КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТЕГІН ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 07.09.2021
Оқылды: 1334
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Балқаш ауданында жанашырлық танытуға әзір тұратындар қатары көбеюде. Осы орайда ауданда жасалып жатқан бірқатар қайырымды істер легін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ауданға газ келетін күн жақындаған сәтте тұрғын үйге газ тартумен айналысатын «СтройПроектЛидер» ЖШС жақсылық жасап, сауапқа кенелуде. Толығырақ айтсақ, аталмыш серіктестік басшысы Еділ Орманов пен серіктестіктің аудан бойынша аға менеджері Әуесхан Әбдібаевтың демеушілігімен Ақдала ауылының тұрғыны, бес балалы, жалғызбасты әке Ернат Саймасаевтың үйіне газ құбыры тартылды. Осылайша, үйіне газ құбырының тегін тартылғанына қуанған, серіктестікпен келісімшартқа қол қойған көпбалалы әке табиғи газға еш кедергісіз қосылатын Ақдала ауылындағы алғашқы отбасылардың бірі болмақ.

Ендігі кезекте қайырымды жандар көмекке мұқтаж тағы екі отбасыға демеушілік көрсетеміз деп отыр. Сонымен қатар, Бақанас ауылындағы мүмкіндігі шектеулі он адамның баспанасына газ есептеуіш құрылғысын тегін орнатты. Аудандағы бірнеше отбасыға демеушілік жасаған Еділ Талғатұлы мен жерлесіміз Әуесхан Әбдібаевқа айтар алғыс көп. Бұл жақсылық басқа да игі істерге бастама болады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, серіктестік тұрғындарға үйлер мен коммерциялық нысандарды газдандыру бойынша қызметтер ұсынады.

Газбен қамтамасыз ету саласы бойынша ақысыз кәсіби кеңес алуға мүмкіндік бар. Осыған байланысты әртүрлі сұраққа жауап алуға болады. Тұрғын үйлерге «СтройПроектЛидер» ЖШС арқылы газ құбырын тартуға ниет білдірсеңіздер, 87714548415 ұялы байланыс телефоны арқылы хабарласуға болатынын назарға ұсынамыз.

Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Балқаш ауданы

Алматы облысы