Желілік маркетинг машақаты

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1943
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Аз ақшамен көп пайда табуға болады. Еселенген қаржы қалта­ңыз­ға өзі-ақ келіп түседі. Тек соңыңыздан адам жинай алсаңыз болды. Қазір мен айына 250 мың теңге жалақы аламын. Шаршап, шалдығып жұмыс та істемеймін. Тек ақша­ның көзін таба білу керек. Сіз бұл жұмысты алып кете аласыз. Небәрі он адым алға бас­са­ңыз сіз алтын директорлыққа дейін көтері­лесіз. Біз­дің компанияға жұмысқа орналассаңыз болғаны».  Бұл қазіргі түрлі қар­жылық пира­ми­да­ларға қатысушылардың жүргі­зетін үгіті. Алай­да мұндай сөздерге илан­ғандардың көпшілігінің сан соғып қалатынын ұмытпа­ғанымыз жөн.

АЛАЯҚТЫҚҚА  БАСТАР ЖОЛ

Марал АСҚАРҚЫЗЫ.

Осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында дүкенші болып жұмыс істедім. Бір күні ауылдағы танысым үйіне қо­нақ­қа шықырды. Жалғыз­бас­ты болса да тұрмысы жақсы. Бизнеспен айналысатынын айтып, менің де сол салаға ден қоюымды айтты. Ертеңіне мені бір қыздармен кездес­тірді. «Қазіргі жалақыңыз қанша? 5 жылдан соң қанша жалақы алғыңыз келеді?» де­ген сұрақтарды қойып, тақ­таға бірдемені жазып-сызып көрсетті. Компания жеке бас гигиенасына арналған тауар­лардан бастап сағат, мерей­той монеткалары, зергерлік бұйымдар және туристік па­кет­тер сатады. Танысым сол жердегі жетістікке жеткен мықты мамандардың бірі екен. Ол: «Маған сенбейсің бе, мен саған бөтен емеспін ғой. Әйтпесе жақсылық ойлап нем бар», – деді. Сол  сөзі қамшы болды ма әйтеуір, мен атал­мыш компанияға тіркеліп, «Кас­пий» банкінен 300 мың теңге несие алып, туристік пакетті сатып алдым. Олар маған арнайы банк кар­точ­касын ашып берді. Менің ком­панияға деген сенімім арта түсті. Адам көп жинау үшін аздап өтірік айту керектігін де үйрендім. Уақыт өте келе менің жарнамамның барлығы өтірік бола бастады. Уақыт өте берді. Соңымнан еретін адам таба алмай, жұмыс жүр­меді. Мен несиені төлеп қала бердім. Кейін «Qnet» көп ақшаға уәде беретін лохотрон ойын екенін білдім. Туристік пакет пен карточка естелік боп қала берді.

Желілік маркетинг. Мұның қыры мен сырын тәптіштеп түсіндірмесек те бұл жүйе туралы бүгінде көпшілік жақ­сы біледі. Жүйелі маркетингте белгілі бір табысқа, дәрежеге жету үшін 7 жылдай уақыт керек көрінеді. Бұл ұзақ мер­зім. Алайда осы жеті жылға жетпей-ақ жеті күнде қарызға белшесінен батып, талай отба­сының ойрандалып жатқаны өтірік емес.

Аты аталған жұмысты қо­сым­ша табыс көзі көріп, жыр­тығын жамап, ата-анасына сал­мақ салғысы келмей, өз нәпа­қасын тауып жүрген студент жастардың саны көп. Әсіресе, қызылды-жасылды жыл­тыра­ған дүниеге барынша құмар келетін нәзік жандылардың негізгі табыс көзі осы. Таныс достар кезінде оқып жүрген оқуларын тастап, желілік мар­ке­тингтің нәтижесінде баюды мақсат етіп, Алматы асып кет­кен-ді. Бір жолыққанымызда «Алтын директор» атағын алып, түрлі басқосудың сыйлы қонақтарының көшін бастап жүргенін айтып, мәз болған. Кейінге таман біраз қаражатқа жығылып, соңында ата-ана­сына несие алғызып, қарыз­дарын жапқан көрінеді. Қазір бірі базарда саудагер, екіншісі ауылшаруашылығымен айна­лысуда. Міне, осыдан өзіңіз қорытынды шығаруыңызға бо­ла­ды. Егер жанашыр компания болса «Алтын директорлыққа» дейін көтерілген белсенді­лері­нің өмірін шуақты етер еді ғой. Алайда ол жоспар іске аспады. Батпан құйрықтың байлығы мезгілі жеткенде бітті. Бизнес соңына нүкте қойылды.

Желілік маркетингке әркім әртүрлі жолмен келеді. Соның бірі «Холодный контакт» деп аталады. Компания мүшесі сізді  көшеде өтіп бара жатқан жеріңізден тоқтатып, компания туралы ақпарат береді  немесе көшелерге хабарландыру іліп, сол бойынша хабарласқан бей­таныс адамды копанияның кең­се­сіне алдап шақырады. Олар өзара келісіп, компанияның лидерін арнайы шақырып, әң­гі­ме жүргізеді.  Белсенділер адам психологиясына барынша дендеп үйренген. Бірден қара­жат мәселесін қозғайды. Өзінің кезінде ақшасыз жүргенін, осы жұмысты тапқаннан кейін автокөлік алғанын, материал­дық тұрғыдан қол жеткізген жетістіктерін жіпке тізген мон­шақтай етіп айтып, тыңдап отыр­ған адамның әлсіз тұсынан соққы береді. Осындай әңгі­меден кейін сіз қымбат та­уар­ды қалай алып қой­ға­ны­ңызды бай­қамай қаласыз. Алаяқ­тық жол­мен пайда табуды көздеген адам­ның мұндай әре­кеті ұзаққа созылмасы анық.  

ЖЫЛДАМ УАҚЫТҚА  ЖҰТЫЛҒАНДАР

 Толқын ДӘУЛЕТОВА.

«G-TIME» компаниясына мүше болғанның бірімін. Ол компанияға алғаш тіркелгенде 15 мың теңгеге сағат алдым. Кіргенде артыңнан екі адам алып келесің деді. Жақсы деп оған да келістім. Жолдасым мен баламды да тіркеп қойдым. «Құйған қаражатыңыз бір айда 1 млн. 300 мың болып қолдарыңызға түседі», – деді компания басшысы. Содан ма­ған 150 мың теңге салып, пайда табудың оңай жолын көрсет­ті. Ақшаны салуындай-ақ сал­дым. Бірақ жұмыс жүрмеді. Кеңесшілермен сөйлескенімде: «Соңыңыздан ерген адам саны аз. Жұмыс жақсы жүру үшін адам саны көп болуы керек. Сол адамдардан түскен пайыз ақша арқылы сіз миллион аласыз. Әйтпесе жетістікке жетуге жол жоқ», – деді.   Алдағы күнге керек болар деп зейнет­ақымнан жинап жүрген екі жүз мыңымды сандық түбінен алып, балаларым мен неме­реле­ріме титтей де болса пайдасы тисе деген үмітпен компанияға барып, соңымнан келінімді, сің­лім­ді жаздырып қайта ақша салдым. Ешқандай да миллион­ның түрін көрмек түгілі өз салған ақшамды да ала алма­дым. Құқық қорғау орындарына да жүгіндім. Бірақ ол жерден де көмек болмады. Себебі, мен көп ақша салып соған еш пай­дасы жоқ сағат тауарын алған екенмін. Міне, содан бері желі­лік маркетинг десе денем тітір­кенеді.

Естімеген елде көп деген осы болар. Көп жағдайда жа­лын­дап тұрған жастар сәл мүлт кетіп, түзу жолдан жаңылып қалады дейтін едік. Қазір бұл қақпанға түсіп жатқан үлкендер қатары да баршылық. Алайда өмірде көргені мен көңілге түй­гені көп үлкендердің өзі осын­дайға бел алдырып жатқаны кейде ұят па деп ойлайсың. Бірақ айлакер компания мүше­лері әсте осындай егде тартқан жандардан көп пайда табатын көрінеді. Сәл ойланып қара­саңыз мұндай дүниемен байып кету ертегілерде ғана айтылатын секілді. Әбден жүйелі сөйлеп, әр сөзге барынша дәмдеуіш қосып айтуды үйреніп алғандар үшін бұл ең оңай шаруа. Қу дүниенің соңынан тынымсыз сүйретіліп жүргенімізде бір күні бұл да өз күшін жоятыны ақиқат.

Егде адамдар жүйелі марке­тингтің арнайы түрлеріне, әсіре­се «зейнетақы жинақтау» деге­ніне жиірек тартылуда. Бұл жүйе бойынша адам кемінде 10-15 жыл арнайы есепшотқа бел­гілі бір сома салып отыруы тиіс. Ол қаржы жылдар өткесін есе­леп көбейіп, иесіне зейнетақы түрінде қайтып келеді-міс. Осы­ны естіген зейнет жасындағы ұстаз жұмысқа орналасыпты. Қарамағына өзінің заман­дас­тарын шоғырландырған. Күнде таңертең кеңсеге барып, күні бойы сол жерде семинар, бас­қосу ұйымдастырады. Олардың басты қаруы – сөз. Майда сөй­леу арқылы олар өзгелердің жүрегінен орын алады. Бір қара­ғанда жақсы болып көрін­гені­мен қанша ойласақ та көңілге қонар іс емес. Жасы ұлғай­ғаны­на қарамастан ешкімге салмақ салмай, табыс тауып жүр дейік.  Бірақ  асыл жанның отбасында алар орны тым жоғары екенін еске салайықшы. Шаңы­рағы­ның шаттығын еселеп, қуаны­шын арттырып, немерелерінің тәрбиесіне көңіл бөліп отыра­тын шақта ақша соңынан қуып жүрудің пайдасы қаншалықты көп деп ойлайсыз?

Қазақ ешқашан да жиған малын, тапқан-таянғанын бай­лық деп санамаған. Керісінше, бар қызығым, байлығым, бақы­тым деп балаларына көп көңіл бөлген. Соның нәтижесінде бала-шағасының ортасында сыйлы боп, өмірлік серігімен тең қартайған. Ал шетелдік компаниялардың тауарын жар­на­малап, әркімге бір сөз болса да өтірік айтып жүргенше ұр­пақ тәрбиесіне көңіл бөлсек, сол ертеңгі күніміздің өшпес бизнесі болады емес пе?

ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ...

Гүлім ЕСІРКЕНОВА.

Мен «Mary Kay» ком­пания­сында жұмыс істегеніме биыл бесінші жыл. Алғаш осы компанияның табалдырығын аттағанда кәдімгі бірінші сыныптың баласы ұқсап бар­лығын басынан үйрендім. Мы­са­лы, қарапайым бет күтімін жасау үшін арнайы сабақ ал­дым. Қанша күндерім мен түн­дерімді жұмысқа арнадым. Өзім әбден үйреніп алған соң, ет жақындарыма осы жұмыс туралы ақпарат бердім. Бұл – интернет бизнес. Жұмысқа орналасқан адам ары қарай маркетингтік жоспар бо­йын­ша жұмыс жасауы керек. Бір рет қана қаржы құйып, су тегін ақшаның астында қала­мын деген қияли ойдан арылу қажет. Ол кез келген компа­нияға тіркелісімен соңынан адам тартып, өз командасын құрып, бірлесе жұмыс жасау­дың тиімді тетігін тапса ғана жетістікке жетеді. Жаны­ңызды қинамай-ақ ай сайын жақсы жалақы алуыңыз өз қолыңызда. Қаржы пира­мида­сы деген осы. Ал шамамен жарты жылдай жүріп, еш жұмыс жасамай бай боламын деген сөз мүлде қате. Ешбір жерде еңбектемей тегін ақша алу мүмкін емес. Сондықтан да, жүйелі түрде жұмыс іс­тей алмайтындар көпшілік ішінде осындай теріс пікір тудырады. Жұмыс істеп, жақ­­сы өмір сүремін дегендер өз арманына қол жеткізіп жүр. Барлығы да адамның өзіне байланысты.

Жоғарыдағы кейіпкер сөзі­не сүйенсек, желілік маркетинг арқылы өз арманын іске асы­рып, үлкен жетістіктерге жетіп, ақшаны күреп тауып жүр­ген­дер де баршылық. Сонда бұл саланың жұмысын күндіз-түні меңгеріп, бар асыл уақытты осыған бөлу керек пе?  Әлде біз түсінбейтін әлдебір құпия сыры бар ма? Бұл сауалды желілік маркетингпен өмірін байланыстырғандарға қойға­нымызда олар бірден осы іспен айналысып содан кейін ғана көз жеткізе алатынымызды алға тартты. Мүмкін бұл сөздің жаны бар шығар. Кім білсін?

Қазір қыз-келіншектердің басым көпшілігі  «Oriflame», «Avon», «Mary Kay», «QuestNet», «Anway» сынды әлемге танымал компания­лар­да жұмыс істейді. Олардың көбі пайда табу жолын көздесе, қалғаны өздеріне сапалы бояу алуды мақсат етеді. Біз тілге тиек еткен бірнеше компа­нияның жұмыс істеу бағыты біріне бірі ұқсас. Барлығына ортақ дүние компанияға тір­келу үшін адамның жасына, мамандығына, біліміне оның дипломы бар ма, әлде жоқ па оған баса назар аударып жат­қан ешкім жоқ. Қысқасы, кез келген адам тіркеліп, өздерінің қиялымен жасап алған бизне­сімен айналыса беруге құқылы. Сұлулыққа жаны құмар нәзік жандылар осы сала арқылы көп дүниені білгендігін жасыр­майды. Бұл жол қыз балаларды желілік маркетингке тартудың ең оңай тұсы десек те болады. Олар өткен тауардың үстінен түскен ақшаға өздеріне қажетті бояу түрлерін ғана алады. Өз қалтасынан қаражат шықпа­ғандықтан, тегін келіп жатқан дүние болып есептелінеді. Бір­ақ компания мүшелері ешқа­шан олай ойламайды. Олардың ойынша, басқа тауар түрлері­нің сапасы өте нашар. Тек өздері қолданып жүрген тауар ғана ерекше әрі сапалы. Демек, бұларға жүргізілген түсіндірме жұмыстары осыны көздейді.

Таныс қыз мектепте қыз­мет істейтін. Екі жылдай ұстаз болып, түрлі байқауға қаты­сып, біліктілігін арттырып жүрген. Кейін естісем, мек­тептегі жұмысын біржола тас­тап, осы желілік маркетингтің соңынан кетіпті. Естігенде таңғалдым. «Anway» ком­па­ния­сы шығаратын өнімдерді сататын көрінеді. Денсаулыққа пайдалы түрлі дәрумендердің топтамасы мен дәрілерді жар­на­малап, сатады. Көзі ашық, көкірегі ояу жастардың осылай қателесетіні көңілге көлеңке түсіреді.

Бейресми мәліметтерге сүй­е­нер болсақ, Тәжікстан, Әзірбайжан мемлекеттерінде желілік маркетингпен ай­на­лысуға заңды түрде тыйым салып, тіпті, кейбір елдерде ислам ғұламалары «QuestNet» маркетингін харам деп таны­ған. Ал біздің елде бұл жаппай белең алуда. Қаншама адамның аузы күйсе де басқалары одан сабақ алуға асығар емес. Не десек те, адал еңбектің наны қашанда тәтті болатынын ұмыт­пайық.

Еңлік КЕНЕБАЕВА.