ТАСТӨБЕДЕГІ ТАБЫСТЫ ЖОБА

Уақыты: 14.06.2016
Оқылды: 1573
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өзен жағалағанның өзегі талмайтыны ақиқат. Бұл ой бізге кездейсоқ келген жоқ. Қаратал ауданына қарасты Тастөбе ауылдық округіне ат басын бұрғанымызда туған тұжырым. Осыдан 15 жыл бұрын іргесін қалап, құнарлы да құйқалы топыраққа жүгері егіп бастаған «Тастөбе АгроФуд» жауапкершілігі шектеу­лі серіктес­тігі бүгінде Зеңгібаба түлігі есебінен табысын тасқындатып отыр.

Бұл ұжымның өндіріс арнасын бұлай бұруының да өзіндік себебі болыпты. Елбасының Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамының» 61-қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту мәселесі көтерілгендіктен мемлекет тарапынан бұл бағытта қолдау да мол. Құлшынып жұмыс істеген жанға өсудің кілті де сонда. Міне, мұндай мүмкіндіктің тамырын мамандығы экономист, шет мемлекетте білім-білігін арттырған Сәбит Ахметов есімді азамат дөп басыпты.

«Тастөбе АгроФуд» ЖШС-нің директоры Сәбит Ахметовтың айтуынша, жалпы аумағы жеті жарым гектарды құрайтын алып кешен  490 басқа арналып салынып, ол немістің «GEA» компаниясының озық технологиялы құрал-жабдықтарымен жарақталуда. Мұнда келешекте 1500 басқа дейін нәсілді мал ұстауға болатын көрінеді. Бүгінгі таңда бұл жерге сонау Германиядан арнайы 90 бас асыл тұқымды неміс сиыры жеткізіліп, бір бастың өзіне 900 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты.

Осы арада сәл сарап жасап көрелік. Мәселен, бір басқа жұмсалған  ақшаны  жаңағы 90 бас ірі қарамен еселеп көріңіз, нақпа-нақ 81 миллион теңге шығады. Бұған оның тасымал қаражаты мен басқа да қомақты шығындарын қоссаңыз, 100 миллион теңгенің тек мал басына жұмсалғаны белгілі болады. Ал оған кешен құрылысына кеткен өзге де шығындарды үстесеңіз, жобаға дәлме-дәл 400 миллион теңге инвестиция құйылғаны байқалады. Алдағы уақытта осы мақсатта тағы 200 миллион инвестиция тартылады деп жоспарланыпты. Нәтижесінде, күзге қарай осы елден және де 90 бас сиыр әкелуді көздеген бұл ұжым мал санын төрт жүз басқа дейін жеткізбек.

Бізге жолбасшы болып, аталмыш ЖШС туралы мол мағлұмат берген «Қаратал ауданының ауылшаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Қанат Байғабылов бұл бағытта ауданның да көп көмек көрсетіп отырғанын тілге тиек етті.

– Бүгінде аудан тарапынан «Тастөбе АгроФуд» ЖШС-ін қолдау мақсатында Тастөбе ауылдық округі аумағынан   2000 гектарға жуық жер бөлінді. Оның 800 гектары суармалы жер. Бұдан бөлек, айналасы атшаптырым жерге жайғасқан ірі өндірістік кешен аумағында суы 130 метр тереңдіктен шығатын екі құдық қазылды. Оған кеткен шығынның 80 %-ы мемлекеттік қолдау есебінен қайтарылмақ. Міне, біз мұндай ірі өндіріс орындарын ашу арқылы өз ауданымыздың әлеуетін арттыратын боламыз, – дейді Қанат Байғабылов.

Осылайша қазіргі уақытта қора-жайдың құрылыс жұмыс­тарымен қоса есептегенде 100-ден аса жұмысшыны жұмыспен қамтып отырған өндірістік нысан толық іске қосылғанда, 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Ең қуанарлығы сол – ол уақытта бұл арада арнайы аппараттардың көмегімен күніне 10 тоннаға дейін сүт сауылып, үлкен нарыққа жол тартпақ. Ол үшін бүгінде отандық орнықты компания­лар «Данон», «Фудмастер» және өзіміздің талдықорғандық «JLC Сүт» ЖШС сүт зауытымен келісімшарт жасалынуда.

Ал ет бағытына келсек, бұл сиырлар негізінен сүт өндірісіне бейімделгеніне қарамастан қазірдің өзінде бір жарым жасар аналығының салмағы 550 – 600 келіні басса, аталықтарының ауырлығы бір тоннадан 200 келіге дейін асуда. Оның үстіне, немістің асыл тұқымды бұл малдары үнемі қолда бағылатындықтан көп мөлшердегі сүтпен қоса өз салмағына күніне 1300 грамға дейін ет қосады. Демек, мал басы төл есебінен еселене түскенде мұнда ет өндірісінің өркендейтіні, Тастөбе тауарының ауданға ғана емес, респуб­ликаға белгілі болары анық.

 

Қозыбай ҚҰРМАН

Қаратал ауданы.