Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КОТТЕДЖДІ ҚАЛАШЫҚ ТҰРҒЫНДАРЫ ГАЗҒА БЕЛШЕДЕН ҚАРЫЗ: КІМ КІНӘЛІ?

Уақыты: 27.02.2021
Оқылды: 823
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы коттеджді қалашық тұрғындары газға белшеден қарыз. Яғни, 16 миллион теңге көлемінде берешек. Енді оның ақысын төлеуге қатысты мәселе өз шешімін табатын болды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов коттеджді қалашық тұрғындарымен кездесуінде «ҚазТрансГаз Аймақ» Жетісу өңірлік филиалының және қалашықтың пәтер иелері кооперативінің өкілдеріне әрбір тұрғынмен кездесіп, газ ақысын кезең-кезеңге бөліп, жарты жыл көлемінде толық жинап бітіруді тапсырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары араласқаннан кейін мәселе оң шешімін тапты. Алайда газға деген берешек неге осынша өсіп кетті? Бұған кім кінәлі? Тұрғындар ма әлде газ желісіне жауапты компания өкілдері ме? Бұған мәселенің мән-жайына тереңірек үңілгенде барып көз жеткіздік. Сонымен...

Жалпы, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жетісу аумақтық филиалының есебінше, тұрғындар төленуге тиісті газдың ақысы 16 млн.теңгеден асып кеткен. Бірақ қарызға батқан 212 отбасын тізім бойынша тексергенде кейбірінің берешегі 100 мың. теңгеден асып кетсе, жаңадан үй алғандардың арасында 400-500 теңге төлейтіндер де кездеседі.

Бұл жерде қалашық тұрғындарын кінәлауға келмейді. Олар газдың ақысын әр ай сайын төлеуіне болатын еді.  «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, коттеджді қалашықтағы газ ақысын төлеуге қатысты түсінбеушіліктің туындауына құбыр – «Табиди» ЖШС-не, газ – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға тиесілі болғаны себеп болып отыр.

Нақтылап айтар болсақ, коттеджді қалашық бой көтеріп, құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілген тұста қалашықтағы газ құбырын тарту міндетін «Табиди» ЖШС өз жауапкершілігіне алады. Қалашықтың алғашқы тұрғындары қоныстанған тұста «Табиди» ЖШС біраз уақыт өз тарапынан тұрғындарға газ жеткізіп, қиындықтарын шешіп береді.

Кейін коттеджді қалашықтағы үйлер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу филиалы тарапынан табиғи газға ауысады. Сонымен, құбыр бір мекемеге, ал газ екіншісіне тән болғандықтан газ ақысын жинауға қатысты екі мекеме арасында келіспеушілік туындайды. Соның салдарынан тұрғындар газдың ақысын қай мекемеге төлерін білмей сабылып жүргенде білінбей екі жыл өте шығады. Өкінішке қарай, екі жыл бойы коттеджді қалашықта тұрған тұрғындардың газ ақысы жиналып, қалтасына жүк түсіретін деңгейге жеткен. Бұл, бейнелеп айтқанда, "екі түйе сүйкенсе, ортада шыбын өледінің" кері болып тұр.

Облыстық әкімдіктің араласуымен «Табиди» ЖШС мен «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ ортасындағы келісім бойынша тұрғындар осыған дейін қолданған газ ақысын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өңірлік филиалына төлейтіні белгілі болды. Ал коттеджді қалашықты одан ары қарай қай мекеме газбен қамтамасыз ететіндігі алдағы уақытта шешіледі.

Қажет АНДАС

Алматы облысы