АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ОНЛАЙН ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАДЫ

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 1161
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды мазалаған мәселелерді шешудің жолын қарастырды. Онлайн байланыспен қосылған Жамбыл, Қаратал, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Сарқан аудандарының тұрғындары негізінен дәрігерлік амбулатория ғимаратының ескіруі, жаңа мектеп салу, туризмді дамыту, жұмысқа қабылдау секілді аса өзекті мәселелерді көтерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен сөз алған Жамбыл ауданы, Бірлік ауылының тұрғыны Елдар Жақыпбеков 600-ге жуық тұрғыны бар ауылда 2008 жылы ауылдық дәрігерлік амбулатория салынғанын, сапасыз құрылыс жұмыстарының салдарынан нысанның қираудың алдында тұрғанын атап өтіп, дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізуге көмектесуді сұрады. Осыған орай емхана ғимаратының жарамдылығын анықтау жұмыстары жүріп жатқанын ескерткен Батыржан Құлаймергенұлы сараптамалық қорытындыға сәйкес мәслихаттың таяудағы сессиясына өтінім берілетінін жеткізді.

Одан соң Қаратал ауданы, Ортатөбе ауылына орта мектеп керектігін алға тартқан ауыл тұрғыны Нұргүл Жапарова ауылдастар атынан өтініш айтты. 180 орынды орта мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізген облыс әкімінің орынбасары құрылыс салу үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2022 жылға 700,0 миллион теңге қаражат бөлу жоспарланғанын, алдағы уақытта ауыл балалары жаңа мектепке баратынын сүйінші ретінде мәлімдеді.

Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғыны Талап Талдыбаевтың Елтай ауылына дәрігерлік амбулатория керектігін алға тартқан ұсынысына оңды жауап берген Батыржан Құлаймергенұлы одан соң Сарқан ауданының тұрғыны Марат Қалымжановты тыңдады. М.Тынышбаев атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ауыл балаларының тау өзенінен жүзуіне қажетті туристік құрылғылар алуға қаржы бөлу жөнінде өтініш жасады.

Қажетті қаржыны қарастыруды облыстық білім басқармасының басшылығына тапсырған облыс әкімінің орынбасары Еңбекшіқазақ ауданы, Алға ауылының тұрғыны Тоты Ынтықбаеваны тыңдап, ұстаздар арасында өзара сыйластық, құрмет белең алғанда ғана ұрпақ тәрбиесі дұрысталатынын алға тартты. Себебі, Алға ауылындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы А.Туаршиеваның 40 жылдық өтілі бар ұстаз Т.Ынтықбаеваны жұмыстан шығарып жіберуі, әсіресе, зейнет жасына аз қалған уақытта жұмыссыз қалдыруы ешбір қисынға сыймайтын жайт. Осыған орай екі тарап қазір соттасып жатыр. Мәселені толық білетінін жеткізген Батыржан Байжұманов Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне екі тарапты келістіріп, мәселені оңтайлы шешіп беруді тапсырды.

Жалпы, биыл облыстық партия филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне тіркелген 2576 өтініштің 1214-і шешімін тапқан. Қалған 1362 өтініш бойынша түсіндірме жұмыс жүргізілген. Сондай-ақ, жыл басынан бері 635 қабылдау өткізіліп, 890 адам өз мәселесін ортаға салған.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы