Шаруасы оңды, малы қоңды

Уақыты: 19.01.2017
Оқылды: 1225
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қырда қаңтардың шыңылтыр аязы бет қариды. Табанымыз Елтай ауылдық округінің топырағына тигелі көргеніміз төрт түліктің қысқы жайы. Олардың жемшөбі мен күтімі турасында сұраудамыз. Жолсерік болған Қаратал ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Увалиев пен аталған бөлімнің бас маманы Ризабек Жетпісбаев біз бетке алған «Ақан Смайылов» шаруа қожалығы туралы баяндады. Сөйтіп, нысаналы жерімізге де келіп жеттік. Бізді аталған қожалық иесі Ақан Смайылов күтіп алды.

2005 жылы іргетасын қалаған шаруа қожалығы бүгінде 150 бас ірі қара өсіруде. Оның 113-і сиыр. Жиналған жемшөбі мен қоражайының атшаптырым аумағына қарап: «Негізі мұнда ұсталған мал саны бұдан да көп болған ба?», – деп сұрағанымызда Ақан Смайылов пікірімізді растап, бұрын аталған түлік санының 400 басқа дейін жеткенін, алайда бұл көрсеткішті жаңадан салынып жатқан сүт фермасының қажеттілігіне орай қысқартуға тура келгенін атап өтті.
Сүт фермасы демекші, әуелде тиянақты табыс жолын бес-он қараның басын қосудан бастаған шаруашылық іргесі кеңейе бастаған тұста жаңаша бағыт іздейді. Ол үшін сүтті және етті бағыттағы мал өсірудің тиімді тұстарымен танысады. 
– Қазірде мұнда сүтті және етті бағыттағы 100 басқа арналған арнайы қоражай дайындалды. Алғашқы кезекте қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, 80 бас мал сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ал қалған 20 бас ірі қараны күздегі кіріс есебінен толықтырсақ деген ойымыз бар, – дейді қожалық иесі. 
Жайылысы еңіс барса Қаратал өзеніне тірелетін, қырға беттесе Елтай мен Ескелді округтерінің арасындағы құйқалы қырқаларды өріс етеді. Бүгінде шаруашылық қарамағында 1150 гектар жайлымдық жерден бөлек, 145 гектар суармалы жер бар. Оған жоңышқадан басқа арпа, бидай, майбұршақ сияқты дәнді дақылдар егіледі. Осылайша, қыстың қамын жазда ойлауды ойлаған ұжым былтыр 1000 тонна жемшөп жинаған. Соның арқасында қазір қыс қыспағынан тарықпауда. Шаруасы оңды, малы қоңды. Сиырының алды төлдей бастаған. 
Әңгіме барысында Ақан Жексенбіұлы қазір он шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді. Олар үшін арнайы үй де тұрғызылыпты. Қос округке жақын жерден орын тепкен шаруашылық еңбеккерлері жалақымен де ойдағыдай қамтылыпты. Мұнымен қатар, жаз маусымында шаруаның тым қауырт кезінде, әсіресе, науқандық шаруаларда ұжым игілігі үшін мұнда 50 жұмысшы еңбек етеді.

Қозыбай ҚҰРМАН