ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ: «БІЗ БҰЛ ІНДЕТТІ ДЕ ЖЕҢЕМІЗ»

Уақыты: 11.07.2020
Оқылды: 2496
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Құрметті отандастар мен жетісулықтар!

Дәл қазіргі кез халқымыз үшін аса қиын кезең. Әлемді жаулаған індет біздің елімізді де тығырыққа тіреп отыр. Соңғы уақытта талай марғасқа азаматтарымыз бақилық болды. Осыны естіп, көріп, жан жүрегім езіліп отыр.

Ешкімге де оңай емес, тосын дерт арамыздан арыстай азаматтарымыз бен қарындастарымызды жұлып әкетіп жатыр. Өте ауыр, өкінішті. Пандемияның кесірінен қайтыс болған азаматтардың отбастары мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Осындай қиын-қыстау кезде Мемлекет қолдан келер шараның бәрін жасауда. Мұның барлығы мына індетке тоқтам салып, халықты аман сақтап қалудағы жұмыстар.

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бар күш-жігерін жұмсауда. Жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, қиындықтан шығудың жолын табуды тапсырды. Атқа мінген азаматтар да ортақ шаруаға белсене атсалысып жатыр.

Президентіміз 13-шілдені Аза тұту күні деп жариялады. Бұл дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлы аты жаман дерттен көз жұмған азаматтарға халқымен бірге жаны егіліп отыр. Оны мен айтпасам да барлықтарыңыз біліп отырсыздар. Мұның өзі Президентіміздің қандай қиын жағдайда да халқымен бір екендігін білдіреді.

Аза тұту күні індеттен қайтыс болған замандастарымызды егіле еске алып, рухтарына тағзым етеміз. Бір мезгілде бұл қауіпті індетпен күресте барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күш-жігерімізді бір арнаға – төтенше келген қиындықты жеңіп шығуға бағыттау қажеттігін сезіндіретін шара деп білемін.  

Ендігі біздің міндетіміз – індетке біркісідей жұмыла қарсы тұру. Сақтық шараларын қатаң сақтап, жақынымызға жанашыр болу. Жаппай жұмылу арқылы біз бұл індетті де жеңеміз. Біртіндеп бұл қиындықтан да шығамыз, тек сабырлы болайық, халқым!

Жақсылық Үшкемпіров,
Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, ҚР Еңбек Ері