Білікті ерге мал бітеді

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 1557
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күреңбел өңірі төрт түлік мал ұстауға қолайлы аймақ. Бүгінде осынау бай өлкенің мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырғандар аз емес. Сол қатарда Қызылжар ауылындағы «Сүттіқожанов» шаруа қожалығы мал бағумен шұғылданып, ауылдастарына үлгі болуда. Шаруа қожалығының тірлігін үйлестіріп жүрген Шоқан Сүттіқожанов атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтырып отыр. Осының арқасында кіріс көзін молайтып, ауылшаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Елдің гүлденуіне атсалысып келе жатқан азамат жас та болса саланың қыр-сырын жете меңгеріп алыпты.

Қожалықта негізінен сүтті бағыттағы ірі қара бағылады. Шаруашылық жетекшісінің тіршілігін көзбен көру үшін мал бағылып жатқан жерге келдік. Матай тауының бөктеріне орын тепкен шаруа қожалығының өзіне тиесілі 300 гектарға жуық жері бар екен. Оның 80 гектарына күнделікті егіс дақылдары мен тұрмысқа керекті  көкөніс егіледі. Оған қосымша атшаптырым аумақты алып жатқан жайылымдық, шабындық жер де бар. Малға қажет шөп сол алқаптардан дайындалады. Осы жерден нәсіп тауып, өрісті малға толтырып отырған қожалық иесі талай адамды еңбекпен қамтып, тұрмыстық жағдайының түзелуіне мүмкіндік беруде. 
– Елбасымыз ауыл, соның ішінде мал шаруашылығы саласын өркендетуге баса мән беру қажеттігін үнемі айтып, оны аяқтан тұрғызудың басым міндеттерін айқындап келеді. Өйткені елдің азық-түлік қауіпсіздігі, жеңіл өнеркәсіптің дамуы осы саламен тығыз байланысты. Оған Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдау мен көмектердің оң әсері тиюде. Сол себепті өңірімізде мал бағумен айналысушылар саны жыл сайын артып келеді, – дейді шаруашылық жетекшісі. 
Мал өнімдерімен ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін оның сапасын арттыру – заман талабы. Осы ретте аталған қожалық басшысы мал басын асылдандыруға ден қойып келеді. Олар «Сыбаға» бағдарламасының да жақсылығын көріп отыр. Осындай жеңілдіктер қарастырып, қол ұшын созған Үкіметке деген алғыстары шексіз. Алғашында елу бас ірі қарамен жұмыс бастаған шаруа қожалығы өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алып, сүтті сиыр санын жүз басқа жеткізді. Биыл 150 басқа көбейген  сиырдың 102 басы төлдейді деп күтілуде. Қазірдің өзінде 50-ге жуығы төлдеп, оның сүтін сата бастапты. Былтырғы көктемнен бері күніне жарты тонна таза сүт сатқан шаруашылық биыл жоспардағыдай болса, күніне бір жарым тоннаға жуық сүт өткізу мүмкіндігіне жетуге ынталанып отыр.  
 Шаруашылықты өркендетуде ойға алған жоба-жоспарлар да аз емес. Бізбен бірге барған аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Болат Тастанбеков аталған қожалық иесінің «Сүтті бағыттағы ірі қара малын көбейту» бағыты бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын айтты. Сондай-ақ, мал төлдету науқанының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын алға тартты. Шоқан Сүттіқожановтың айтуынша, түлік түрінің туу көрсеткіші былтырғыға қарағанда біршама артып, мал басы көбейген. 
Іссапар кезінде қай кәсіпкермен жүздесіп, сөйлессек те өз ісіне деген ыстық ықылас, жылы лебіз аңғарылады. Яғни, бұл кәсіпкерліктің шалғай жатқан елді мекендерге де бет бұра бастағанын байқатады. Осыдан-ақ ауылдың алтын бесік екеніне, оны дамыту арқылы тәуір табысқа жетіп, кіріс көзін молайтуға болатынына көз жеткізіп қайттық.

Қажет АНДАС
Кербұлақ ауданы.