Үздіктер марапатталды

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 1324
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық спорт басқармасы көктемнің алғашқы мерекесіне орайластырып өткен жылдың қорытындысын жасады. Расымен де спорт саласында жігіттерімізбен қоса нәзік жанды аруларымыз да өнер көрсетіп, республикалық, халықаралық ареналарда толайым табысқа жетіп жүр.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы Тұратбек Шарапиев, басқа да үздік спортшылар, бапкерлермен қоса салауатты өмір салтын насихаттап, саңлақтарымыздың жеңісін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап жүрген тілшілер қауымы қатысты. 
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жүргізді. Серік Мелісұлы облыстың спорт саласының жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Былтыр Олимпиада жылының аталып өткені барлығымызға белгілі. Төртжылдықтың басты додасы Рио Олимпиадасы ойындарына біздің облыстан тоғыз бірдей спортшымыз қатысып, жаман өнер көрсеткен жоқ. Оның ішінде ауыр атлетші қызымыз Карина Горичева күмістен алқа тағынып, әлемдік сында ел абыройын асқақтатты. Бұл біз үшін қуаншыты жаңалық. 
Паралимпиадалық ойындарда да айымыз оңынан туды. Тұңғыш рет паралимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасының жүлде алып, тарихтың жаңа парағын ашқаны қуанарлық жайт. Осындай тарихи сәтті бізге сыйлаған пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Раушан Қойшыбаева күміс медальді жеңіп алды. Мұның барлығы спортқа деген қолдаудың арқасы екенін тілге тиек еткен Серік Мелісұлы. Елбасының нақты тапсырмаларының бірі саламатты өмір салтын насихаттау екендігін айта келіп, біз бұл үрдісте жақсы жетістікке қол жеткізіп келе жатырмыз деп сөзін түйіндеді. 
Мұнан кейін ірі жарыстарда жеңіске жетіп жүрген спортшылар мен жаттықтырушылар және БАҚ өкілдері марапатталды.
Құрметке ие болғандардың қатарында Рио Олимпиадасында күміске қол жеткізген ауыр атлетші Карина Горичева, паралимпадалық ойында күміс алған Раушан Қойшыбаева, Рио Олимпиадасында бесінші орыннан көрінген Маргарита Елесеева, бокстан әлем чемпионы, Риода бесінші орыннан көрінген Жәнібек Әлімханұлы, Азия чемпионы Альберт Линдер, әйелдер күресінен ҚР чемпионы, Әлем чемпионатының күміс, Азияның қола жүлдесін жеңіп алған Марина Седнева, Азияның алтыны мен кубогын қанжығаға байлаған дзюдошы Камила Берліқаш бар. Мұнымен қоса оларды жаттықтырған бапкерлер де марапатталды. Әр саланың өз үздігі болады. Ендеше спортта дарынды балаларды тәрбиелеп, топқа қосып, жыл бойына уыстап жүлде алып жүрген спорттық мекемелердің жетістігі де сараланды. Осы орайда Талдықорған қаласының №1 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, Іле кәсіпқой гандбол клубы, Қарасай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы құрметке лайық деп табылып, марапатқа ие болды. Осындай жетістіктерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап жүрген бірқатар республикалық, облыстық телеарна мен газет-журналдардың журналистері де марапатталды. Сондай-ақ, велоспорттан Азия чемпионаттарында жоғары нәтижеге қол жеткізген бірқатар велошабандоздар «Жетісу» велоспорт федерациясы атынан велосипедтер сыйға тартылды. Мұнан кейін Универсиада алдында облыс орталығында Алау эстафетасын жоғары деңгейде өткізгені үшін спорт мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері және құқық қорғау орғандары мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері уаниверсиаданың арнайы Алғыс хатымен ұлықталды.
Айта кетерлігі, жыл басынан облыста 2 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 98 спорт шебері, 666 спорт шеберлігіне үміткер және 390 бірінші дәрежелі спортшы жаттығып, түрлі жарыстарға қатысты. 
Облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 1330 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 483  алтын, 366 күміс, 481 қола медаль бар.  
2016 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының сапына Алматы облысының 780 спортшысы енді. Олардың 611-і олимпиадалық спорт түрлері болса, 169-ы олимпиадалық емес спорт түрлерінен.

Облыс әкімінің өкімімен республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге жеткен облыстың 60 үздік спортшысына және 21 мүгедек-спортшысына 30 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін облыс әкімінің ай сайынғы сыйақысы төленуде. Жиын соңында үздік споршы Динара Жұмабаева сөз алып,  спортқа жанды қолдау танытып отырған облыс әкімі Амандық Баталовқа деген риясыз алғысын білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ