Білім мәселесі қашанда өзекті

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 1111
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі таңда білім саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Оның мән-жайын талқылап түсіндіру әрі Елбасы Жолдауында міндеттелген бірқатар мәселені саралап, нақтылау мақсатында облысымызға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арнайы келіп, ұстаздар қауымымен кездесті. Оқушылар сарайында өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, білім саласына қатысты мәселелердің қоғам үшін қашанда өзекті болып табылатынын атап өтіп, осыған орай жер-жерде кездесулер өткізіп, ат басын Жетісудың төрі – Талдықорған қаласына бұрған еліміздің бас ұстазына ілтипатпен сөз берді.

Ерлан Кенжеғалиұлы Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын кеңінен баяндап өтті. Ондағы ең бірінші мәселе – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жайы. Осы орайда 4 жыл ішінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді толықтай мектепке дейінгі біліммен қамту көзделген. Бұл міндетті орындау үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта атап айтарлық нәтижелер де бар. Өткен жылдың өзінде ғана 825 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылса, оның 600-і жекеменшік балабақша. Осының арқасында балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 4 пайызға өсіп, 85 пайызға жетіп отыр. Өз сөзінде министр осы бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін айтып, 12 жылдық білім беруге көшу аясында мектептерге 0-сыныпты енгізу 2019 жылдан бастау алатынын да жеткізді. 
– 0-сынып не үшін қажет дегенге келсек, бала 1-сыныпқа барғанда әріпті толықтай танып, оқи алуы тиіс. Ал қазіргі жағдайда балалардың шамамен 85 пайызы бірінші сыныпқа әріп танып келеді. Қалған 15 пайызы білмейді. 0-сыныпты мектепте немесе балабақшада өтуге болады. Бұл орайдағы мақсат – балаларды мектепке даярлаудың 0-сыныпқа арналған бірыңғай бағдарламасын енгізу. Көпшілік тарапынан «Әліппе» неге оқытылмайды?» деген алаңдаушылықтар білдірілді. Әліппе 0-сыныпта оқытылатын болады. Оны биыл пилотты жоба ретінде балабақша, мектептерге енгізе бастаймыз, – деді министр. 
Орта білімге келсек, мұндағы ең басты мақсат – жаңартылған білім мазмұнына өтуді өз деңгейінде жүзеге асыру. Оның негізгі мәні – балалардың функционалдық сауаттылығын арттыруда жатыр. Бүгінгі таңда білім алып қана қоймай, оны өмірде қолдана білу де аса маңызды болып табылады.
Біздегі үлкен мәселе – орыс мектебінде оқитын 500 мың баланың 11 жыл қазақ тілін оқыса да мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігі. Оны оқытудың әдістемесі дұрыс емес. Осыған орай ғылыми негізде жаңа әдістеме жасап, оны пилоттық жоба ретінде қолданудамыз. Нәтиже ойдағыдай болса, келер жылы барлық мектепке енгізілмек. 
Ағылшын тілін оқытуға да үлкен көңіл бөлінуде. Биыл ұстаздарды, оның ішінде пән мұғалімдері де бар, 9 айлық тереңдетілген курстан өткізуді қолға алудамыз.
Тағы бір өзекті мәселе – оқушыға берілетін үй жұмысының көлемін азайту, – деп жалғады сөзін Ерлан Кенжеғалиұлы. – Біздің оқушылар үй жұмысының көптігі жағынан 65 мемлекеттің арасында 4-ші орында тұр. Оқыту үрдісі жолға қойылған жағдайда үй жұмысының көлемі де азая түсуі тиіс. 
Министрлік тарапынан мектептерге шкафтар қою туралы бастама көтерген едік. Өйткені, мектепте әр баланың оқулықтары, спорттық киімі, аяқкиімін қоятын бұрышы болуы тиіс. Бұл өтінішімізді Қаржы министрлігі қолдамады, сондықтан атқарушы биліктен қолдау күтеміз. 
Жоғары оқу орындары бойынша грант санын көбейттік. Биыл 5 мың бакалавр, 3 мың магистратура бойынша грант бөлінбек. «Серпін» бойынша да гранттар көлемі ұлғайтылды. 
Елбасы Жолдауында атап өткеніндей, әрбір қазақстандық жұмысшы мамандығын меңгеруі керек. Ертең жоғары оқу орнына түсе алмаған немесе ол бойынша жұмыс таба алмаған жағдайда оның көмегі көп болмақ. Қосымша мамандық ешкімге кедергі келтірмейді. Істің тетігін білсең, үйіңде де бұзылған затты жөндеп аласың. Сондықтан 10-11 сынып оқушыларының білім алумен қатар жұмысшы мамандығын меңгеруіне де мүмкіндік жасауымыз қажет, – деді ол. 
Бұдан соң министр жаңартылған бағдарлама, Ұлттық бірыңғай тестілеу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына қатысты ұстаздарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Министрдің қатысуымен өткен осындай жиын Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде де жалғасып, оған сол маңдағы Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандарының ұстаздар қауымы қатысты.

Алма ЕСЕНБАЕВА