АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: САНИТАРЛЫҚ НОРМАЛАРДЫ ӨРЕСКЕЛ БҰЗУҒА ЖОЛ БЕРГЕН»

Уақыты: 19.07.2020
Оқылды: 1395
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов фейсбук парақшасында коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстары босаңсып қалғанын жазды.

- Соңғы кезде бірқатар аудан, қала әкімдері коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алды. Әрине, оған кейбір облыстық бақылаушы құрылымдар басшыларының сырқаттануы сияқты объективті себептермен қатар басқа да факторлар әсер еткені белгілі. Сонымен қатар белгісіз себептермен оперативті штабтың жұмысы тоқтап қалған, бірақ ең бастысы - инфекциялық және провизорлық бөлімдердің жұмыс алгоритмі бұзылған. Жекелеген жағдайларда коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болған, "қызыл аймақта" саналатын медицина мамандары қоғамдық көлікпен қатынап, отбасы ортасына оралып жүрген, - деген облыс басшысы  мұндай жағдайлар Талдықорған, Текелі қалалары мен кейбір аудандарда орын алғанын айтты. - Бұл ең алдымен жергілікті жерлердегі әкімдердің, денсаулық сақтау басқармасы басшылығының олқылығы, медицина мекемелері бас дәрігерлерінің санитарлық нормаларды өрескел бұзуға жол бергенінің салдары.

Амандық Ғаббасұлы осындай кемшіліктер қауіпті індеттің жылдам тарауына себеп болғанын жазды.

- Осының барлығы және басқа да факторлар, әсіресе, Талдықорған мен Текелі қалаларында індеттің жылдам артуына себеп болды, бұл қалаларда коронавирустың өсімі сəйкесінше 11-12% құрап отыр. Сондықтан барлық аудан, қала әкімдеріне халық арасында вирустың одан әрі таралуына жол бермеудің тиісті шараларын қабылдауды, облыс тұрғындарына тиісті деңгейде ем жасауды ұйымдастыру, стационарларды қажетті төсек санымен, медикаменттермен, барлық қажетті құрал-жабдықтармен, соның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен қамту тапсырылды. Қысқа мерзім ішінде халық үшін ПЦР талдау жасайтын тағы бірнеше қосымша зертханалар ашу жүктелді. Осы жұмыстардың барлығын тез арада бастауды, оның нәтижелері туралы жедел штабты күнделікті хабардар етіп отыруды тапсырдым. Мұндай шараларды қабылдауға қажетті барлық мәселелер шешілген, облыстық бюджет қайта қаралып, барлық қажетсіз бағдарламалар қысқартылып, мұқтаж адамдарға медициналық көмек көрсетуге және медицина мамандарын қолдауға қажетті көлемде қаржы бөлінді. Жалпы коронавируспен күрес шараларының өзіне ғана жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді, - деді аймақ басшысы.

Сөз соңында облыс әкімі: "Осы ретте қазіргі ауыр кезеңде сырқаттарға, медицина мамандарына қайтарымсыз, шын пейілмен азық-түлік, дəрі-дəрмек, құрал-жабдық жəне басқа да қажеттіліктер əкеліп беріп, қолдау көрсеткен барша жандарға шын жүректен алғысымды айтамын. Рахмет сіздерге!
Құрметті жерлестер, карантин талаптарын қатаң сақтап, өз денсаулықтарыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына жауапты қараңыздар. Қазіргі кезде көп нәрсе өзіміздің саналы əрекетімізге байланысты. Өздеріңізге, жақындарыңызға жанашыр болыңыздар!", - деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"