АСЫҒЫҢЫЗ: САЛЫҚҚА ДА РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАЙДЫ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 1511
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жыл соңына дейін санаулы күндер қалды, осыған байланысты негізгі қарызды өтеп, салықтық рақымшылықты пайдалануға асығыңыз.

Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті елімізде осы жылдың аяғына дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған салықтық рақымшылық жүргізіліп жатқанын ескертеді.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған салықтық рақымшылық шегіне орай 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша болған бересі сомасын салық төлеуші төлеген жағдайда өсімпұл және айыппұл сомалары есептен шығаруға жатады.

Алматы облысы бойынша барлық аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларында өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылған,олар салықтық рақымшылық шарттарына сәйкес келетін салық төлеушілерді іріктеу үшін дербес шоттарды түгендеу жұмыстарын жүргізеді.

Жалпы алғанда, облыс бойынша 89 мың адамға рақымшылық жасалып, оларға 1 462,2 млн.теңге сомасына негізгі қарызды төлеу шартымен 506,8 млн.теңге сомасына өсімпұлдар есептен шығарылады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айынан жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық басталды.

Салықтық рақымшылық шеңберінде біздің азаматтар өткен жылдар үшін салықтық міндеттемелері бойынша негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда оларға өсімпұлдар шегерілетін болады.

Әр түрлі себептер бойынша жеке тұлғаларда елеулі қарыз сомалары бар, мысалы, жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты есептелген көлік салығы немесе жеке табыс салығы. Салық кодексіне сәйкес мерзімін өткізіп алынған күн үшін есептелетін өсімпұлдың мөлшері азаматтарымыздың жағдайын қиындатады. Осыған орай, өткен салықтық кезеңдер үшін жиналған қарыздары бар жеке тұлғалар ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі қарызды өтеп, салықтық рақымшылықты пайдалана алады.

Бұл ретте есептелген өсімпұлдар мемлекеттік кірістер органдарымен автоматты түрде есептен шығарылады.

Департаменттің салықтық рақымшылық нәтижелері бойынша 35 209 жеке тұлға бойынша 136,9 млн.теңге өсімпұл есептен шығарылды. Өтелген негізгі салық сомасы 606,0 млн.теңгені құрайды.

Ендеше, салықтық рақымшылықты пайдалануға асығыңыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды