Қысқа дайындық қаралды

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1375
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бұл жолғы Үкімет отырысында алдағы қысқа дайындық, электр энергиясын үнемдеу және «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру нысандарын салу барысы қаралды. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде салаға жауапты министрлер мен бірқатар өңір әкімдері хабарлама жасады.

Алдымен ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елдегі энергия таратушы кәсіпорындардың қысқа дайындық жұмыстарының аяқталуға жақындағанын мәлімдеді. Биыл 10 энергия торабына, 61 энергетикалық қазандыққа және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 25 мың шақырым электр тарату желісін, 6 300 аралық стансыны жөндеу жоспарланған. Бүгінде осы бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Электр стансыларында 3,7 млн. тонна көмір қоры, 82 мың тонна мазут бар.

Бұдан өзге, министр елдің газ-көлік инфрақұрылымы нысандарының штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, оларға техникалық қызмет көрсету жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады. Қазақстанның оңтүстік өңірлерін жылыту кезеңіне газбен жабдықтау «Қазақстан-Қытай», «БГР-ТБА», «Бейнеу–Шымкент» газ құбырларымен газ жеткізу арқылы және Амангелді кен орнының газы есебінен қамтамасыз етілмек.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымына дайындық мақсатында жұмыс жоспарының бекітілгенін атап өтті. Қазан айының ортасына дейін барлық нысанды, соның ішінде дербес қазандықтар мен инженерлік желілерді дайындау жұмыстары толық аяқталмақ. Қазіргі таңда 11 мыңнан аса білім беру нысаны толықтай жөнделген. Денсаулық сақтау бойынша 6 445 нысанды жөндеу көзделсе, бүгінде соның 98 пайызы дайын. Сондай-ақ, жоспарланған 2 113 шақырым жылу желісінің 2 000 шақырымы жөнделген.

Бүгінде Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыс­тарының жылу желілері шамамен 85 пайызға әзір. Сумен жабдықтау желілерін дайындау бойынша жоспардағы 2 040 шақырымның 87,6 пайызына жөндеу жүргізілген. Дербес қазандықтардың отынға деген қажеттілігі алдағы маусымда 1 227 мың тонна көмір, 122 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінге дейін 1 070 мың тонна көмір, 63,6 мың тонна мазут жеткізілген.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізуде. Облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерінің берген мәліметіне қарағанда, жылыту маусымына   2 617 мемлекеттік балабақшасы, 7 094 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 473 колледж және 130 жоғары оқу орны дайындалған.

ҚР Денсаулық сақтау ми­нис­трі Елжан Біртанов елде 5 774 (жалгерлік және жекеменшік нысандарды есепке алмағанда) денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейтінін атап өтті. Олардың 822-сі орталықтан, 312-сі электрмен, 3 815-сі қатты әрі сұйық отынмен және 825-і газ жабдығымен жылытылады. Республикалық маңызы бар 41 нысанның қысқа дайындығы 98 пайызды құрайды, 37 нысан әзірлік актісін алған, 4 нысанда жұмыс жалғасуда және оны қыркүйек айының соңына дейін аяқтау көзделіпті.

Сондай-ақ, қазір Ұлт жоспарының 59 қадамын жүзеге асыруда энергия үнемдеуге ынталандыру мақсатында сервистік қызметтер нарығын дамыту жұмыстары жүргізілуде. ИИДМБ аясында жылу ұстағыш материалдарды, энергия үнемдейтін шамдарды, энергия тиімділігін арттыратын электр жабдықтарын шығару бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылған. Таяу жылдарға ведомствоның алдында екі ірі міндет қойылыпты. Олар: энергия үнемдеуге ынталандыру тетіктерін кеңейту және энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру. Яғни, ол жергілікті атқарушы органдардың энергия үнемдеудің аймақтық сая­сатын жүзеге асыру бойынша рөлі мен жауапкершілігін арттыруды және мемлекеттік бақылау тиімділігін көтеруді қарастырмақ.

Осы ретте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар жүктей отырып, энергия тиімділігі бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне Энергетика, Ауылшаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, өнім бірлігін өндірудегі энергия тұтыну нормативтерін белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.