Асфальт зауыты ашылды

Уақыты: 11.04.2017
Оқылды: 1446
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласын дамыту – мемлекетіміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Соның бір  айшықты көрінісі – аудан орталығы Жаркент қаласының батыс жақ шетінде салынған жаңа асфальт зауыты салтанатты жағдайда іске қосылды.

Президент Н. Ә. Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  атты Жолдауында: «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің  ішкі жалпы өнімділігінде шағын  және орта бизнестің үлесі 2050  жылға қарай кем дегенде 50 пайыз  болуын қамтамасыз ету», – деп атап көрсеткен болатын. Елбасының алға қойған бұл мақсатын жүзеге асыруда әр өңірдің қосар үлесі зор. 
– Қазіргі таңда өңірімізде жұмыссыздықты жоюға септігін тигізетін жаңа өндіріс орындарын ашу жүйелі жоспарланып, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған көптеген игілікті істер атқарылуда, – деді Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев. – Бүгінгі «Макс жолқұрылысы сервис – 21» ЖШС мұрындық болуымен асфальт зауытының іске қосылуы соның  бір айғағы. Бұл өндіріс орны алдағы  уақытта толық қуатында іске  қосылғанда өңірдегі 70-ке жуық  адамға жаңа жұмыс ұсынбақшы. Қазір мұнда 25 адам еңбек етуде.
Жаңа өндіріс орнының өңірдің дамуына тигізер мол пайдасын Алматы облыстық кәсіпкерлік және  индустриял­дық-инновациялық даму  басқармасының басшысы Маржан  Мұрат көптеген жарқын мысалдармен өріп жеткізді. Инвестор «Макс жолқұрылысы сервис – 21» ЖШС төрағасы Александр Скоропадский Ауған соғысының  ардагері. Салтанатты шараға  жергілікті және рес­публикалық  Ауған  соғысы  ардагерлері  кеңесінің  мүшелері  де  көп  қатысты.  Солардың қатарынан әділет генерал-  майоры, профессор Рүстем  Қайдаров, «Альфа» арнаулы жасақ қоғамдық  бірлестігінің төрағасы Аманғали  Баталов, Ауған соғысы ардагерлері  үйлестіру кеңесінің төрағасы Байкал Хамди, «Битум» зауытының директоры Исмайыл Абизов жиында сөз сөйлеп, аудан тұрғындары мен жаңа  кәсіпорын қожайындарын жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен құттықтады. 
Жиын соңында жұрт алдына шық­қан зауыт қожайыны Александр Скоропадский жаңа өндіріс орнына  көмек көрсеткен облыс әкімі Амандық Баталовқа және Панфилов ауданының әкіміне ризашылық сезімін білдіріп,  қуанышын бөліскен барша  көпшілікке  алғысын арнады.
Жаңа зауыт құрылысына инвестор тарапынан жалпы құны 350 миллион  теңге жұмсалады. Соның бүгінде 210  миллионы игеріліп, зауыт сағатына 100 тонна асфальт шығара бастады. Өңірге соңғы үш жылдан бері Іле ауданынан тасымалданған асфальт  енді Жаркент қаласының іргесінде  өндіріледі.

Мырзағали Нұрсейіт
Жаркент  қаласы.