Өзен арнасы тазалануда

Уақыты: 13.04.2017
Оқылды: 1954
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде Балқаш көлінің экологиялық жағдайы өзекті мәселеге айналуда. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, соңғы 30 жылдың ішінде Балқаштың көлемі 20 шаршы шақырымға қысқарған. Оның басты себебі Балқашқа құятын өзендердің гидрорежімінің бұзылуынан. Осы бір түйткілді мәселенің алдын алу үшін облыс басшысы Амандық Баталовтың төрағалығымен арнайы жоба жасалынып, Балқаш көліне құятын өзендердің жағдайын қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілуде.

«ММО Қаратал» мемлекеттік мекемесі Талдықорған – Үштөбе тас жолының 130-шы шақырымындағы өзен арнасын қалыпқа келтіру жұмысын жүргізді. Жалпы жұмыс аумағы 3,04 шақырымды қамтитын Қаратал өзені бойымен Көпбірлік ауылына дейін жасалынатын тазарту жұмысына облыстық бюджеттен 101 млн. 222 мың 401 тенге қаржы бөлінген. Оған екі экскаватор, бульдозер және үш «КамАЗ» жұмылдырылған. Мекеме Үштөбеден Көпбірлік ауылына дейін қамтитын ауқымды тазарту қараша айына дейін аяқтауы тиіс. Жұмыс өте қызу жүргізілуде. Әркім өз ісімен айналысып, тыным табар емес. Бірі экскаватормен арықты тереңдетіп арнаны қайта қалпына келтірсе, екіншісі бульдозермен  дамбы жасауда. Өзеннің оң жақ жағалауын бойлай 830 метр қазып, ені 80-100 метрге жуық арық жасап, су екпінін бұзбай жаңа арна салуда. Сонымен қатар «КамАЗдармен» күл-қоқыстарды тазалап шығаруда. Мамандардың айтуынша жұмыс қарқыны жоғары, әзірге техника да жеткілікті. Бірақ, болашақта жүзбелі экскаватор аламыз дейді.
Бүгінге дейін өзендерді тазалау мәселесі бойынша жиырма жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде Қаратал ауданы бойынша 27 шақырым, Іле ауданы бойынша 614 шақырым тазаланған. 
 Қаратал өзені арнасын өзгерте-өзгерте жолға шамамен 10 метрге жуық қалған. Осылай жалғаса беретін болса жолды су басып қалу қауіпі бар. Мұндай өзекті мәселелер Текелі, Талдықорған қалаларында, Ескелді, Қаратал аудандарында жеткілікті. Сонымен қатар биыл дәл осындай проблеманың туындап жатқаны жөнінде  Ақсу, Сарқан аудандарының әкімдерінен Лепсі, Ақсу өзендеріне тазарту жұмыстарын жүргізу керек деген ұсыныстар түскен.  
Жұмыс барысында «ММО Қаратал» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақберген Мәдібеков өзеннің ластануының басты себебіне тоқталып, толықтай тарқатып берді. Ол: 
– Өзен суын халықтың үнемсіз қолдануы мен тасқындардың салдарынан,  Қаратал өзені Балқашқа толық жетпей қалып жатады. Өйткені, су көздерінің жанында тұратын халық күл-қоқыстарын өзен бойы­на тастаса, судың түбі балықшылардың торынан көрінбейді. Тас жол зауыты мен қарапайым халықтың өзеннен құмды мөлшермен алмауының кесірінен де су арнасы бұрылған. Егер құмды өзеннен емес, жағасынан алса, арна бұзылмас еді. Осының салдарынан Балқаштың тазалығы, балықтардың жағдайы мүшкіл. Өзендердің Балқашқа толыққанды жетуі үшін арналарын тазалауымыз қажет. Атқарылып жатқан жоба аймақтық емес, мемлекеттік болуы тиіс. Балқаш көлінің табиғи байлығын жоғалтпай сақтап қалу – біздің парызымыз», – деп тебірене сөйледі.
 Өзеннің басынан тасталған қоқыс жиналып көпірлердің астында тұрып қалуда. Соның салдарынан өзен суларының арнасы бұрылады. Сондықтан өзендерді тазалау жұмысы жыл сайын тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Арал теңізінің күйін Балқаш көлі кешпесін десек өзен-көлдерімізді таза ұстап, жұмыла жұмыс істейік.

Айдар ҚАЛИЕВ