Кәсіподақтың қызметі қандай?

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 2158
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бейсенбідегі брифингте облыстық кәсіподақ ұйымының қызметі мен құрылғаннан бергі оң өзгерістер айтылды. Жұмыскерлердің жанашыры әрі олардың құқығын қорғайтын жалғыз ұйым өңірлік коммуникациялар қызметінде жаңа міндеттерін таныстырды. Атап өтейік, кеше, яғни 10 маусым – Кәсіподақтар күні. Осыған орай өткізілген брифингке облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов қатысты.

ҚР «Кәсіподақтар туралы» Заңының негізінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының шешімімен өткен жылдың қаңтар айынан бастап облыс­тық кәсіподақ орталығы құрылды. 2015 жылдың ақпан айында облыстық кәсіподақтар орталығының үйлестіру кеңесі құрылып, жұмыс жоспары бекітілген. Сонымен қатар, үшжақты облыстық комиссияға облыстағы кәсіп- одақтар орталығынан өкілдер тағайындалды. Қазіргі таңда еңбекте жүрген әйелдер мәселесі бойынша және жастармен жұмыс жүргізетін «Келешек» жастар орталығы құрылып, жұмыс жандандырылуда. Онымен қоса кәсіподақ саяси партия және қоғамдық бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс жүргізуде.

Бүгінгі таңда кәсіподақ орталығы мен облыстық кәсіпорындар мен ұйымдардағы қызметкерлерді кәсіподақ­қа тарту, кәсіподақ мүшелерін қорғау және кәсіподақ жұмысын жандандыру бойынша қомақты жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытта үш облыстық салалық кәсіподақтар филиалы құрылып, толыққанды жұмыс істеуде. Өткен жылдың ақпан айынан жергілікті атқарушы органдармен кәсіподақ және өнеркәсіп басшыларының арасында өндірістік процесті біріңғай қалыпқа келтіру және еңбек құқығын сақтау бойынша меморандумға қол қойылып, жұмыстар жалғасуда. Брифингте облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық кеңесінің төрағасы Тұрсын Әбдірешов сөз алып, өңіріміздегі кәсіподақ қызметінің белсенділігін тілге тиек етті. Ол кәсіподақ мүшелері мемлекет саясатына белсенді қатысатынын жеткізді. Мәдениет, спорт, ақпарат қызметтерінде де атқарар жұмыс көп. Ол туралы аталмыш қызметкерлер кәсіподағының облыстағы төрағасы Бибігүл Құсайынова сөз қозғады.

Сондай-ақ, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Асан Омашев бірлік болса, жұмыстың жандана түсетінін айтты. Қазіргі таңда кәсіподақ орталығында қоғамдық қабылдаулар өткізу үзіліп көрмеген. Келген өтінішті қарап, ұсынысты талқылау да бірінші кезекте. Құрылғанынан бастап осы күнге дейін қоғамдық қабылдауға 32 адам келіп үлгеріпті.

Құралбек Сәбитов