"ӨРКЕНДЕ, БАС ҚАЛАМ!": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АСТАНА КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 06.07.2020
Оқылды: 2634
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Жетісу жұршылығын Астана күнімен құттықтады. 

– Құрметті жетісулықтар! Баршаңызды елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде Еуразия құрлығының жүрегінде теңдессіз қала бой көтерді, жаңа қала батыл шешімнің, шығармашылық ойдың, толассыз еңбектің жүзеге асқан жарқын жемісі болды, – деген аймақ басышысы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» құрметті атағына ие болған астанамыздың халықаралық маңызы бар қала екенін айтты. – Еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени орталығына, сол сияқты дипломатиялық, бітімгершілік, халықаралық байланыстарды кеңейту мәселелерінде жаһандық диалог алаңына айналды. Шырайлы шаһар, еңселі елордамызды одан әрі дамытуға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше назар аударып, оны жан-жақты жетілдіруге толық мүмкіндік жасап отыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы  еліміздің барлық аймағы үшін ұстанар үлгі, бағыт көрсетер құбылнама, айнымас темірқазық болуда.

Амандық Ғаббасұлы елорданың дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан барлық жетісулықтарға алғысын жеткізді.

– Заманауи мегаполисті өркендетуге барлық қазақстандықтармен қатар жетісулықтар, сіздер де зор үлес қосып, бас қаланың табыстарына шын жүректен қуанып, жетістіктерін жетілдіре түсуге атсалысып, қазіргі індетпен күрес жағдайында қолдау көрсетіп, береке-бірлік танытып келесіздер. Құрметті жерлестер!
Осы мерекеде сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасында шаттық пен қуаныш тілеймін!, – деді.

Сөзінің соңын облыс әкімі: "Өсіп, өркендей бер, төл астанамыз  – Нұр-Сұлтан қаласы! Гүлденіп, дами бер, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы!", – деп түйіндеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"