Құс жолы

Уақыты: 11.04.2017
Оқылды: 2264
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тура табаныңның астында тұтас Тұран даласы жатқандай сезіледі. Тіпті, Тұран даласы ғана емес-ау, шар дүние шыр көбелек айналады ту-ту төменде. Туған жердің көз ұялтып, көңіл тебіренткен айдын көлі, асқар тауы да бөлек мұнда. Жып-жылы жас па, кеуде толы ып-ыстық махаббат па, әйтеуір, сол сәтте осы даланы іші-бауырыңмен езіліп жақсы көретініңді бір құдіреттің өзі сездіреді ғой, сездіреді, шіркін! Күн нұрында алып даланың күміс белбеуіндей нақышталған сан-санақсыз өзендер сәлем жолдайтындай сізден. Сонау-сонау көктегі аппақ өзен – құс жолына... 

Бәрі де ғарышкер көңілінде сайрап жатқан көркемсурет. Осы бір пейзаж, осы бір сырлы да нұрлы сурет өмір бойы кеуде тұсында сақталатындай. Әмсе, көптің көңіліне сұлу бір сөз болып жетсе деп қанша армандады көк қырандары?! Тағы да еске алса, адам қолынан жасалған ерлікпен тіршіліктің ізі жосылған, жаңа қоныстар, жаңа түтіндер қосылған теңбіл-теңбіл далаға, орманы қаудай ұйысқан ұйыққа, қу медиенде құшағына құпиясын тыққан тарғыл-тарғыл құмдарға қарап ойланып еді-ау, сонда. «Мұнша байлықты Тәңірден басқа кім берген?» – деп қазаққа. 
Енді бір сәт елегізген көңілін ептеп басып, өзінің ішкі «меніне» құлақ түрсе: «Осы күнге жеттік-ау, жеттік!» – деп сүйіншілегісі, әлде айқайлағысы келетіндей. Бала күнгі құс боп ұшқысы, ақ бұлттардың тура төбесінен көктеп бір өткісі келетіні, зәу биікке ғажайып баспалдақ салып көтерілуге талпынатыны – бәрі-бәрі орындалыпты бүгін. Төмен қарайды. Өзі туған топырақ  төбе боп жиылып, бұған сәт-сапар тілейтіндей ме, қалай? Достары, туыстары, ет-жақындары сонда нүктедей болған оны ұзатып тұрғандай әлі. 
 Жоғарыға қарайды. Ақша бұлт. Одан да лезде өтеді сосын. Ары қарай ұшы-қиырсыз кеңістік. Сонда сезеді жаны. Адамға қашанда арман мен мақсат заңғар екенін. Өйтпегенде, ғарышта да жерден биік ұйық жоқтай. Шықсам деген бұл «шыңның» қасиетті туған топырақтан алыстаған сайын аласарып сала беретіні де содан ба екен, тәйірі?!  Бәлкім, осы күйді, осынау асқақ ойды алдүзік ақын Төлеген Айбергенов дәп басқан-ау.  «Туған жер» атты өлеңінде былай тебіренеді шайыр: 
Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп,
Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңның ыстығы өтіп.
Осы жыр ғарышқа ұшқан әр қазақтың – Тоқтар, Талғат, Айдындай ұлдарының көңіл пернесін дөп басса керек. Біздіңше, ғарышқа ұшу арманды орындап, елдің аманатын арқалап аттану одан оралу – жерді сүйіп оралу болса ләзім. Біздің үш қыран да сөйтті. 
P.S. Бұл – біздің қал-қадірімізше ғарышкерлер мұраты мен мақсатын, содан тапқан жан байлығын суреттеп көргіміз келгенінен туған сөз еді. «Көп естігеннен бір көрген артық» дейтін қазақы қисынға салсақ, ғарышкерлердің көкірегіндегі тебірену мен толқудан туған көңілдің сұлбасы біз суреттегеннен, біз шешіліп сөйлегеннен де сұңғақ болар. Өйткені, олар – зеңгір көкті еш қатерден тайынбай тіліп өткен қаһарман ұлдар, қайсар қазақтың өр рухының көкке өрлеген өрт намысы, қазақтай ұлттың табанын ғарышқа тигізген шын мәніндегі көк тарландары. Сол себепті де біз оларды үнемі мақтан тұтамыз. Олар туралы әмәнда ағымыздан жарыламыз келіп.

Қозыбай ҚҰРМАН