ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 24.08.2017
Оқылды: 1368
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалының мәжіліс залында «Сәтті қадам» жобасы аясында жастармен кездесу өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Наурызбаева қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Теңелбаевтың айтуынша, «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандық алып, жұмыспен қамтылатын және әскер қатарына шақырылатын түлектер туралы дерек қоры  іске қосылған. Нақтырақ айтар болсақ, Бірыңғай ұлттық тестілеуге қатыспаған 132 түлектің 15-і ақылы негізде жоғары оқу орнына, 69 бала арнаулы оқу орындарына түскен.

«Сәтті қадам» жоба аясында облыс көлемінде іргелі істер атқарылып жатқанын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадырұлы айтты. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 310 түлек жоғары оқу орнына түссе, 287 түлек техникалық-кәсіптік білім беру мекемелерінде оқиды. Соның ішінде 30 түлек шетелдік оқу орнының студенті атанған. 112 түлек «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеке шаруа қожалықтарына, мекеме, кәсіпорындарға жұмысқа орналасқан.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы өз сөзінде ҰБТ-ға бармаған және тестілеуде шекті балл ала алмағандарды жұмысқа орналастыруға көңіл бөлініп жатқанын айтты. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің гранттары бөлінген. Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне облыс әкімінің 30 гранты бөлінген. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Дүйсенбіқызы халықты жұмыспен қамтуда 29 жасқа дейінгі жастарға көп көңіл бөлінетінін, жұмысқа орналасқандардың 50 пайыздан астамы жастар екенін жеткізді.

Қаратал аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаровтың мәліметінше, 2017 жылы 362 түлек бітірсе, соның 195-ы жоғары оқу орнына түскен. Оның ішінде 86 оқушы мемлекеттік, шетелдік грант  иегері  атанған. Қаратал аудандық  халықты жұмыспен қамту орталығы басшысы Ақжайық Кілбаева «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде бүгінде 1205 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқаны жөнінде баяндама жасады. Жиынға қатысқан жастар өздеріне жасалып отырған қамқорлықты сезініп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы ақпараттарға қанығып тарқасты.

Асхат ӨМІРБАЕВ.

Қаратал ауданы.