КҮНІНЕ 250 МЫҢ ЖҰМЫРТҚА

Уақыты: 14.06.2016
Оқылды: 1768
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Осыдан төрт жыл бұрын Шолаққарғалы селолық округіне қарасты бір қырқаның үстінде құс фабрикасының алғашқы қазығы қағылған еді. Жаңадан пайда болған «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС аз уақыт  ішінде ірге көтеріп, ырғақты жұмысқа кірісті.  Мұнда күніне 250 мың дана жұмыртқа өндіріліп, Алматы қаласының тұтынушыларына жөнелтілуде.

Жұмыртқа өндіретін кәсіпорын атшаптырым аумақты алып жатыр. Мұнда тауық ұстайтын бірнеше ірі корпус, цехқа кіретін адамды зарарсыздандырып өткізетін санитарлық дәлізжай, ветеринарлық зертхана, азықтық жем шығаратын зауыт, өндірісті қамтамасыз етуге арналған өзге де нысандар орналасқан. Өндіріс тиімділігін арттыруға қажет инфрақұрылым тартылып, табиғи газға дейін жеткізілген. Серіктес­тік халықаралық стандарттар бойынша сертификаттаудан өтіп, нысан құрылысы ғылыми негіздемеге сай, саладағы жаңа технологиялар барынша қамтыла отырып, құс шаруашылығының барлық талабы бойынша мұқият жүргізілген. Жұмыртқалайтын  мекиендер ерекше күтімге алынған. Қосымша корпустар салынып, тауық басы көбейгелі жылына жүз миллион данаға жуық жұмыртқа шығаратын фабриканың келешектегі жоба-жоспары бұдан да ауқымды. Өйткені күнделікті келімді-кетімді адамын қоса алғанда екі миллионға жуық халқы бар Алматы қаласы мен осы өңірдің ірілі- ұсақты сауда орындарында жұмыртқаға деген сұраныс қай кезде де жоғары.

Табысты жұмыс істеп жатқан өнеркәсіп орнының бас директоры Дмитрий Чалыхтың айтуынша, өндіріс көлемінің алғашқы кездермен салыстырғанда бірнеше есе ұлғаюына байланысты ақпан айынан бастап жұмысшылардың жалақысы 45 пайызға өсіріліпті. Жалақы уақытылы және еңбекшілерге қолайлы болу үшін айына екі бөліп төленеді. Оған қоса мерекелерде сыйақы беріледі. Бүгінде өндірісте 60-қа жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылар осы төңіректегі Қасымбек, Үмбетәлі, Ұзынағаш сияқты жақын ауылдардың тұрғындары. Жергілікті халықты жұмыспен қамту және Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру ісінде кәсіпорынның үлесі осындай.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы.