КӘСІПОДАҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 24.08.2017
Оқылды: 1771
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде көпбалалы әрі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созу мақсатында «Мектепке жол» акциясы өткізілуде. Осының аясында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған аумақтық ұйымы қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Шараға кәсіподақтың мүшелері, ата-аналар және «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Негізгі акцияның мақсаты аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсету, олардың проблемаларына жұртшылық назарын аудару, бизнес өкілдерін балаларға қамқорлық және қолдау көрсетуге шақыру.
Осы игілікті мақсатты ұстанған Талдықорған аумақтық және Текелі қалалық, Ескелді, Көксу аудандық кәсіподақ ұйымдары бірлесіп 20-дан астам баланы мектепке даярлады. Оларды дүкенге бірге ертіп апарып, өздеріне ұнаған мектеп формалары мен оқу құралдарын сатып алып берді.
Шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров өз сөзінде:
– Біздің еліміз қанша бай,  бақуатты болса да, шаңырағы үлкен, өз-өздерін қамтамасыз етуге жағдайы келмейтін отбасылар да өте көп. Тіпті, кейбірі көрсетілген көмектен бас тартып, қоғамға ұятты болардай қашады. Мәселен, мен өзі он ағайындымын. Біз де тапшылық көрдік. Қысылатын түгі жоқ, ағайынның көмегімен осы күнге жетіп отырмыз, – деп балаларға алған базарлығын тапсырды.
«Қуантсаң, баланы қуант», – деген дана халқымыз. Бүгінгі оқушылар егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, шараның берер пайдасы мол. Оның үстіне білімді, тәрбиелі ұрпақтың шығуына аз да болса септігін тигізері анық. 
Осы жиында Ескелді ауданы, Көктөбе ауылының тұрғыны, алты құрсақ көтерген ақжаулықты ана Гүлдана Еңсебаева кәсіподақ басшыларына алғысын айтып, ақ батасын берді.
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей, өмірге келген әр баланың өзі несібесі болатыны хақ. Сыйлыққа ие болған балалардың жүзі балбұл жанды. Қуаныштарында шек жоқ. Тіпті, кейбірі бұдан бұлай сабақты үздік оқуға уәдесін беріп жатыр. Келген ата-аналар да дән риза. Қамқорлықты қажет ететін қоғамымызда қол ұшын созатын жомарт жандардың көп болғаны көңіл қуантады.

Мұхтар  КҮМІСБЕК.