы жарысқа қатысып, ҚазМУ-дің намысын қорғап, грамоталармен марапатталдым.  Менімен бірге қазақтың майталман тележүргізушісі Нұртілеу Иманғали- ұлы да  осы бокс жарыстарына бірге қатысып, жеңімпаз атанып жүрген кез еді. Бокстың қыры мен сырын, әдіс айласын бір адамдай білетініміз сондықтан болар. 

Мен осы боксты әлі күнге жанымдай сүйіп, жақсы көргенім соншалық, ақын ретінде спорт тақырыбына арналған бір топ цикльді жырларым мен екі поэмам барын да жасырмаймын. Ол жырлар баспалардан шыққан кітаптарымда баршылық. Оның бірі Жақсылық Үшкемпіровке арналған «Тұңғыш чемпион», екіншісі  Гималай шыңына шыққан  тұңғыш қазақ альпинистеріне арналған «Альпинистер» деген поэмалар. Соның бір парасы ретінде Серік Қонақбаевқа арналған өлеңімді оқырманға ұсынуды жөн көрдім. 

Ақберен, алғыр, айбаттым, ішімнен қалай тынармын?
Өзіңдей жанды өр туған, халқымнан ғана сұрармын.
Шаршы топтың алдына, жасқанбай шыға келгенде,
Сүйсіне қарап сыртыңнан, сымбатыңа сенің құмармын.

Сендегі қайсар еркіндік, тұрғандай болды қуантып,
Қарсыласыңдай қайысқан, бұлшық етің де жоқ буалтық.
Бұлқынып бойда күш-жігер, тасыған кезде бірдемде,
Ширығып қалған шып-шымыр, қимылыңа қарап қуандық.

Әдіс пен айла бірқатар, керек те шығар бокста,
Шаршы алаңда жасқанбай, өзіңді-өзің нық ұста!
Жұдырық майдан жұлқыныс, опыр да топыр айқаста,
Жақсылап тисе соққысы, жұлындай түсер оқыста.

Бапкердің ойын тегінде, екшелеп барып тыңдайды,
Қапыда қалмас үшін де, қалт  еткізбес мұндайды.
Төгілген ащы терден соң, жеңілдей түсіп тағы да,
Төпелеп соғып төбеден, жеңіске жетпей тынбайды.

Жастығын желеу етіп мен, толғанып тұрдым неліктен?
Шалдықпай келіп бәйгеден,  жанкүйерлерін еліткен.
Қазақтың атын осынау, таныту  үшін әлемге,
Жатсынбай алғаш боксқа, батылдығыңмен келіп пе ең.
Міне, бокстың қыры мен сыры осындай. Кешегі 20 жасында жалындап өткен Бекзат Саттархановтай жастардың өсіп шығарына сенеміз. Алдымызда шиыршық атып 2020 жылғы Токио Олимпиадасы тұр. Ендігі мақсат – осы жарыста біздің қазақ боксшыларымыз жоғары дәрежелі орындардан көрінеді деген тілектеміз. Ол үшін сайыпқырандар бүгіннен бастап жанын берер жаттығулар жасап, маңдай тердің ащы дәмін татулары тиіс. Сонда ғана еліміздің Көк байрағы әлем тұғырында желбіреп тұрарына бек сенімдіміз! 

Сайлаубай  ТОЙЛЫБАЕВ, 
 Халықаралық «Алаш» әдеби 
сыйлығының лауреаты