ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВҚА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ ӨТТІ

Уақыты: 16.06.2021
Оқылды: 1479
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық «Жетісу дарыны» дарынды балалар және талантты жастар оқу-әдістемелік орталығында «Адалдық пен ізгілік» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Байқауды  халықаралық Қонаев қоры мен «Дарын» әдістемелік орталығы бірлесіп өткізді.

Байқауды өткізудің мақсаты – қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін насихаттау.  Жас ұрпақтың бойына елжандылықты сіңіру. Халыққа қызмет етудің үлгісін көрсету.  Қоғам қайраткері, ел басқарушы Дінмұхамед Ахметұлының бойындағы қасиетін жастар санасына сіңіру.  Елді көптеген жыл басқарған азамат өте зерделі жан болған. Ол жанына материалдық емес, рухани байлық жинаған жан. Үйінің бөлмелерін дүниемен емес, кітаппен қалаған. Байқауға қатысқан ұстаздар мен оқушылар өз жазбаларында жан-жақты ізденіпті. Кіл жүйріктер қатысатын шығарма сайысында 18 мұғалім мен 63 оқушы бақ сынаған.  Мұнда балалар эссе жазса, ұстаздар ғылыми жұмыстарына қатыстырған. Мәнді-мағыналы дүниелер әділқазылдар алқасының көңілінен шықты.  Салтанатты жиында Қонаев қорының өкілі Бақтығали Айжігітов сөз алып, байқауға қатысушыларды зерттеу жұмысын жүргізуге қадам басуларымен құттықтады.

– Мақсат – жүлде алу емес. Ізденуге талпыныс білдірудің өзі жетістік. Ғылым мен білімге салған жолдарыңыз жалғасын тапсын. Ал жеңімпаздар жеңістеріңіз құтты болсын! Дінмұхамед аталарыңның рухы шат болсын, – деді ол. Салтанатты басқосуда «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығының директоры Әлішер Башаров және конкурс жеңімпазы Әлиман Оразалы сөз сөйлеп, қатысушыларға ақ жол тіледі. Байқаудың жеңімпаздарына үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, ҚазақКСР ҰҒА академигі Дінмұхамед Қонаевтың қолы қойылған сағат сыйға тартылды. Байқауда Айсұлу Серікбол, Тоғжан Рамазан  қоғам қайраткерінің бейнесін ашуда дарындылықтарымен ерекшеленді.

Мұғалімдер арасындағы сайыста  Гран-приді Балқаш ауданына қарасты  М. Сеңгірбаев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Малтабарова иеленді. Шара барысында Бақтығали Айжігітовпен сөйлесудің сәті түсті. Ол: «Бүгінгі жастардың көбі қазаққа жан-тәнімен қызмет еткен адамдардың аты-жөнін білмейді. Олардың халыққа қамқор болғанынан хабарсыз. Тарихтың бұрмалануынан ұрпақ өз тұлғаларын танып-білмей қалды. Қазақққа еңбек сіңірген азаматтардың өмір жолы жастарға үлгі болуы тиіс. Мысалы, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов Кемел Тоқаевтың Алаш үшін сіңірген еңбегін, елдің рухын көтерудегі ұстанымын біреу білсе, біреу білмейді. Келесі жылы Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы ел көлемінде аталып өтеді. Қоғам қайраткерінің адалдығы, қарапайымдылығы өсіп келе жатқан жастарға бағдаршам болуы тиіс. Әсіресе, мемлекеттік қызметте істейтіндер елге қызмет етуді осындай тұлғалардан үйрену керек», – деген ойын айтты.

Байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздардың аты-жөні белгілі болды. Алдағы уақытта тұлғатану барысындағы шаралар ары қарай да жалғасын таба береді. Жастардың қатары арта түсетініне сенім мол.

Гүлжан Мұқашқызы