"Алтын алқа" тақты

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 1594
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Іргелі ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалының артып,  мәдениетінің көркеюіне қыз-келіншектердің қосып отырған үлесі орасан. Ең бастысы, халық санын көбейтіп отырған алтын құрсақ аналарымыз аз емес.

Айталық, жылдан-жылға өркен жайып келе жатқан Талғар ауданында осы күні 2318 көпбалалы ана тұрады. Олардың 540-ы алты және одан көп  баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегерлері болса, 1778-і ұрпақ өрбітуде кеудесіне «Күміс алқа» таққандар. Ал қоғамның қозғаушы күші – мемлекеттік қызметкерлердің де тең жарымын әйел аналар құрайтынын ескерер болсақ, бұл күнде нәзік иықтылардың қазан қайнатумен ғана шектелмей, ұрпақ өсіріп, ел дамуына да айрықша атсалысып жүрген еңбектерінің еселене түскендігін аңғарамыз. Осы орайда, аграрлық аймақтың тізгінін ұстап, тіршілігін дөңгеленіп отырған Талғар ауданының әкімі Райхан Нұрмырзақызының да есімі ерекше аталары сөзсіз. 
Көгілдір көктеммен келетін әйел-аналардың төл мерекесінде аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен көпбалалы және  елге еңбегі сіңген аналардың құрметіне мерекелік дастарқан жайылды. Салтанатты шараға қатысушы әйел-аналарды аудан әкімі Райхан Садықова құттықтады.
– Көңілімізге шұғылалы шуағын төгетін көктем мерекесі құтты болсын! Бұл – баршаға ортақ қуаныш. Мемлекетімізде жүзеге асып отырған гендерлік саясаттың нәтижесінде қай салада да әйелдердің белсенділігі артып келеді. Бүгінде аудан экономикасын дамытуда жүзге жуық әйел кәсіпкерлікпен айналысуда. Шаңыраққа жүрек жылуын сыйлайтын ақ жаулықты аналарымыздың ең басты міндеті – баланы өмірге әкелуде де белсенділік байқалады. Әрбір шаңырақта амандық боп, қуаныштары еселене берсін, – деген аудан әкімі бірқатар көпбалалы аяулы аналардың кеудесіне «Алтын» және «Күміс алқаны» жарқырата тағып, сый-сияпатын жасады.
Дәмге толы ақ дастарқан басына жиылған ақ жаулықты аналарды аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебаев құттықтаса, ұзақ жыл ұстаздық еткен Даша Ұлтанбекова, Бикеш Сейітова бастаған қадірменді меймандар алғыстарын жаудырды.
Мерекелік шараны аудан өнерпаздары ән-күймен, дөңгеленген бимен әрледі.


Талғар ауданы.