Оқушы киімі талапқа сай ма?

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 4213
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарша тамыздың соңына да таяп қалдық. Қыркүйек қарға адым жерде тұр. Оқушылардың ойыны аяқталып, мектепке әзірлікті бастаған ата-ананы әбігерге түсіретін мезгіл. Бірі баласын киіндіруге күйі келмей кірпік санаса, бірі сапасы жоғары киім іздеуде. Министрліктің ұсынған дүниесі ұтымсыз. Бағасы аспандап тұрған белдемшелер бет қызартады. Оны киген қыз  баланың қысылып-қымтырылары анық. Осы орайда бүгінгі мектеп формасына мінездеме бере кеткенді жөн санадым.

Айта берсем атам еске түседі. Кеше кешкісін теледидар қарап отырып, «Россия 24» каналынан бір бағдарламаны көріп қалдым. Онда мәдениет және жастардың талғамы тақырыбы ортаға тасталып,  қоғам зиялылары тұшымды пікірлерін жаудырып жатыр. Сонда бір орыс ғалымы: мәдениет – қоғам мен адамның тарихи даму деңгейі деген тұжырым жасады.  Адамдар мәдениетке қандай да бір жаңалық енгізетін болса, сол дәстүр көлемінде енгізеді. Соның негізінде мәдениет өмір сүреді. Біздің мәдениетіміз мектептің табалдырығын аттаған сәбидің іс-әрекетімен өлшенеді. Олардың рухани өрісі, сыртқы сипаты, киген киімі барлығы дерлік мәдениетіміздің алғышарты екені даусыз делінді. Бұдан шығар қорытынды мектептегі тәрбиенің рөлі жоғары екенін аңғартады. Әлемді алаңдататыны да осы мәселе. Әңгіменің әлқиссасын Тайланд еліндегі таңғаларлық оқиғадан бастасақ. Онда барлық оқушылар мектеп формасын мектептен колледжде оқығанға дейін киюі тиіс көрінеді. Алайда, Таиланд оқушылары денеге жабысып тұратын жейде мен қысқа етекті белдемше киюге тырысады. Ол жеке тұлғаның өзіндік талғамымен санасу деп саналады. Өкінішке орай, тай елі өз тамырына өзі балта шапты. Ашық киінудің салдарынан бұрымдыларының етегі ерте түріліп, жігіттері жүзі қара атанған. Осындай да Бауыржан Момышұлының: «Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Қанында бар тектілігіңмен бойына сіңген жақсы тәрбиең қандай деңгейде екендігінен мәдениетің көрінеді» деген сөзі еріксіз еске түседі. 
Болашақтың бүгінгі бейтаныс, бейәдепке толы буалдыр бет-бейнесі бізге сын, ұлтқа көзтүрткі болмақ. Біле білсеңіз, бала тәрбиесінде тұтас ұлттың болмысы мен таным-талғамы жасырынып жатады. Сондықтан, ертеңіміздің ел күткендей болуын қаласақ, еңбектеген баланың әр басқан адымын қадағалауымыз қажет. «Тәрбие – тал бесіктен басталады», – деген тәмсіл де осыған саяды. Кезінде Қожанасырды шапанының ұзындығына қарап сыйлаған көрінеді. Тіпті, анамыздың қыз күнінде киген белдемшелерін көріп сүйсінесің. Осының бәрі ұлттық болмысымыздың ұстыны іспетті. Және рухизатымыздың шынайы үлгісіндей. Мектеп білім ошағы  ғана емес, мәдениетіміздің мәртебесін көтеретін мәуелі шаңырақ әрі әлеуметтік-қоғамдық даму ордасы. Біз, адам баласының жүрген ортасына қарай өрістейтінін жақсы білеміз. Олай болса, ортаның киген киімі, жүріс-тұрысы түгелдей өмірінің ең қасиетті қадамын жасағалы отырған баланың басты назарында болмақ. Себебі, шағын отбасынан үлкен қоғамға аяқ басқан әрбір жанның мінез-құлқының толықтай өзгеретіні белгілі. Зейіні мен зеректігі де ұштала түседі. Білуге деген қызығушылығы оянып, білместік жасап, бұжыр іске бейім келетіні де бар. Көрген көзде айып жоқ. Былтыр көкек айында, сәске ауа сабаққа бара жатқан қазақ қызын көзім шалып қалды.  Қарындасым қолаң шашын еркіне қойып, сар желіске салып келеді. Алғашында оқуға асыққандай көрінген-ді, артынан біреуден қашқандай болды. Сәуірдің самалы соғып, ағаш басы теңселіп тұрған шақ. Үйдегі иттен үріккен болар деп сыртқа шықсам, етегін екі қолымен қымтап, жүгіріп барады. Соңынан екі сөмке қалар емес. Сөмке деймін-ау, сөмкені асынған екі бала. Етегінің шеті көтерілсе, әлгі екеуі мәз болады. Қыздың да, қысқа көйлектің де өкпек желге өлердей жау екені көрініп тұр. Мектеп міндеттемесе, бұл киімді киюге құмартып тұрған жанды көрмедім. Ал, бүлдіршіндердің  бұзықтығы еркелік пе, әлде есерсоқтық па? Аузың қайсы десе, мұрынын көрсететін мыналардың әрекеті миға қонымсыз. Бесіктен белі шықпай жатып, білмейтіндері жоқ. Кінәні кімге тағарыңды да білмейді екенсің. Бар жаланы әке-анаға жаба салу әбестік болар. Биліктегілер де бейкүнә болмай-ақ қойсын. Мүмкін, «ұяттың үлкені» деген осы шығар. Меніңше, мектеп мұғалімдердің тәрбиесін, ақыл-кеңестерін тыңдайтын  әрі баланың қалыптасу деңгейіне әсер ететін факторлардың жиынтығынан тұрады. Сондықтан сын көтермейтін дүниелерден барынша аулақ болуымыз шарт. Енді, көшеде кетіп бара жатып, ойда-жоқта оқушы қызды көре қалсаң жел тұрмасын деп тіле. Әлдеқандай жағдайда етегі түрілетін болса екі көзіңді қайда тығарыңды білмей, екі ортада қаласың. Қысқа киген қыздың да қылығын өз түйсігіне салып бағамдай бер. Әлде бетімен кеткен белдемшелер дейміз бе?
Хош, биылғы орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды ой таразысына салып көрейік.
Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына сәйкес аталған талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған». Мысалы, мектеп формасының үлгісі әр текті болады. Алайда барлығы стандартқа сай болуы қажет. Түсі қалыпты және ашық емес, классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында болуы ләзім, немесе үш түрлі түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ер балалардың киіміне тоқталсақ. Оларға: пиджак, кеудеше, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде ұсынылған. Сосын еркін тігілген арнайы шалбарлар бар. Ол ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады-мыс. Ал қаракөздеріміздікі қып-қызыл даудың ортасында қалып келеді. Оларға да пиджак, кеудеше, шалбар және ұзынды-қысқалы белдемшелер киюге рұқсат. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықтан асуы шарт. Сонымен қоса классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі. Тағы түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды делінген. Оның үстіне климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режимі ескеріліп отырады. Сондай-ақ, жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады. Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және белдемшелердің ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды. Жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілетін көрінеді. Бірақ, бұдан олардың бейхабар екендігі байқалып жатады. Неге десеңіз, қай ата-ана өз қызының ашық-шашық жүргенін қаласын. Қолайлы әрі жүріп-тұруға ыңғайлы дүниелерді алуға тырысады. Осыны қадағалайтын заң болмай, тығырықтан шығатын жолдың да жоқтығы аян. Қалыпқа симайтын қағидаларға қашанғы бағынамыз.
Жалпы, қазақ еліне «мектеп формасы» деген түсінік қайдан келді. Алтынсарин алғаш мектеп ашқанда, бұл ұғымның тасада қалғаны тарихтан мәлім. Ондай болса, өткенге бір шолу жасайықшы. О, баста қазақ жерінде мектеп оқушыларының арнайы киім үлгісі мүлде болмады деуге хақымыз бар. Себебі, мектеп формасы тұрмақ, мектептің өзіне зәру болдық. Тек қана, Кеңестер одағында, оның ішінде Ресей мемлекетінде 1918 жылы оқушының өзіне тән, айшықтап тұратын арнайы мектеп формасы бекітілді. Тарихтан хабарыңыз болса, нақ осы кезең ел басына күн туған өте ауыр заманның бірі еді. Сондықтан да ата-аналар, мемлекет барлық білім қабырғасындағы шәкірттерді бірдей формамен қамтамасыз етуге қауқары жетпеді. Уақыт өте келе, мектеп оқушыларының қызыл-қоңыр түсті көйлектер мен фартук киіп, алмалы-салмалы жағалар тағынып жүретін болды. Үйлеріңізде әжелеріңіздің ескі суреттері сақталған болса, тағы да бір үңілулеріңізге әбден болады. Мектеп формаларын кию заңды түрде қатаң бекітілгені соншалықты, 1920 жылдардан бастап, талапты орындамағандарға «халық жауы» деген айып тағылды. Бір ғасырға жуық уақыт бойы Кеңес Одағы мектеп формасына бірнеше рет өзгерістер енгізді. Нәтижесінде, қыз балалар – мереке күндері қызыл-қоңыр түсті көйлектерімен ақ фартук кисе, қарапайым күндері қара фартук киіп, бастарына бантик байлап жүретін болды. Көйлектердің жеңі мен жағасы қарапайым ғана безендірілген және оны тағып жүру міндетті саналды. Оған қосымша қара және қызыл қоңыр түсті бантиктерді байлап жүруге талап қойылатын болған. Революцияға дейінгі формадан ерекшелігі: ұл балалардың тоғалы белдіктер мен былғары, күн қағарлы кепештердің қолдануы. Сонымен қатар, пионерлер қызыл галстук, комсомолдар кеуделеріне жұлдызша тағынатын болды. Сталиннің саясаты мектеп өміріне де біршама өзгерістер әкелді. Ол кездегі тәртіп бойынша, тіпті шаш сәнінің өзі бірыңғай болсын деген заң болған. Ал шаш бояу туралы әңгімеге мүлде орын жоқ. Қыздарымызға бұрымының болуы және бантиктерін тастамауы міндеттелді. Жылымық кезеңі 1960 жылдарда бекітілген форма ұл балалар үшін өте тиімді болды. Сұр түсті жүнді шалбарлар мен кеудешелердің орнын жартылай жүнді көк түсті форма алмастырды. Ал жеңдеріне пластик материалға шығып келе жатқан күн мен ашық тұрған оқулықтың суреті салынған танымбелгі тігілді. Қайта құру кезеңі 1980 жылдардың басында форманы баланың жасына қарай киіп жүру туралы қаулыға қол қойылды. Мұндай формаларды кию сегізінші сыныптан басталатын еді. Нәтижесінде қыздарымыздың бұрынғы киетін фартукты формалары тізенің астына түсіп тұруы тиіс болды да, ұл балалардың киімін шалбарлы костюмдер алмастырды. Түсі және алдыңғы танымбелгілер сол қалпында сақталды. Кейіннен Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң мектеп формасының бірыңғай болуы туралы заң өз күшінде қала алмады. Дегенмен, мектеп оқушылары, оның ішінде қыз балалар ақ көйлек пен қара белдемшелер, ұл балалар ақ көйлек пен қара шалбар киюді үрдіске айналдырды. Мойындарына көк галстук, көк пилотка киген мыңдаған бөбектер мектеп табалдырығын аттап жатты. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет құбылған мектеп формасына 2006 жылы нүкте қойылды. Сол жылдан бастап, бірыңғай мектеп формасына көшу туралы заң қабылданып, мектеп формасы бір жүйеге келтірілді. Бұрынғы пионерлердің орнына, қазір көк пилотка мен көк галстукті шәкірттерді кездестіретін болдық.
Жалпы, мектеп формасы оқушының қоғамдағы өзіндік дәрежесін үстемелеп тұрады. Бүгінде мемлекетіміздің білім заңына сәйкес киім үлгілерінің қандай болатыны білім ордаларының басшыларының құзырында. Сол себепті, бүгінде әр мектептің оқушысы әр түрлі киінеді. Мысалы, кейбір мектептің шәкірттері бұрыннан қалыптасқан ақ фартук пен қара көйлек кисе, енді бірі өздеріне арнайы тіктірілген киімдерімен бірден көзге түседі. Осының бәрі моральдық және материалдық құндылықтардың бағамымен өлшенетін сияқты. Бірақ, кемшін тұстарыда жетіп жатыр. Шешімдерінде шалағайлық байқалып та үлгерді. Тіпті, араларында бәсекеге айналдырып алғандары да бар. Бірінен-бірі қалғысы жоқ. Мектеп формаларын әр түрлі пішінде тігіп, сәнін келтірем деп, мәнін жоғалтып алып жатады. Соның бірін жоғарыда атап өттім. 
Иә, егер «адам көркі – шүберек» – дейтін тәмсілге құлақ ассақ, бүгінгі мектеп қабырғасындағы тәрбиеленушілердің ажарына әр беріп, қоғамдағы орнын айқындап тұратын киім үлгілерінің бірдей болғаны құптарлық дүние. Бір кездері ұстаздарға да арнап бірыңғай форма шығару сөз етіліп, мәселе ретінде де көтерілген болатын. Бірақ, ол уақыт өте келе ұмытылды. Есесіне, бүгінгі күні әр білім ошағы өз шәкірттеріне арнап мектебінің бет-бейнесін айқындап тұратын киім үлгілерін шығара бастады. Ол да болса, үлкен жетістікпен пара-пар. Қоғамда екі жеп биге шыққысы келетіндердің қарасы мол. Олар ұлттық болмысымызды саудаға салады. Солардан сақтануымыз керек. Неде болса, ұрпағымыз ұятқа қалдырмауын тілейікші.

Мұхтар КҮМІСБЕК.

 

--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

Бізден де бір пікір​

Шұға СМАҒҰЛОВА, ардагер ұстаз:
– Мектеп қабырғасындағы бүлдіршін қыздарымыз бен балауса бойжеткендеріміздің киім киісі назардан тыс қалмауы тиіс. Жалпы, біздің мектебімізде оқушы формасының бірыңғай үлгісі кейінгі жылдары қалыптаса бастады. Алғашында мұғалімдер тарапынан ата-аналарға шәкірттердің киім үлгісін бірыңғай етіп тіктірту туралы ұсыныс тасталды. Оны жағдайы төмен отбасылардың қалтасы көтермеді. Біздің мектепте қазақ және орыс балалары қатар оқығандықтан кейде бұл мәселелер қиынға  соғып жатады. Қысқа белдемше киетін оқушылар да бар. Алайда, оларға әрі ата-аналарына ескерту жасаймыз. Қазіргі балалар заманға сай киінгісі келеді. Бірақ, мектептің білім ордасы екенін естен шығармауымыз қажет. Тәрбие меңгерушілері мектеп киімдерінің сақталуын қадағалап отырады. Білім ошағында шәкірттерге хиджап киюге рұқсат етілмейді.

Аян ТӨКЕН, Жиделі орта мектебінің оқушысы:
– Менің ойымша әр оқушы өз мектебінің мәртебесін көтеру үшін мектеп формасын дұрыс қалпында сақтау керек. Бұл шәкірттің сабақ оқу, білім алу секілді міндеті деп ойлаймын. Мектеп формалары әр білім ошағында арнайы белгілі-бір үлгімен тігіледі. Маған мектеп формасын киіп, мектеп мәдениетін сақтап, жақсы білім алған ұнайды. Бірақ оқушылардың сайқымазақ секілденіп, әр түрлі галстук таққаны ұнамайды. Оның орнына формаға сәйкес және әдемі галстук тақса деймін. Әйтпесе, мектеп формасының жаман ешнәрсесі жоқ. 

Махаббат АЛПАМЫШЕВА, ата-ана:
– Балам оқитын мектептің формасынан ешқандай кемшілік көрмедім. Бағасының қымбат болғаны болмаса, матаның сапасы да, тігілгені де жақсы. Бұл форманың басқа мектеп оқушыларының киім үлгісінің ерекшелігі де ұнайды. Ер балалардың көк түсті костюм мен галстук тағып, қыз балалар белдемше мен жакет киеді. Бірақ қыстың кезінде баламды басқа киім кигізуге мәжбүр боламын. Өйткені, форманың матасы жұқа. Оқушылардың формасында басқа білім ошағындағыдай мектебінің эмблемасы болғанын қалаймын. Тағы бір айта кететінім, оқушылар сөмкесінің үлкендігі әрі ауырлығы. Оны ары-бері тасу алты жасар балаға қиын. Осыған көңілім толмайды.