ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «МАҒАН ҚАЗІР ҰПАЙ ДЕГЕННІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ»

Уақыты: 10.07.2020
Оқылды: 1761
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп беруде. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.

Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұпай жинауды жөн көрмейтінін мәлімдеді.

- Мен ашығын айтайын: Үкіметтің кеңейтілген осы отырысына дайындық барысында маған кейбір аймақтағы және ведомстволардағы бірінші басшыларды жұмыстан босатуды, тіпті бүкіл Үкіметті отставкаға жіберу туралы кеңес берілген болатын. «Қоғам бұл әрекетіңізді дұрыс қабылдайды, ұпай жинап аласыз» деген ой айтылды. Бірақ маған қазір ұпай дегеннің керегі жоқ. Мен жауапты адамдарды тыңдауға дайынмын. Бірақ халықтың алдында ойын ұйымдастыруды жөн деп есептемеймін. Қазір ондай жаста да, жағдайда да емеспін, - деді Президент.

Президент өз сөзінде кейбір әкімдер мен министрлер ескерту алғанын айтты.

«Жалпы мұндай жазаға облыс болсын, министрлік болсын басқа басшылар да лайықты болуы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы:

- Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды, - деді.

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы жіберген кемшілікке тоқталды.

«Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады»,- деді ҚР Президенті.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.

Дереккөз: inform.kz