Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖАРЫҚ ТАРТЫЛЫП, СУ ДА КІРГІЗІЛГЕН": ЖИЫРМА БАСПАНА ЖАЛҒА БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 30.07.2020
Оқылды: 700
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бақанас ауылында 20  жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер компания – «Капстройгрупп-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 


Құрылыс бригадирі  Уәлихан Қазбековтың айтуынша, бүгінгі таңда 13 тұрғын үйдің шатыры жабылып, ауласы қоршалып, сырлау сияқты ұсақ-түйек жұмыстары қалған көрінеді. Өз кезегінде құрылыс басындағы жұмысшылар қалған 7 үйдің шатырын жабуға, 20 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтау мақсатында күннің аптап ыстығына қарамастан қызу жұмыс істеуде. 

Ағымдағы жылдың 30 тамызында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған бұл баспаналардың құрылыс жұмыстары қалыпты, бекітілген кестеге сай атқарылуда. Тіпті қазіргі таңда тұрғын үйлерге жарық жүйесі  тартылып, су да кіргізілген. Сонымен қоса, кәріз жүйесі де орнатылған. 

Аталған тұрғын үйлерді мерзімінде тапсыру  мақсатында аянбай еңбек етіп жатқан мердігер компания өкілдері аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтып, жүргізіліп жатқан ішкі және сыртқы жұмыстардың сапасына баса назар аударуда. 

Бүгінде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы өңірімізде табысты іске асырылуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің ел игілігіне беріліп, үй кезегіндегі азаматтарға қуаныш сыйлайтын күні де алыс емес.

Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы