"БАҒАСЫ УДАЙ ҚЫМБАТ": АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН АШЫНДЫРҒАН МӘСЕЛЕ

Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1282
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ауыл тұрғындары үшін көгілдір газға қосылып, оның рахатын көру оңайға соғып отырған жоқ. Оған жекеменшік компаниялардың жекелеген үйлерге газ кіргізудегі бағасының аспандай түсуі себеп. Соған қарамастан қалтасындағы қаржысын қағып, қайткен күнде көгілдір отынды қосып алуға тырысқан Кіші Байсерке ауылының тұрғындары бұл мәселеде қақ жарылуда. Бірі инвестордың бағасымен келіспей, газдың мемлекеттік бағдарламамен келуін талап етсе, енді бірі үш жылдан бері мердігер компаниямен келісімшарт жасасып, ақшасын төлеп қойғандарын айтып, зар илеуде. Осы мәселеге орай Кіші Байсерке ауылына арнайы келген Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан ТӘНЕКЕНОВ қос тараптың пікірін тыңдады. Ауыл тұрғындарының жиынына Талғар ауданы әкімінің орынбасары Барлық Төреханов қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыстан жауапты басшы келетінінен хабардар болып, үміт еткен Кіші Байсерке ауылының тұрғындары да түс ауа көшеге жиналды. Арасындағы белсенділері бірден ашуға басып, іштегі қыжылдарын тарқатты.

– Бізге жеке компанияның атымен керегі жоқ, көшеге тартылған құбырларын алып тастаймыз. Бағасы удай қымбат. Оған екінің бірінің шамасы келмейді. Ауылдық жерге газ мемлекеттік бағдарламамен келсін, – дегенді кесіп айтты ауыл тұрғыны Әбіләшім Көншібаев.

Кішібайсеркеліктердің ашуын туғызған да осы – көпшіліктің  қалтасы көтермейтін қаржы мәселесі. Себебі, көгілдір газға қосу үшін мердігер «CONSTRUCTION COMPANI» ЖШС инвесторы Кіші Байсерке кентішілік газ тарту желілерінің  құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастап кеткен. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 60-бабының 1-тармағын бұза отырып, инвестор құрылысқа жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеместен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асырған. Сонымен қатар, инвестор құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтамай және нысанды пайдалануға берместен газға қосылуға келісімшарт жасап, халықтан ақша жинауға кіріскен. Әр абоненттің газға қосылу құнын 370 мың теңгеден бағалаған.

Ауыл ішіне жалпы ұзындығы 8 шақырымдық газ құбырын тартқан компанияның бұл бағасы ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудырған. Бұған қоса «ҚазТрансГаз Аймақтың» ғана рұқсаты болғанымен жобалық-сметалық құжаты толық болмай шыққан, тіпті, мемлекеттік сараптамадан да өтпеген. Осындай шикіліктеріне қарамастан тұрғындардан қаржы жинай бастаған аталмыш компанияның жүрдім-бардым ісіне тұрғындар түбегейлі қарсылық білдіруде.

– Біз аталған компаниямен 2018 жылдан бастап шарт жасадық. Содан бері күтіп келеміз. Енді осылардан газ алғымыз келеді. Егер олар қуылса, біздің қаржымыз желге ұшпай ма? – деп алаңдайды ауыл тұрғыны Айнұр Еркебаева.

Бұл жалғыз Айнұр Еркебаеваның ғана емес, келісім жасап, қаржысын құйып қойған 60-тан аса тұрғынның ортақ уайымы. Кішібайсеркеліктердің тағатын тауысқан көгілдір отынның кешеуілдеуіне мердігер компания мен жергілікті әкімдіктің де өзара дау-дамайлары кері әсерін тигізіп отырғандай. Әкімдіктегілер құжаттарының шикілігін алға тартса, «CONSTRUCTION COMPANI» компаниясының өкілі Асқар Әуелбаев «әдейі кедергі келтіруде» деген пікірін жасырмады.

– Газ тартуға келген компанияның құжаттары толық болмағандықтан кері қайтарылған. Бірақ, біз тиісті құжаттарды түгендеп, өткізуін сұрағанбыз. Әлі өткізбей келеді. Бәрін түгендеп әкелсе, әрине, шешіп береміз, – дейді жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Барлық Төреханов.

Негізінен Кіші Байсерке ауылының үш көшеден өзгесіне газ тартылмаған. Сондықтан көпшілік дауысына құлақ асып, өзара жігі-жапар болмай, біржақты дауысқа салу қажеттігі әр тұста айтылып жатты.

– Заңның 73-бабының 7-тармағында «Объектіні пайдалануға қабылдаудың  бекітілген актісі болмаса, салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді» делінген. Алайда, бүгінгі таңда келісімшарттарға сәйкес газға қосылу жүзеге асырылған жоқ.  Ағымдағы жылы Гүлдала ауылдық округі әкімдігі ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кеңес өткізді, онда тұрғындар газға қосылу бағасының жоғары болуына байланысты 370 мың теңге  мөлшерінде газдандыру бойынша инвестор қызметінен бас тартқан болатын. Осыған байланысты былтырғы 12 желтоқсанда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ауыл тұрғындарымен кезекті жиын өткізіп, нәтижесінде инвесторға газ қосу жұмысын тоқтату және ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес техникалық құжаттаманы тиісті тәртіпке келтіру (ЖСҚ әзірлеу, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу және облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат алу) ұсынылды. 2020 жылдың 25 желтоқсанында Талғар ауданы әкімдігінен ауыл тұрғындары инвестор қызметінен бас тартқандықтан Кіші Байсерке ауылын газбен жабдықтау ЖСҚ-ны бюджет есебінен әзірлеу қажеттігі туралы хат келіп түсті. 2021 жылғы жергілікті бюджетті нақтылау кезінде «Алматы облысы, Талғар ауданы, Кіші Байсерке ауылындағы газ тарту желілері мен жеткізуші газ құбырының құрылысына» ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды, жобалаушы ұйым «Улмад» ЖШС-мен келісімшарт жасалды, – дейді Бағлан Сағындықұлы.

Газ тарту мәселесінде тығырыққа тіреліп, жүйкесі тозған халықтың уәжін тыңдаған Бағлан Сағындықұлы аталған ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстарының 6 ай ішінде аяқталатынын айтты. Алдағы жылы тиісті қаржы қарастырылса, кішібайсеркеліктердің арзан бағада газға қосылу мүмкіндігі туатындығы жайлы тұжырымымен көпшіліктің басқосуын түйіндеді.

Ал ақшасын өткізген үш көше тұрғындары үшін бұрынғы инвесторға үш күндік соңғы мүмкіндік берілетінін тілге тиек етті. Осылайша екіге жарылған тараптың талап-тілектерінің орындалуы алдағы күннің еншісінде.

Қазіргі кезде Талғар ауданындағы 47 елді мекеннің 29-ы газға қосылған. Ал 18-іне газдандыру жұмысы әлі жүргізілмеген. Жалпы, ауданда газдандыру деңгейі 61,7 пайызды құрайды. Аудандағы газ желілерін жүргізу жұмысымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «ЖетісуГазҚұбыры» ЖШС айналысуда. Осы уақытқа дейін 925,2 шақырымдық желі тартылған. Газға қосылу құны 120 мыңнан бастап 380 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Табиғи газдың 1 текше метрі 29,62 теңге. Биыл 4 елді мекен, атап айтсақ, Қызыл Ту, Арқабай, Төңкеріс және Кіші Байсеркенің ЖСҚ-на қаржы бөлінген.

Ұлбосын ИСАБЕК

Кіші Байсерке ауылы,

Талғар ауданы

Сурет ғалатордан алынды