АТА-БАБАМЫЗДЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1183
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіздікті әркім өз деңгейінде әр қилы түсінеді. Себебі, бір ғана сөздің астарында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен қаншама боздақтардың көз жасы жатыр. Ал менің түсінігімде бейбіт аспан астындағы әр күнім – тәуелсіздік.


Бұл күнге жету үшін қазақ еліне көптеген жылдар қажет болды. Уақыт та бейбіт күнге ұмтылған қайсар халықты еш аяған жоқ. Қиындықтар мен бұралаң жолдар бірінен соң бірі кездесіп отырды. Халқымыз талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайта түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырды. Кешегі тарихқа көз жүгіртсек, аумалы-төкпелі заманда ел іргесі берік болу үшін отқа да, суға да түскен батырлар мен білім мен жігерін ел тәуелсіздігі жолында сарп еткен көреген басшылар елдігімізді мәңгі етті. Жиырма сегіз жыл. Бұл адамның нағыз кемеліне келіп, тың дүниелер тудыратын, жалынды әрі жас шағы. Қазақстанның да қол жеткізгенінен жеткізері әлі көп. Қалықтаған жас қыран енді қанатын кеңге жайып, биіктерді бағындыруға ұмтылды. Аз ғана уақыт аралығында алпауыт елдермен терезесі тең дәрежеге жеткен қайсар елдің бағындырар биігі әлі алда.

Ата-бабамыздың асқақ арманына қолымыз жеткен бұл күн - ұлы күн. Мерейлі мереке құтты болсын! Тәңір берген тәуелсіздігіміз мәңгі әрі мәнді болсын деген жаңа ғасыр ұрпағының жүрекжарды тілегімен аяқтағым келеді.

Назгүл ЖҰМАНҚЫЗЫ
Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері