АЛДАҒЫ БЕС ЖЫЛДА БІР МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Уақыты: 28.02.2021
Оқылды: 735
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер және су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды.

Тұрғын үй мәселесіне қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Qazaq stroy» ЖШС атқарушы директоры Нұрлан Артықбаев баяндама жасады.

Үкімет отырысы барысында нарықтық жағдайда баспана көлемін арттыруды қаржыландыру бойынша бірнеше тәсіл әзірленген. Осы орайда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдікпен берілетін тұрғын үйлерді сата отырып, мұқтаж азаматтардың кезегін орталықтан қалыптастырып, жүргізетін «Отбасы банк» құрылған. Сондай-ақ, биыл барлығы 17 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2 млн. шаршы метрге артық.

Импортталатын құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту аясында жақын арада газ-бетон блоктарын, қасбеттік фиброцементті плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер, темір-бетон конструкцияларын, керамикалық плиталар өндіру бойынша жалпы құны 63 млрд. теңгеден асатын жеке инвесторлардың жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Премьер-Министр осы жылдың 25 наурызына дейін тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру және биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу үшін заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды.

– Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру Елбасы Н.Назарбаевтың 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн. шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша біз 1 миллионға жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз, – деген А.Ұзақбайұлы аймақтардағы құрылыс маусымын уақытылы бастауға тоқталды. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға жер учаскелерін дер кезінде бөліп, оларға қажетті инфрақұрылым жүйесін жүргізуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілген. Оны іске асыруға 160 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында жанар-жағармай, инертті материалдар мен қап қорлары қалыптастырылды. Шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылды. Шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау заттары айқындалды. Елді мекендерден 13 млн. текше метрден астам қар шығарылды.

Наурыз айының басында «Көктем – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда. Шара барысында Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындығы тексеріледі. Сондай-ақ, ТЖМ авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобын құрды. Яғни, 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопомпа дайын. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалып, Қазавиақұтқару әуе кемелері тұрақты дайындықта.

Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы бір ай ішінде барлық гидротехникалық құрал-жабдықтарды тексеріп, қалпына келтіруді тапсырды. Одан бөлек, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне заңнамаға сәйкес қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін аяқтау жүктелді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне автомобиль жолдарында су басуға жол бермеу, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақытылы дайындау тапсырылды.

– Аймақ әкімдері қар шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша жер үйінділері мен бөгеттерді тұрғызу жұмыстарының, оның ішінде ауылдық елді мекендер мен тұрғын үй алаптарында уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет, – деп А.Ұзақбайұлы Үкімет отырысын қорытындылады. 

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ