ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ: ҚАСИЕТТІ ҚАРҚАРАНЫҢ АТАУЫ ЖАҢҒЫРДЫ

Уақыты: 06.07.2020
Оқылды: 4344
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

"Қарқара!

Құр Қарқара!

Жел Қарқара!

Талайды тамсандырған өр Қарқара!

Төсіңе кіндігінің қаны тамған,

Қабыл ал, төл перзентің келді ортаңа", – деп Асанқадыр Бөрібайұлы жырлағандай, кіндік қаны тамған ауылдың ажарын ашуға төл перзенттері өз қолтаңбасын қалдырып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!

Биылғы елімізді жайлаған індеттің салдарынан тұрмыс-тіршіліктің тұралап, жоспарлы істердің тығырыққа тіреліп жатқаны мәлім. Бұл адамдардың көңіл-күйіне ала көлеңкесін түсіріп, ел еңсесін езгендей әсерге қалдыруда. Қалыпты тіршіліктің ырғағы бұзылып, адамзат абдырап қалған тұста туған ауылының ажарын ашып, көріктендіруге ұмтылған түлектердің тынымсыз еңбектерінің өз мәресіне жетуі жерлестердің жүрегіне қуаныш сезімін ұялатқан.

Тарихы тереңде жатқан қасиетті Қарқараның төсінде 1983 жылы дүниеге келіп, құлын-тайдай бірге өскен перзенттері осыдан 20 жыл бұрын алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, жан-жаққа қанат қаққан болатын. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, алтын бесік – ауылына тарту ретінде «Қарқара жүрегімде» дегенді білдіретін айшықты атауды заманауи үлгіде ауылдың кіре берісіне көз тартарлықтай етіп тас тұғырға қондыруға бірталай қаржы мен күш жұмсағандарын атау абзал. Балалық бал дәуренді бірге өткізіп, оқушы жастан ұйымшылдыққа, еңбекқорлыққа, жұмыла жұмыс істеуге қалыптасқан түлектер 30-ды орталаса да сол әдеттен айнымай, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» бірлесе отырып, ойға алған істерін жарқырата жүзеге асыруы ауыл тұрғындарының қуаныштарын еселеген. Аңсарымыз ауған ауылымызға аяғымыз жетпесе де суреттен көріп, өзім де қуанып отырғанымды несіне жасырайын?!

Алтын ұямызға алып ұшқан көңілімізге көрік беріп, жарқырай қарсы алатын – 83 жылғылардың орнатқан бұл ескерткіші сонадан көз тартары, көңіл қуантары анық. Түнде де самаладай жарқырап, жанып тұруына бар жағдай жасалғандығымен ерекшеленеді. Айналасы қоршалып, тас төселіп, абаттандырылған. «Ауылым – алтын бесігім» деген жүрекжарды ізгі тілектері де тізілген екен. Көктемнен бергі тынымсыз тірліктері толық аяқталып, Елбасының туған күніне орай, мерекелік тарту жасаған 83 жылғы перзенттердің ерен еңбегіне ел риза. Туған жердің төсіне осылайша із қалдырған түлектердің бұл жарқын ісіне ауылдастары алғыстарын жаудырған. Шын қуанған.  «Ізгіліктен – із қалар» деген осы болар. Жарайсыңдар, 83-тер!

Ұлбосын Исабек
Қарқара ауылы,
Кеген ауданы.
Суретте: 83-тердің елге жасаған ескерткіші