20 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ТҮЛЕКТЕР ЖИНАЛЫП, ТАСАШЫНЫ ТҮРЛЕНДІРІП ЖІБЕРДІ

Уақыты: 08.07.2021
Оқылды: 2689
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл Кеген ауданындағы Тасашы ауылының құрылғанына жарты ғасыр. Осыған орай Тасашы орта мектебін 2001 жылы бітірген түлектер ауылдарына ел-жұрт айта жүретіндей айшықты қолтаңба қалдырды. Атап айтқанда, «Жан жүрегім Тасашы» атты көрнекі жазу орнатты. Сөйтіп, ауылдың 50 жылдық торқалы тойына елеулі сый-сияпаттарын жасады.

– Ауылымыздан айналайық! Осында өсіп-өндік. Балалық, жастық шағымыз өтті. Осындағы мектептен үлкен өмірге қанаттандық. Ең бастысы, ұстаздарымыз бен ата-аналарымыздың үміті мен сенімін ақтадық. Бір-бір мамандық иесі болып, әр салада еңбек етіп жүрміз. Бәріміз бір-бір отау иесі атандық. Шаңырағымызды базарына толтырып балапандарымыз өсіп келеді. Туған ауылымыздың мерейі үстем, мәртебесі биік бола берсін! – дейді Кеген аудандық ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық стансысы КММ басшысы Қабыл Төкенов.

Тасашы ауылына кіреберісте заманға лайық, түн ішінде жарқырап жанып тұратын айшықты да ажарлы көрнекі жазуды орнатуға Тасашы орта мектебін 2001 жылы бітірген Ерсін Құсайынов, Жақсылық Бекбаев, Қабыл Төкенов, Ринат Серікжанұлы, Асқар Азатов, Перизат Жекенқызы, Олжас Мырзағалиев, Жігер Чанаев, Ерік Ахметов, Темірлан Байбөриев, Қарлығаш Текесбаева, Гүлдана Тапиева секілді жиырмаға тарта түлек үлес қосты.

20 жылдық кездесуге келген түлектер мектепке барып, ұстаздарымен жүздесті. Өздері отырған сынып бөлмелерін аралап, парталарына отырып көрді. Сол күні дүниеден өткен қымбатты ұстаздары мен құрдастарына, олардың ата-аналарына арнап үлкен ас берді. Сөйтіп, 20 жылдық жүздесулерін ізгілікті де игілікті іс-шарамен өткерді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы