«ГИВ» ОЙНАТУ НЕМЕСЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ АРТЫНДА НЕ ТҰР?

Уақыты: 15.07.2020
Оқылды: 2504
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» демекші, бүгінгі індет көбіміздің қандай екенімізді аңғартып-ақ жатқандай. Әркім өз қолынан келген әрекетті істеп амалдауда.

Мұндайда ел алдында жүрген әншілердің, асабалардың ақшасыз қалдық, несібемізден қағылдық деп даурығып, кейбірінің осынау қиын-қыстау кезде той өткізуге тыйым салынғанына қарсылық та білдіріп жатуы құптарлық әрекет пе? Бір асаба жігіт осылай деп жар салса, өзге әншілер ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «гив» ұйымдастырып, сыйлық таратып әлек. 
Басында мұны шындығында әнші-әртістердің қайырымдылығы деп ойлап қалдық. Кейіннен білгеніміздей, өз қалтасынан ақша таратып жатқандай болып көрінген кейбір өнер иелерінің әлеуметтік желідегі оқырман санын көбейтіп беру үшін өзгелерден жинаған нәпақасы екені белгілі болды. Демек, халыққа «мынанша оқырманға жазылып, оның суреттеріне «лүпіл» бассаң болғаны ақшаға кенелесің» деп жариялап, екінші жағынан оқырман санын көбейтуді ғана ойлайтын блогерлерден қаржы жинап, осы екі ортада делдал болып жүрген әншілердің әрекетін қайырымдылық деуге келе ме? Оған сенген қаншама адам берілетін сыйлық немесе ақша үшін 100 шақты адамның аккаунтына жазылып, қашан ақша ұтамын деп арамтер болады. Үш-төрт ай көлемінде үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай ойындардан қажып шаршаған, үміті ақталмаған адамдар бұл ұйымдастырылатын ұтыстардың жалған екенін де ашына жазып жатыр. Мұндайда сонда бұл халықты алдау, ақымақ қылу ма деген ой қылаң етеді. Ал оны ұйымдастырушы әншілер ойынның адал әрі жеңімпазды таңдау көпшіліктің көзінше «рондон» арқылы  немесе дырылдату әдісі арқылы өтетінін айтып ақталуда. Кімнің ісі ақ, кімдікі қара екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сол тағы да тұманды әлем, адасу, жол таппай, шындықты біле алмай даурығу. Міне, осындай ұтыстар ұйымдастыруға қатысты деп басы дауға қалған әншілердің қатарында Кәмшат Жолдыбаева, Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа бар. Бұдан басқа да қаншама әншілеріміз осы ойынды күнбе-күн ойнатып, одан өзіне тиесілі қаржысын  тауып жүргені жасырын емес. Осындайда той болмаса, әнші қауым осындай күмәнді істерге жақын болып кете  ме деген ой еріксіз санаңда қылаң береді.
Бір-екі миллион ақша ойнату, пәтер, көлік сынды ірі сыйлықтың қасында жай ғана нәрседей болып көрінеді- ақ. Қайта соңғы уақытта қайырымдылықты желеу етіп, мүгедек жанға көмек жасаймыз деп халықтан ақша жинап, пайда көрмек болғандардың қатары азайып-ақ қалды. Оған әнші Ернар Айдардың істі бола жаздап, басы даудан әзер аман қалғаны өзге әріптестеріне сабақ болғандай.
Осы ұтыстардың көпшіліктің санасын сан-саққа жүгірткені аздай,  талай жылдан бері ұмыт қалған қаржылық пирамидалар да бас көтере бастады. «30 мың теңге салсаң, 300 мың қылып аласың» деп жарнамалап, халықтың қалтасын қағуға әрекет жасап жатқан алаяқтардың жарнамасы әлеуметтік желілерде өріп жүр. «Ақша салып, байлыққа кенелдік» деген адамдардың да қарасы көп. «Адал ақша тапқың келсе», «Табысы көп жұмысқа шақырамыз» деген кейбір жазбаға кірсеңіз қаржылық пирамиданың дәл ортасына тап боласыз. Адамдарды тарту мақсатында әртүрлі айла-шарғы қолданып қызықтыратын алаяқтарға нартәуекел деп бар қаржысын салып, алданып қалып жатқандар қаншама? Әлеуметтік желі арқылы ғана танитын адамның атын атап та, түсін түстеп те алданғаныңызды кейін дәлелдей алмай жатасыз. Осының бәрі адамдардың ақша табу үшін ғана жасап отырған пасық әрекеті екенін ойласаң ішің қан жылайды. Мына заман алаяқтардың уақытындай көрініп кетеді кейде маған.
Бүгінгі таңда індеттің салдарынан қаншама адам бақилық болуда. Кеше көз көрген таныстарымыздың біразы бүгін қасымызда жоқ. Ертеңгі күні осы індеттің кесірінен қаншама адамның арамыздан кетерін білмейміз. Осы жағдайдың өзі бізге ой салуы керек. Елді алдап, ақша тапқанша бір сәт тәубемізге келіп, қайырымдылықты да неге шын жүректен жасамасқа? Қарапайым халықтан жинағанша өзіңдегі барыңмен бөліс. Осы қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, елге үй сыйлап жатқандардың көбісінің жағдайлары жақсы. Коттедж үйде тұрады, бірнеше көлігі бар. Бірақ, қайырымдылыққа келгенде өзінде барын бергеннен елден жылу жинап, соны таратып, жақсы атақ естуге құмар.  
Шын ниетімен көмектесіп жүргендер жоқ демейміз, бар әрине. Мәселен, «Өнер қырандары» театры соңғы жылдары өздері қойған концерттің есебінен қаншама отбасын үйлі болу бақытына бөледі. Аудан, ауыл көлемінде де көпбалалы, жағдайы төмен отбасын қуантып жатқан жомарт жандар баршылық. Айтпағым, елден сұрап, қайырымдылық жасағансып, одан өз пайдасын күйттеп жүрген кейбір адамдардың жан күйдірер қылығы жайы еді.
«Неге ондай адамдар көбейіп кетті? Көксегені не? «Біреу қойға айналғанда, біреу тойға айналыпты» демекші, мақсаты пайда көру ме? Осындай кезде халықты жаңылыстырып, соңғы тиынын сыпырып алғаннан көңілдері жай таба ма? Көптің қарғысы деген бар, алданған адамдардың көз жасы жібере ме оларды?» деген сауалдар жаныңды тілгілейді-ақ. Алданатын баяғы қара халық. 
Қазір әлеуметтік желіге кірсеңіз, «анаған көмек керек, мынаған баспана алып беру керек, дәріге, отаға ақша керек» деген жарнамадан көз тұнады. Адамдардың көпшілігінің жағдайы соншалықты мүшкіл ме? Әлде жөні келсін, келмесін, алақан жайып, көмек сұрауды әдетке айналдырып алдық па?  Бұл жағы да беймәлім. 
Көпбалалы аналар бізді асырап бақ, үй бер, жағдай жаса деп мемлекетке өз талабын қоюда. Ол да бәлкім жөн шығар. Дегенмен, әрбір адам «мен мемлекеттен не аламын деп емес, еліме не беремін» деп әрекет етсе, жағдайымыз бұдан да жақсы болар ма еді? 
Жеке кәсіп ашып, өзімізше еңбектеніп, кішігірім бақшамызға болсын көкөніс өсіріп күнелту орнына «алма піс, аузыма түс» деп қарап жатуды жөн көретін халық екеніміз жасырын емес. Дайын жұмыс, үй, көлік бола қалса дейміз. Жұмысқа кіріп, аздаған жалақыға еңбек етіп, айлығымыз көтеріліп, тәжірибе жинақталғанша терлеп-тепшіп жүруге шыдамымыз жетпейді. Одан да сол жалақысы жоғары жұмысты жылдар бойы күтуден еш талмаймыз. Ал ол арманның орындалып, не орындалмасы тағы неғайбыл.
Көпшілігіміздің, әсіресе, өз кәсібін дөңгелентіп отырған жандардың мүмкіндік бола қалса екі еселеп пайда көруді ойлап тұратыны да ащы шындық. Мәселен, карантин басталған уақыттан бері азық-түлік, дәрі-дәрмек қымбаттай түсті. Әдетте 15-20 теңге тұратын медициналық бетперденің бағасы он есе көтерілді. Тіпті, дәріханалардан көптеп сатып алып, зәрулік тудырып, оны өз бағасынан әлдеқайда жоғары саудалаған пайдакүнем адамдар­дың да айла-әрекеттері әш­кере болды.
Карантин кезінде мейрамхана, дәмхана, сауда орын­­дары, шаштараздың қыз­мет көрсетулері тоқтағаны белгілі. Мұндайда мүмкіндігі бар шаштараздар үйлерінде қызмет көрсетіп жатты. Осы орайда бір танысымның ашына айтқан әңгімесі ойға оралады.
«Әдетте шаш алдырып жүрген таныс шаштараздың үйіне барсам, шаш алдыру мың теңге дейді. «Ау, неге?» деп сұрадым. Бұрын 500 еді ғой. Мұнда шаштараздағыдай салық, жарыққа, суға ақша төлемейсің. Неге екі есе қымбат? Керісінше, үйде алған соң арзан болмай ма?» десем, «Менің бағам осы, шаш алдырсаң өзің біл, алдырмасаң да өзің біл» деп бұрылып кете барды» дейді.
Осындай халқымыздың басына қиындық түскен уақытта тәубемізге келіп, бір-бірімізге қамқор болып, мейлінше қолымыздан келген көмекті аянбай көрсету керек тұста керісінше одан пайда көруге ұмтылатынымыз неге? Бұл қиындықты тарылып кеткен пейіліміздің салдарынан одан бетер күрделендіріп жатқан жоқпыз ба? 
Індеттен аман құтылудың жолын ойлап, әрекет етіп жатқан жандар да баршылық. Мәселен, елімізге белгілі әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова жер-жерде Құран бағыштап, құрбандыққа мал шалуды бастап кетті. Бұл да болса халқымыздың амандығын тілеп, нәубеттен құтылудың, оны Алла Тағалаға жеткізудің бір жолы. Ал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өзінің «Айдың нұры» қоры арқылы елімізде тапшы дәрі-дәрмек пен тыныс алатын аппаратты Түркиядан жеткізіп беріп, көмекке зәру жандарға қол ұшын созуда. Осындай жақсылыққа бастар әрекеттер көп болса, бұл қиындықты да ел болып еңсеруіміз ғажап емес. Ойланайық, ағайын! Көп болып жақсы іс істеуге ұмтылсақ, бәлкім бұл нәубеттен де көп ұзамай шығармыз. Ең бастысы, көңіліміз ақ, ниетіміз түзу болсыншы.

Алма ЕСЕНБАЕВА
Сурет ғаламтордан алынды