ХАЛЫҚ САЙЛАҒАН АУЫЛ ӘКІМІ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖОҚ ДЕП ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Уақыты: 21.11.2021
Оқылды: 1586
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл халықтың өзі тікелей сайлаған ауыл әкімдерінің бірі, Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов 2016-2020 жылдар аралығында Райымбек ауданы, Қайнар ауылдық округінің әкімі болып, аудандағы ілгері ауылдардың көшбасынан көрінуіне бар күш-жігерін жұмылдырған. Ендігі уақытта Панфилов ауылдық округінің тасын өрге домалатуға уәде етуде.

Таулы өңірді өркендетуде іс-тәжірибесі төселген Серік Тоқсейітұлы кандидаттығын ұсынбас бұрын 40 мыңға жуық халқы бар, үлкен 7 ауылдан тұратын Панфилов ауылдық әкімдігінде спорт әдіскері боп еңбек етіп, көпұлтты ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен етене танысып үлгерген. Сайлау қарсаңында ауыл тұрғындарымен үзбей байланыс жасап, онлайн және офлайн форматта кездесулер ұйымдастырған Серік Шаловтың сайлауалды бағдарламасында ауылдық округтің инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, тұрғын үй салу үшін кезектегі тұрғындарға жеке жер учаскелерін бөлуге, ауылдық округ жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуге, әскери-патриоттық клуб ашуға ықпал жасауды өз міндетіне алған. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақталу және сыбайлас жемқорлыққа қай салада болсын жол бермеу, ұрлыққа қарсы құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмысты күшейту де бағдарламаның негізі болып саналады.

– «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша бекітілген Жол картасында көзделген нысандар мен көрсеткіштерді бақылау басты назарда. Сол себепті, сайлауалды бағдарламамда елдің әлеуметтік мәселелері қамтылған. Ауыл тұрғындары үшін көшенің асфальт болғаны, жарықтың жануы, судың тұрақты келуінен басқа маңызды мәселе жоқ. Тұрмыс түзелсе – халықтың әл-ауқаты жақсарады. Ауызсуды айтсақ, Қарабұлақ пен Панфилов  ауылындағы су құбырлары ескіргендіктен жарылыс жиілеп, су келмей қалатын жағдай көп. Оған қоса, арықтардың арналары бітеліп, тұрғындардың бау-бақшасын суаруда қиындықтар туғызуда. Осындай мәселелерді шешу үшін алдымен халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Мәселенің мәнісін түсінген адамның өзі де қарап қалмай қарекет жасауға ұмтылады. Сонымен қатар, Панфилов ауылында осы жылы 21 шақырымдық автомобиль жолдарының жөнделуін қолға алдық. Алдағы жылы полиция пунктінің ашылуына, 2024 жылға қарай ауылдың су құбыры желілерін қайта жаңғырту мен салу жұмыстарын бастау жоспарланған, – деген Серік Тоқсейітұлы Алматыдан небәрі 8 шақырымда орналасқан, Кеңес Одағы Батырының есімін алған ауылда Мәдениет үйінің жоқтығы жанға батарлық жағдай екендігін жасырмады. – Тәуелсіз ел азаматтарының жүріп-тұру, сөйлеу мәдениетімен қоса рухани мұраларды бойға сіңіріп өсуі үшін мәдениет ошағының болуы маңызды. Сән-салтанаты жарасқан еңселі шаңырақта халқымыздың әні шырқалып, күйі ойнап, биі биленіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ал, мегаполиспен іргелес ауылда Мәдениет үйінің жоқтығы өте ұят.

Ендігі кезекте балаларды жайлы балабақшамен қамтамасыз ету, барлық жастағы тұрғындарға арналған заманауи жабдықталған 2 спорт кешенін салу қолға алынады. Ауылдың ажарлы, көшенің көрікті болуына әкім ғана емес, әрбір тұрғын тікелей жауапты. Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен шығуға білек сыбана іске кіріскен Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Тоқсейітұлы «Nur Otan» партиясының «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранымен жұмыс істеуде.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сай жаңадан құрылып жатқан ықшамаудандардың ауызсу, жарық, жол мәселесіне тоқталған ауыл әкімі Серік Тоқсейітұлы «Жол картасы» бойынша барлығының жобалық-сметалық құжаттары жасалып, қорғалғандығын атады. Сондықтан алдағы бес жылдықта атқарылар жұмыстар да нақтыланған.

Алғашқы болып қолға алынған жұмыстың бірі – балалардың ойнауына, жастардың спортпен айналысуына қолайлы аулаларды жасап, жабдықтау. Осы мақсатқа Қызылту ауылына 17 млн.теңге қаржы бөлініп, игерілуде. Сондай-ақ, Қызылту мен Қарабұлақ ауылдарында көпшіліктің игілігіне жарайтын воркаут алаңдар салына бастаған.

Ауыл – елдің тірегі, мәйегі екенін тілге тиек еткен ауыл әкімі өзіне жүктелген жауапкершіліктің салмағын сезініп, сенім үдесінен шығуды мұрат етуде.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы