Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТҮРЛЕНГЕН, ТҮЛЕГЕН ТАЛДЫҚОРҒАН: ЖИЫРМА ЖЫЛДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Уақыты: 14.09.2021
Оқылды: 619
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елбасы бір сөзінде: «Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз» деген еді. Расында, тәуелсіз ел болғалы 30 жыл аясында көп жетістікке жеттік. Алдымен мемлекет құрудың қиын жолдарын басып өтсек, сосын еліміздің етек-жеңін бекемдеуді жүзеге асырдық, сол арқылы шегарамызды шегендеп, нарықтық қатынасқа өтудің қиын да бұралаң сүрлеуінен сүрінбей өттік. Тіпті халықтың экономикалық жағдайын көтеру мен әлеуметтік әл-ауқатын нығайтып, әлемдік саясаттағы Қазақстанның рөлін сәулелендіре алдық.

Иә, мұндай жетістікті тізбелеп айтсақ, көптеген көңілді мысалдарды тауып жазуға негіз бар. Оның бәрі елдің көз алдында болды, болып жатыр, алдағы уақытта да бола береді. Сол қатарда Талдықорған қаласы сан реткі өзгерісті бастан кешіріп, қайтадан облыс орталығы болып нық бекігеннен кейінгі 20 жылда көп дүние істелді. Сол жетістігіміз тағы да жалғасын тауып, қанатын кең жая түсті.

Абай атамыз қарасөздерінің бірінде адам баласы алдағы күндеріне нақты қадам жасау үшін жыл сайын, тіпті ай, болмаса апта, ең жақсысы, күн сайын өз-өзіне есеп беріп, тындырған ісі мен қол жетпеген жоспарларын саралап отыруды айтады. Бұл Абай дананың жеке адам, тіпті, белгілі бір қоғамдық үдеріс, дәуір тұрғысынан айтқанда да үйлесімді тапсырмасы деп білген жөн. Осы тұрғыдан келгенде Талдықорған қаласында кейінгі жиырма жылдағы атқарылған шаруаларды саралап, алдағы жоспарларға бағыт-бағдар белгілеп отыру керек. Бүгінде бұл үрдіс Алматы облысының, әсіресе Талдықорған қаласының тізгінін ұстаған азаматтар тұрғысынан  жақсы қолға алынған. Сондықтан да өңірімізде жетілу көп, желкенді істер жеткілікті. 

Кез келген мемлекеттің өркендеуі мен дамуының басты шарты, әрине, оның экономикалық әлеуетінің артуымен тікелей байланысты. Ең бастысы, кейінгі жылдары Талдықорған қаласында тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, ауылдарға тартылған су жүйелері, электр жүйелері, республикалық маңызы бар және жергілікті жолдары, тағы басқа нысандар жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Қатар-қатар бой түзеген көпқабатты тұрғын үйлер елдігіміздің ертеңгі жарқын болашағын көз алдымызға келтіріп, жүрегімізге сенім ұялатады.

Соның ішінде облыс орталығындағы «Қаратал» шағын ауданы сондай қарқынды жұмыстың нәтижесінде бой көтерді. Сол аудандағы Қаратал өзенін байлай салынған көпқабатты ғимараттар, Достық үйі мен Тіл сарайы, «Жетісу» теннис орталығы, Назарбаев зияткерлік мектебі, сонымен бірге «Жастар» спорт сарайы, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Жастар саябағының көркемдігі еліміздегі қай ғимараттан кем дей аласыз. Ал Жастар спорт сарайы мен тұрғындар «6, 7, 8, 9-шы шағын аудан» деп атап алған қаланың шығаберісінде салынып жатқан әрбір ғимараттың көрген адамды ризашылыққа бөлейтіні өз алдына бөлек әңгіме. Мұндай жаңалықтар қалаға қарасты елді мекендерде де орын алып, жұрт ризашылығына бөленуде. Сол қатарда коттеджді қалашық пен Жастар-1, Жастар-2 шағын аудандарын ерекше атай кетуге болады. Алдағы уақытта да қаламызда ауқымды жобалар атқарылмақ. Бәрінің дәулетіне сәулетінің сай боларына сенімдіміз. Әрине, осы жетістіктері үшін облыс және қала тізгінін ұстаған азаматтарға алғыс көп.

Жетісу жерінде  тарихи-мәдени мұралар, археологиялық қорғандар мен монументалдық, сәулет, табиғат сынды тағы басқа ескерткіштерді сақтау және қорғау жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде. Даламыздағы күмбезін күн шалған ғажайып ғимараттар, сән-салтанатқа бөленген сырлы сарайлар, биік тұғырларда орнатылған алып ескерткіштер, таңғажайып жазбалар, сырлы суреттер – ата-баба парасатының жарқын үлгісі. Бұл үрдіс бүгінде өз маңызын жоғалтпай, жалғасын табуда. Кейінгі жиырма жылда ел мен жер үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың есімін ел жадында қалдыру үшін Талдықорған қаласында Қаракерей Қабанбай, Қабылиса, Ескелді, Балпық, Сүйінбай Аронұлы, Қадырғали Жалайыр, Ғали Орманов, Дінмұхамед Қонаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмахан Балапановқа арналған ескерткіштер бой көтеріп, елдіктің тұғырына айналса, өткен жылы Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен қаланың өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың тұрған үйлеріне ескерткіш тақта ілу ісі де сәтті жалғасуда. Бұл әр деңгейдегі ардагерлер ұйымының «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарының бір көрінісі. Осы арқылы өткен буын мен бүгінгі өскелең ұрпақ арасындағы жалғастықты жақындатуды талдықорғандықтар ең басты өмір сүру ұстанымы етіп алды. Бұл да қаламыздың рухани көкжиегін кеңейтуге сеп болуда.

Бойында отансүйгіштік қасиеті бар әрбір жас өңіріміздің бүгінгі келбетіне сүйсініп, келешек көркімен мақтана алатын болуы тиіс. Осындай ұлылыққа жол салған тұлғалар мен еңбекші елдің еркін еңбегі қатар өрілді десек артық айтқандық емес. Қаладағы экономика, ауылшаруашылығы, медицина, білім, мәдениет, тағы да басқа саладағы озық технологиялар мен дүниелерді, өнер туындыларын халыққа көрсету, насихаттау, сол арқылы болашақ ұрпаққа сара жол салу мақсатында бой көтерген ғимараттың табысты бастамаларға жол ашатынына сенімдімін. Кейінгі жылдары Талдықорған қаласын бақ қалаға айналдыру мақсатындағы кешенді жұмыстар қолға алынып, келбеті айшықталып келеді. Жасыл желекке оранған шаһардың одан сайын өзгеріп, көзтартарлықтай көріктене түсуіне әлі де болса күш жұмсалып жатыр. 

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,

Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы