ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Уақыты: 24.08.2017
Оқылды: 1225
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруды, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдар арасында ынтымақтастықты нығайта отырып, жастардың жұмысқа орналасуына ықпал етуді мақсат еткен игі шара  оныншы рет ұйымдастырылды. Ол – «Жетістікке ең алғашқы қадам» деп аталатын жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі.

Облыстық және Талғар аудандық жастар ресурстық орталықтарының, «Жас Отан» жастар қанатының ұйыт­қы болуымен Мәсімхан Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің ауласында өткізілген жәрмеңкеге 130-ға жуық жұмыс іздеуші жас қатысты. Жұмыспен қамтылуды көздеген жастарға ауданның ірі кәсіпорындары – «Интеллсервис», «Керуен+», «Глазман», «Барон», «Тексти Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қатар, «Марат» жеке кәсіпкерлігі, аудандық аурухана, білім бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту орталығы  бас-аяғы 145 жұмыс орнын ұсынды.

– Осыған дейін ұйымдастырылған жәрмеңке нәтижесінде 140-қа жуық жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 36 мүгедек жан қайта даярлау курстарына жіберілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізіліп келе жатқан жәрмеңкенің шарапатын жастар айқын сезініп, жұмысқа орналасуда нәтижеге қол жеткізуде, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Әсем Ербосынқызы. 

Аудандық орталық аурухананың кадр бөлімінің маманы Балжан Назарымбетова 17 дәрігерлік орын бос тұрғанын тілге тиек етті. Әсіресе, ауылдық жерлерде балалардың жүйке, тері, құлақ-мұрын, жұқпалы аурулар маманы мен фтизиатр, педиатр тапшы көрінеді. Бос орындар жәрмеңкесіне үкілі үмітпен келген жастардың бірі Наташа Держаленко биыл Талғар политехникалық колледжін аспазшы мамандығы бойынша тәмамдапты. Ендігі арманы – жақсы жұмыс тауып, жетімдіктің ауырт­палығынан арылып, өзін-өзі асырауға күш салу екендігін жасырмады.

– Биыл көктем айынан бері 490 адам қайта даярлау курстарынан өтті. Бүгінгі сұранысқа ие есепші, шаштараз, бет әрлеуші, электрдәнекерлеуші сынды техникалық мамандықтарды бітірген 160 адамның 60-ы жұмысқа орналасты. Басым көпшілігі Талғар қаласындағы мейрамхана, асхана сынды қоғамдық тамақтандыру орындары мен сән салондарында жұмыс істеуде, – дейді аудандық әкімдіктің жұмыспен қамту орталығының маманы Ақерке Әскербаева.

Міне, құрақтай жайқалған жастар арасында жұмыссыздықты азайтып, олардың еңбекпен қамтамасыз етілуін мақсат еткен жәрмеңке қорытындысы бойынша 48 адам жұмысқа орналасуға жолдама алса, оның ішінде 27 жас кәсіптік білім беру мекемелеріне жіберілді. 94 жасқа кеңес берілді. Сонымен қатар, аудан тұрғындары жәрмеңке барысында жұмыс орындарына түйіндемелер қалдырды. Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы – кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын жүзеге асыру мақсатында жастарға мемлекеттік қызметке орналасу жолдары бойынша толыққанды ақпарат ұсынылды. Шара соңында «Талғар» сауда орталығының алаңында қала тұрғындарына түсіндірме жұмыс­тары жүргізіліп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері таныстырылды.

Ұлбосын Исабекова,

Талғар ауданы.