АЖЫРАСУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШТІ ҚАЙДА ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БЕРУГЕ БОЛАДЫ? МАМАН ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 24.09.2021
Оқылды: 18948
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де ажырасуға келіссе және кәмелетке толмаған балалары, ортақ мүлкі және басқа да талаптары болмаса, олар тұрғылықты жері бойынша АХАТ (азаматтық хал актілерін тіркеу) арқылы ажырасуы мүмкін. Бұл туралы Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары түсіндірді.

Некені бұзу туралы өтінішті не АХАТ-қа не eGov порталының көмегімен беруге болады. Бір айдан кейін ерлі-зайыптылар ажырасу үшін АХАТ-қа баруы керек. Ажырасқаннан кейін eGov порталында ерлі-зайыптылардың екеуі де ажырасу туралы анықтаманы ала алады. Балалар және басқа да даулар болмаған жағдайда қызмет құны – 2 АЕК, сот шешімі негізінде – 0,5 АЕК.

ЕGov порталы арқылы тек некені бұзуға өтініш беруге немесе анықтама алуға болады. АХАТ өзара келісім бойынша немесе ерлі-зайыптылардың біреуі жоғалған, әрекетке қабілетсіз немесе кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған деп тану туралы сот шешімі болған кезде некені бұзады. Ал балалар мен мүлік даулары болған жағдайда мұның шешімі сот арқылы жасалады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"