ЖОБА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 13.10.2021
Оқылды: 1250
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Рухани Жаңғыру орталығында «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Алматы облысы бойынша 500-ден астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс атқаруда. Әйелдерді қорғау, құқықтық, қаржылық, экологиялық білімдерді беру, салауатты өмір салтын насихаттау, аула клубтарының жұмыстары қоғамдық ұйымдардың негізгі бағыттары. 


Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстағы ҮЕҰ консалтингтік орталығы жыл сайын «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін» ұйымдастырып, байқаудың  жеңімпаздарын айқындады. Азаматтық қоғамды дамыту, оның институттарының әлеуетін өзекті әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге тарту, одан әрі start up қаржыландыру үшін азаматтық бастамаларды қолдау мақсатын айқындаған байқауда ең үздік жобалар ғана жеңімпаз атанады.

Құттықтау сөз алған Алматы облыс­тық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов:
– Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қаржы бөлініп, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өзара қатынасы нығайды. Аймақта 900-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркеуде бар екен. Бірақ соның бәрі толыққанды жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Болашақта барлығын белсенді қызмет етуге тарту қажет. Жәрмеңке аясында жеңімпаз болғандар алға қойған мақсаттарын жоғары деңгейде атқаратынына сенімдіміз. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын, – деп осындай игілікті іс жалғасын тауып, үздік шыққан жобаларды қашанда қолдауға әзір екендіктерін айтты. Байқау екі кезең бойынша «Тең мүмкіндіктер қоғамы», «Әлеуметтік кәсіпкерлік», «Қоршаған ортамен үйлесімде», «Ауылдық өмір», «Жастарға бастау» сынды номинация бойынша өтті.

– Біздің қоғамдық бірлестік 2008 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Бағытымыз – қоршаған ортаны қорғау мен жастарды экологиялық тәртіпке бейімдеу. Сол себепті алмалардың атасы атанған сиверс алмасын өсіруді бастадық. Оның ерекшелігі – тамыры тереңге кетеді, суға, суыққа төзімді келеді. Бағымызға жастар мен кәрілер келіп, таза ауамен тыныстап, алма жинауға көмектесіп тұрды. Осы алған қаржыға алма бағын қоршап, қосымша тұқымдар сатып аламыз, – деді жоба жеңімпазы, «Алакөл Экосистемасы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Кульяра Бектемисова.

Биылғы байқауға 50-ден астам өтініштер түсіп, ең үздік 10 жоба анықталды. Гранттар қоры 10 000 000 теңге. Шағын гранттар үшін бөлінген қаражат әлеуметтік жобаны іске асыру үшін техникалық база және материалдық көмек түрінде беріледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ