АУЫЛДА ТҰРЫП, ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН ДЕГЕН МАМАНДАРҒА ЖЕҢІЛДІК БАР

Уақыты: 18.02.2021
Оқылды: 1085
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласының әкімдігі ауылдық жерлерде тұру және сонда жұмыс істеу мақсатында әлеуметтік сала мамандарын ынталандыру туралы хабарлама жариялады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №72 бұйрығына сәйкес ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне мынадай әлеуметтік қолдау шараларын көрсету көзделген:

- жүз еселік айлық есептік көрсеткішке тең (2021 жылға АЕК – 2917 теңге) көлемде көтерме жәрдемақы;

- 2011 жылдың шілде айынан бастап бір мың бес жүз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (2021 жылға АЕК – 2917 теңге) көлемде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит.

Әлеуметтік қолдау шаралары аталған санаттағы мамандарға ауылдық жерлерде орналасқан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне аулыдық округ мекемелерінде көтерме жәрдемақы аларда және тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит аларда үш жылдан кем емес  мерзімге жұмыс жасау шартымен тегін түрде көрсетіледі.

Мамандарға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие сыйақысы несие сомасынан жылдық 0,01 пайыз мөлшерлемесімен он бес жыл мерзімге беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтарын несиелендіру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  арқылы жүзеге асырылады. 

Әлеуметтік қолдау алуға құқығы бар мамандарға - қалалық және өзге де  елді мекендерде тұрып жатқан және ауылдық елді мекендерде жұмыс істеуге және тұруға тілек білдірген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне мамандықтары бойынша жоғары және жоғарыдан кейінгі, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері жатады.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы алдағы кезеңге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілер бойынша сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін (бұдан әрі – тізбе) қалыптастырады, оны бір жұмыс күні ішінде аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырады және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) мәлімет үшін ұсынады.

Тізбеде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетін қызметті алушылардың және/немесе олардың мамандықтарының атауы мен саны көрсетіледі.

Әлеуметтік қолдау шараларын көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №72 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен анықталады.

Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі (құжаттарды Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынған кезде) көрсетілетін қызметті берушіге Мемлекеттік корпорация арқылы немесе электрондық форматта "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:

1) көтерме жәрдемақы алған кезде: осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш; жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін); бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi; жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi.

2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде: осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш; жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін); бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi; жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi; сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін); кредиттік бюродан есеп.

3) тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы шешім қабылдаған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыны келесі құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабардар етеді: сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі; сатып алынатын тұрғын үйдің құны берілетін бюджеттік кредит мөлшерінен асқан кезде қоса қаржыландыруға жазбаша келісім; кепіл мүлкін бағалау актісі; кепіл мүлкін сақтандыру шарты; тұрғын үй салу кезіндегі шығыстар берілетін бюджеттік кредит мөлшерінен асып кеткен кезде қоса қаржыландыруға жазбаша келісім.

Әлеуметтік қолдау шаралары бойынша түсіндірмелер мен кеңестерді «Талдықорған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ-не Талдықорған қаласы, Абай көшесі 256, 118 кеңсе мекенжайы немесе 40-07-92, 24-72-90 телефондары арқылы ала аласыздар.

«Талдықорған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ

Сурет - ғаламтордан