АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КӨШКЕНІНЕ - 20 ЖЫЛ!

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 1117
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылғы жыл – облысымыз үшін тарихи жыл. Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл толып отыр. Осыған орай Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында мерекелік салтанатты шара өтті. Шарада халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, "Жетісу" газетінің бас редакторы Әміре Әрінге және басқа да азаматтарға "Талдықорған қаласының Құрметті азаматы" атағы берілді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шара өткен тарихи кезеңдерді еске салатын бейнесюжетті тамашалаудан басталды. Елбасының Талдықорған жеріне келіп, жарығы сөніп, жалыны өшкен қаланы қайта түлету мақсатында оған облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімін жариялаған сәтінен бастап, салқар көшті бастап келген сол кездегі облыс әкімі Шалбай Құлмаханов пен орынбасар қызметін атқарған Амандық Баталовтың тынымсыз еңбегі паш етілді. Соңғы жылдарда Амандық Ғаббасұлының басшылығымен қала тіпті құлпырып, жайнай түсті. Осы кадрлар облыс орталығымен бірге жасап келе жатқан жандардың көңілдерін тербеп, көздеріне жас тұндырды.

Шындығында Талдықорған облыс мәртебесінен айрылған 1997-2001 жылдар аралығында қатты құлазыды. Бұл туралы естеліктер осы кеш барысында егжей-тегжейлі айтылды.

Жұртшылықты осынау қуаныштысәтпен құттықтау үшін алғашқы сөз облыс әкімі Амандық Баталовқа берілді.

- Биыл еліміз үшін ең қастерлі мереке – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Отыз жылдық мерекемен қатар облыс орталығыныңТалдықорған қаласына көшкеніне 20 жыл толып отыр. Талдықорған қаласының күн сайын жаңарып, гүлденіп келе жатқаны – бәріміз үшін зор мәртебе.

Әлі есімде, осыдан 20 жыл бұрын Алматыдан шыққан керуен Талдықорғанға бет алған еді. Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасының көреген шешімі болды. Сол тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев басқарған мемлекеттік комиссия Талдықорған қаласына арнайы келіп, алдын-ала жағдайды көріп, тарихи шешім жасауға ықпал етті. Елбасының Жарлығы Талдықорғанға жаңа серпін берді. Тұрақты өркендеу кезеңі басталды.

Елбасымыз: «Жер жаннаты Жетісудың орталығы Талдықорған аз уақыт ішінде танымастай өзгерді. Жылдан-жылға жақсарып, ажарланып келеді», – деген еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаламызға «Талдықорған Қазақстанымыздың қарқынды дамуының жарқын үлгісі болады», – деген бағасын берді. Бұл бізді одан әрі талпындырды.

Алматы облысында қазір тұрғындар саны 2 миллионнан асты. 2001 жылы Талдықорғанда халық саны 100 мыңның айналасында болса, қазір 2 есе көбейіп, 200 мыңға жуықтады. Сол кезден қаланың аумағы 4 есеге ұлғайды.

Бүгінгі жеткен жетістігіміз – береке-бірлік пен аға буынның ерен еңбегінің арқасы. Осы орайда Талдықорған жұртшылығы Егеубек Далбағаев, Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева, Аманғазы Шегіров, Наурыз Қылышбаев, Оралбек Жақиянов, Күләш Шәмшидинова сынды азаматтардың есімдерін құрметпен атайды.

Әсіресе, ең күрделі кезеңде қаланы аяғынан нық тұрғызуға құрылысшы ретінде Шалбай Құлмаханов көп еңбек сіңірді. Кейін Серік Үмбетов, Аңсар Мұсахановтар істі жалғастырып, өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, қаланы ұзақ жыл басқарған марқұм Сәкен Жылқайдаровтың да еңбегі ерекше.

Қаламыздың сәулетті келбетіне өз қолтаңбасын қалдырған құрылысшы, сәулетші және әр сала мамандарының есімдерін ерекше құрметпен атағым келеді. Олар: Сайран Фазылов, Ақмырза Рүстембеков, Аманжол Шормақов, Сейдахмет Шүрегеев, Анатолий Рябинин, Виктор Ивкин, Манарбек Ахымбеков, Валерий Ким, Малдыбай Қалиевтер, – деді облыс басшысы.

Келесі сөз кезегін алған Алматы облысы мен Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Аманғазы Шегіров осыдан 20 жыл бұрынғы қала көрінісін есіне алды.

- Көшелер қараңғы, жарық жоқ. Үйлердің көбі қаңырап бос қалған, есік-терезелері жоқ. Өйткені, ыстық су да, жылу да болмады. Көпқабатты үйдің тұрғындары далаға тамақ жасап күнелтті. Талдықорған тұрғындары осындай ауыр күндерді бастан өткерді. Елбасының шешімімен қаламыз қайта түледі. Оның бастауында Шалбай Құлмаханов пен Амандық Баталов тұрды. Жиырма жыл талмай қызмет етіп келе жатқан бүгінгі облыс әкімі Амадық Ғаббасұлының атқарған еңбегін Талдықорған халқы ешқашан ұмытпайды деп білемін, – деді ол.

Келесі кезекте облыс орталығының 20 жылдығына орай «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстау үшін ортаға Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев шақырылды. Қала әкімі Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, облыс орталығы Талдықорған қаласына ауысқаннан бері қызмет атқарып, Талдықорған қаласының қоғамдық өміріне белсенді қатысып, дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Әміре Әрінге осынау марапатты алғашқы болып табыс етті.

Бір мезгілде облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, облыс орталығының Талдықорған қаласына ауыстырылуына бастамашы болған, облыс әкімінің аппаратында жауапты қызмет атқарған Райхан Серғазинова, Талдықорған қалалық балалар емханасының педиатры, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары дәрежелі дәрігер Майра Омарова, облыс орталығы Талдықорған қаласына ауысқан кезінде «АлматыгорСтрой» мекемесінің басшысы ретінде келіп, қалада бірнеше маңызды нысандардың құрылысын жүргізген Леонид Поздняков, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «Асар»  спорттық-оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаев, Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «КОНТРАСТ» халықтық қазіргі заманғы би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Эдуард Гаитов «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атанды.

Өз кезегінде сөз алғаноблыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова беріліп жатқан бұл атақтың әлде де халық үшін қызмет етуге тың серпін беретінін атап өтіп, Талдықорғанның осы жиырма жылда көз ілеспес жылдамдықпен дамып, қазір мақтанышпен айтатын әсем қалаға, жастар мекеніне айналғанын жеткізді. Қала ардагері Леонид Поздняковта тапсырылып жатқан марапат үшін алғысын жеткізіп, Талдықорғанның болашағы зор қала екенін еске салды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, Талдықорған қаласына арналған әсем әндер шырқалып, мереке көрігін қыздырған билер биленді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы