ДЕМЕУШІЛЕР ҮЙІ ӨРТЕНГЕН КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 04.03.2021
Оқылды: 1620
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талғар ауданында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасына баспана берілді. Еске салайық, ақпан айының 25-і күні Талдыбұлақ ауылындағы көпбалалы отбасының шаңырағы түн ортасында отқа оранып, бір-ақ күнде баспанасыз қалған болатын. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

– Көзім ілініп кеткен екен, шатырдан сатырлаған дауыс естілді. Далаға атып шығып қарасам, үйдің төбесі жалынға ораныпты. Балаларымды шетінен оятып, жеңіл-желпі киімдерімен сыртқа шығардым. Күйеуім үйде жоқ еді. Әп-сәтте баспанасыз қалдым, – деген Әйгерім Талқанбаева күтпеген қиындықтың соңы осындай қуанышқа ұласарын ойламапты.

Содан бергі апта ішінде туыстарын паналаған көпбалалы отбасының жағдайын естіп-білген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тікелей тапсырма берген. Соның нәтижесінде демеушілер көмегімен баспанасыз қалған отбасына Талғар қаласынан тұрғын үй сатып алынып, берілді.

Бауырындағы алты баласымен барар жері қалмаған Әйгерім Талқанбаева қолғабыс берген облыс әкіміне, демеушілер мен аудан, ауыл басшыларына ризашылығын білдірді. Жаңа жұртқа келген Біржан, Нұржан, Ержан, Ерсұлтан, Әлихан мен Еркежанның жүздерін енді уайым торламайтын болады. Жаңа қоныс балалардың бал күлкісіне бөленді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы