ЖҮРЕКПЕН ТҮСІНІСКЕН ЖАРТЫ КҮН

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1710
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көгалдағы бос әткеншекті самал жел ырғап, ақырын тербейді. Не шара, жазмыштан жалт бұрылып кете алмаймыз. Ондайда сынға шыдас бергеннен басқа амал жоқ. Әйтсе де, бүлдіршіндердің не жазығы бар еді? Олар да өмірге еркелеуге хақылы. Олар да арманының орындалғанын қалайды. Өзі азғантай ғана ғұмырдың осыншама тауқыметке толы болғаны несі?! Ей, тәкаппар дүние, сонша қатал болармысың?! Мен білсем, Тәңір - ең құдіретті табиғат. Ал адам сол табиғаттан жаралған туынды. Кейде қыс, кейде көктем, кейде жаз сияқты әркелкі. Күрең күздей күңіреніп тұратын сәттері де болады. Сонда күзде түскен ағаштың жапырағы секілді бұлардың да өмірі ерте сола ма? Әлде дүлей дауылға қарсы біткен бұтақтай қайта бой көтере ме? Мені толғандыратыны осы. Олар тағдырдың ауыр соқпағынан селт етпей, қандай қиындық болмасын, қасқайып қарсы тұрады. Әрі өмірдің ұзақ та шаңғыт жолында сан мәрте сүрінсе де, мойымай қайта түлеп, бір ғажайыптың болатынына сенеді. Олар маңайына мейірім төгіп тұратын сәуледей жып-жылы. Тұла бойымды жазып, кемтар болып жаратылған жандардың жай-күйі, өмір сүріп жатқан ортасы, ахуалы қандай деген сауалға жауап іздеуді жөн санадым. Дарбазасы биік шағын ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат санап, алға қарай аяңдай бердім.

Бұл – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Бәйтерек» күндіз  болу  орталығы. Аталған ғимараттың іргетасы 2006 жылы қаланған. Қазір мұнда 109 бала тәрбиеленуде. БЦП, даун синдромы, аутизм, шизофрения секілді ауруға шалдыққандар, сондай-ақ, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін және психоневрологиялық ауруларға душар болған балалар сабақ алады. Жас шамалары 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі аралықта. Қашанда  кемтар жандарға көмек көрсететін елдің келешегі де кемел болатыны мәлім. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетуге тиіспіз. Бұл – бәріміздің қоғам алдындағы парызымыз. Ұлы бабамыз әл-Фарабиден «Қай елді бақытты деп айтамыз?» деп сұрағанда: «Қайыршысы жоқ, кемтар жандарға қол ұшын беретін ел бақытты», – деген екен. Орталықтың басшысы Ләззат Әбдрахманова өзі басқарып отырған мекеменің міндеті мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып отырған  жағдай туралы   баяндап берді:

– Елбасы Жолдауында  мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлу қажеттігі туралы айтылған болатын. Осы орайда мекемеде жоғары дәрежелі білікті мамандар қызмет атқарады. Олардың ішінде дәрігерлер, медициналық мейірбикелер, психологтар, педагогтар, мәдени іс-шараларды ұйымдастырушылар, музыка жетекшісі, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, тұрмыстық қызметкерлер, заңгерлер қызмет атқарады. Қызмет алушылардың қажеттілігін бағалау негізінде мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасын ескере отырып, мамандар әр қызмет алушыға жеке жұмыс жоспарын әзірлейді.

Оған барлық нормалар мен талаптарға сәйкес оңалту шаралары, емдік, білім беру қызметтері мен мәдени іс-шараларды өткізу, тамақтандыруды ұйымдастыру,  ұйым мамандарының кабинеті қажетті жиһазбен және мамандандырылған жабдықтармен жабдықтау негізінде бөлмелермен қамтамасыз етілген әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер кіреді. Сонымен қатар, орталықта балаларға барлық қажетті әлеуметтік-медициналық көмек көрсетіледі. Мамандар күнделікті балалардың денсаулықтарының жағдайын бақылап отырады. Оларға массаж жасау, физио­терапия, емдік дене шынықтыру мен шынығу шараларын жүргізіп, тиісті кеңестер береді. Бір қуаныштысы, олар емдеудің озық нысандарын пайдаланады. Мәселен, әлем елдерінде сирек кездесетін Бобат терапиясы, кондуктивті педагогика әдісі және аяқ-қолға арналған «АДЕЛИ» костюмін пайдалана отырып, динамикалық проприоцептивтікті түзету әдістері бар. Дене мүшелерін қалпына келтіру үшін спорттық-ортопедиялық пневмотренажер аэрокомбинезонында жаттығу жасайды. Бекітпесі мен күртешелері бар вертикализаторларды пайдалану арқылы емдеу,  жүруге арналған құралдар, тіреуіш құрылғысы, шарикті бассейн сияқты көптеген әдіс­тер арқылы көмек көрсетеді, – дейді орталық басшысы.

Әлеуметтік-психологиялық қыз­меттер орталықта ерекше орын алады. Онда балалармен жұмыс істеу­дің әртүрлі әдістері қолданылады. Оған әңгімелесу, көрнекілік әдісі, тәжірибелік-әрекеттік әдістер, дәстүрлі емес әдістер, ертегі терапиясы, ойын терапиясы, қуыршақ  терапиясы, А. Н. Стрельникованың тыныс алу гимнастикасы әдісі, Е.В. Но­викованың зондтық массаж жасау әдістемесі жатады. Бұл әдістердің барлығы балалардың танымдық процес­терін дамытуға, психо-эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Психоневрологиялық паталогиялары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға жартылай стационарлық үлгіде  4-тен 10 сағатқа дейінгі аралықта арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді.

Әлеуметтік-мәдени қызметтерге көп көңіл бөлінеді. Ең алдымен, балаларды  тәрбиелеу мақсатында эстетикалық сезімін дамыту, музыка мәдениетінің элементтерін қалыптас­тыру, ұжымдық дағдыларын дамыту, қозғалыс үйлесімділігін, би қозғалыс­тарының элементтерімен таныстыру, үйрету және кеңістікте бағдар жасай алу қабілеттері басты назарға алынады. Жыл бойы «Бәйтерек» күндіз  болу  орталығында  балаларға мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, тақырыптық мерекелер, мерейтойлар, туған күндер өткізу, ертеңгіліктер, экскурсиялар, театрларға, көрмелерге, концерттерге бару және басқа да мәдени, тынығу іс-шараларын айтуға болады.

2013 жылы «Бәйтерек» күндіз болу орталығы «Жақсылық істе» жобасын өткізу негізінде Назарбаев зияткерлік мектебімен екі жақты достық қарым-қатынас меморандумына қол қойған. Бұл орталық балаларының мектепке саяхат жасауына, көркем- өнерпаздар үйірмесінің концертін тамашалауға, өз өнерлерін де көрсетуіне мүмкіндік береді. Болашағынан зор үміт күтілген  мектеп оқушыларымен араласу екі жаққа да тиімді екені даусыз. Осыған орай мектеп балалары апта сайын орталықтың жеткіншектеріне ағылшын тілін  ойын түрінде оқытып, қызықты сабақтар өткізеді. Тағы айта кететіні орталықта әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған кабинеттер бар. Атап айтсақ, логопед, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, дефектолог, психолог, медициналық, физио, массаж, еңбекке баулу, сезім дамыту, топтарға арналған кабинеттер және музыка залы. Балаларды үйлерінен «Бәйтерек» күндіз болу орталығына, одан  үйлеріне тасымалдау үшін үш автокөлік бөлінген, оның біреуі гидравликалық көтергішімен жабдықталған. Балалар жас ерекшелігі мен жеке мүмкіндіктеріне, әлеуметтік дағдылары мен когнитивті дамуына орай топтарға бөлінеді. Күнделікті өткізілетін сабақтардың ұзақтығы 15 минуттан 45 минутты құрайды. Балалар күніне бес мезгіл тегін тамақтанады. Тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға барып емделеді.

Ешкім мүгедек болайын демейді. Ананың алтын құрсағынан мына жарық дүниеге кемтар болып келіп, өмір бойы мүгедек болып өтетіндер бар. Жалындаған жастық шақта атша шауып жүріп, жазатайым мүгедек болып қалатындар да кездеседі. Оларға оттан, судан, түрлі төтенше жағдайлардан, жол-көлік оқиғаларынан он екі мүшесінің бірінен айырылып немесе бір мүшесі кем болып қалатындарды қосыңыз. Әйтеуір, толып жатқан осындай оқиғалардан жұмыр басты пенде мүгедек болып жатады. Ондай азаматтар адам өміріне бір-ақ рет берілетін мына жарық дүниеде аман қалғанына шүкіршілік етіп, жан жарасын жазуға талпынады, бар күш-жігерін жиып, өмір сүруге құлшынады.

Мекеменің ішіне кіргенімде ән сабағы жүріп жатыр екен. Балалар ағайларына қосылып «Атамекен» әнін хормен айтуда. Қолдарын кеуде тұсына қойып, патриоттық сезіммен барынша беріліп орындауда. Міне, нағыз Отанын шын сүйетін осы балалар десем қателеспеспін. Себебі, сәтсіздіктен сабақ алып, әр күніне шүкіршілік етеді. Осы елдің перзенттері болғанына дән риза. Туған жердің топырағынан жаралғанын  мақтаныш тұтады. Бұдан асқан бақыт жоқтай сезінеді. Жанарларының ішіндегі жалынды көріп көңілім бір босап қалды. 2011 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан музыка жетекшісі Ержан Айтмұхамбетов балалардың өмірге құштарлығын, білуге, машықтануға, үйренуге қызығушылығын арттыру мақсатында аянбай тер төгіп келе жатқан маманның бірі.

– Балаларға әбден бауыр басып қалдық, топтағы балалардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Барлығын туған баламыздан артық көрмесек, кем көрмейміз. Олардың еңбекке қызығушылығы соншалықты шынайы екендігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейбірінің сөйлеуге, естуге мүмкіндігі болмағанымен бір-бірімізді жүрекпен түсінісеміз. Олар адамның қас-қабағына қарап, көңіл-күйіңнің қандай екенін сезіп қояды, – деп жылы жымиды.

Баланың қабілет-қарымын, мінез-құлқын ескере отырып, сабырлылық танытқан жерде ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығын байқадық. Әр баланың өзіндік арманы бар. Қандай істі қолға алса да құлшыныспен, жауапкершілікпен атқарады. Балалардың жасаған жұмыстарына қарап сүйсінесің. Шығармашылық жұмыстарымен де танысып көрдім. Түрлі байқауларға да қатысып тұрады. Солардың бірі – ұстаздарының мақтанышы Тілеужан Қалдыбай. Ол әдеби кітаптар оқығанды ұнатады. Үйінде ата-анасына үй шаруа­сын атқаруға да көмектеседі. «Айналдым, елім», «Тұлпарым», «Үкілім-ай», «Үкілі қыз», «Атамекен», «Ақ мамам», «Қуанышым менің», «Әке-ана», «Анашым», «Үшқоңыр», «Мен бақытты баламын!», «Батырлар ұраны», «Отан» әндерін орындайды. 2016 жылы «Жұлдызай» фестивалінен вокал номинация­сы бойынша Алғыс хатына ие болса, 2017 жылы «Кедергісіз келешек» фес­тивалінде І орынды иеленген.

– Мен өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Себебі, еліміз тыныш, іргеміз бүтін. Жанымда жанашыр жандар бар кезде, мен кедергілерден қорықпаймын. Қайта үнемі биікке ұмтылуға тырысамын. Ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді Тілеужан.

Сонымен қатар Қуаныш Асқарбеков, Ақжол Меңлібай, Айдана Ержанқызы, Аслан Оралхан сынды дарынды балалар да тәлім алып жатыр. Олардың жеткен жетістіктерін бір жіптің бойына тізу мүмкін емес. Таланттарымен талайды таңғалдырады. Музыка мұғалімі Жанна Әділханқызы балалардың биіктен көрінуіне барынша күш салып келеді. Ол кісінің еңбегін ескермей кетуге болмас. Расында мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкін емес дүние болмайтынын дәлелдеуде.

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың көбеюі елімізді алаңдататыны белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың біздің қоғамымыздағы орны қандай?! Біз оларға «жеке тұлға» деп қағаз жүзінде қарағанымызбен іс жүзінде олардан бойымызды алшақ салып жүрген жоқпыз ба деген сұрақтар туындайды. Бүкіл әлемді алаңдатқан бұл мәселеге қай ел болмасын бейжай қарамайтыны анық. Дегенмен де, елімізде бұл мүгедек жандарға барлық жағдайлар жасалуда. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың негізгі  құқықтарын қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі екені рас. Өкінішке орай, елімізде 640 мыңға жуық мүгедек бар, олар халықтың 3,3 пайызын құрайды. 266 мыңы еңбекке қабілетті. «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүгедектерге көмектесіп, оларды жұмысқа тартуда бірқатар іс атқарып келеді. Қазақстан БҰҰ мүгедектерді қорғау туралы конвенциясына қол қойды. Сондықтан мүгедектерді қоғамға кіріктіру, инфрақұрылымдық жағдайдың сәйкес болуы өзектілігін жоғалтпаған мәселелерге айналып отыр.

Бүгінде денсаулықты нығайту және мүгедектікке әкеп соғатын патологияларды азайту мәселесінде, ең алдымен балалардың бойындағы ауытқушылықтарды, олардың сәби кезінде уақытында анықтау бойынша жұмысты күшейту керек. Мысалы, кемтар балалардың үштен бірінің мүгедектігі – туа біткен кемістіктердің әсерімен байланысты. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Бұрынғыдай оларды бақытсыз адам ретінде қарамай, қоғамның белсенді мүшесі және қоғамдағы орны  тең құқықты екенін  халыққа ұғындыру қажет. 

Қазақ халқында амандасу: «Күйлі қуаттысың ба?» – деген сөзден басталса, тілек айтсақ ең алдымен «зор денсау­лық» деген сөз тіркестерін күнделікті өмірімізде жиі қолданамыз. Бірақ, ба­йы­бына барып, мағынасын терең зерделемейтініміз хақ. Өзіміз ауыра қалсақ: «Басы ауырып балтыры сыздамаған денсаулықтың қадірін  қайдан білсін?» – деп те жатамыз. Осының бәрі түптеп келгенде денсаулықтың маңыздылығын аңғартады. Дені сау ұрпақ – болашағымыздың тірегі.    

К

 

емтар балалармен өткізген жарты күнім жаныма сәуле төккендей болды. Олардың мұқалмаған жігерін көріп, өзімнің өкінішімнің түкке тұрмайтынын сездім. Көңіл көзесіне сабырлықтың саумалы құйылғандай. Ауыр тағдыры арқаларына батса да, ақжарқын жүздерінен боямасыз бақыттың иісі аңқып тұр. Барынша өнерлерін көрсетуге тырысады. Он екі мүшесі бүтін біздің қолымыздан келмейтін дүниелерді жасауда. Қарап тұрып қызығасың. Кетерде соңымыздан жаутаңдап қалды. Әңгімелері де таусылар емес. Қимай қоштастым.

Күнделікті күйбең тіршілік қамымен жүріп, айналамыздағы жайттарға мән бермейтініміз жасырын емес. Зуылдаған көліктер. Жұмысына ағылған жұрт. Орталықтан шыға бере бір жайтқа тап болдым. Көзі нашар көретін бір азамат таяғын тықылдатып аялдамадағы жұрт қатарына қосылды. Әне-міне, дегенше, автобус келіп, жұрт бірін-бірі қағып-соғып, ашылған есікке қарай лап қойды. Зағип азамат баяу жүрісімен автобусқа іліне алмай қалды. Жолаушыларын жинап алған автобус жүргізшісі де, кондуктор да ол кісіге мән берген жоқ. Әлгі кісі «Әй...» дегендей, болды. Иә, мұндай көріністер қаншама?!

Мүгедек те – қоғамның толыққанды мүшесі. Алайда осы тұрғыдан қоғамдық көзқарас әлі күнге дейін дұрыс қалыптаспай келе жатқаны қынжылтады. Қоршаған ортада адамдардың жылы алақаны мен қамқорлығына мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандар жетерлік. Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында тағдыр тәлкегіне ұшырап, мүгедек болып қалған балалары үшін торғайдай шырылдап, көмек сұрайтын ата-аналардың жанайғайы жиі естіліп жүр. Дүние есігін жаңа ашып, өмірге енді қадам басқан, бірақ, құрбы-құрдастарымен бірге асыр салып ойнай алмай, қақпанға түскен киіктің құралайындай екі көзі жәутеңдеп, сал ауруына ұшырап, төсекке таңылған сүйікті сәбиінің осы халін көріп отыр­ған ата-ананың қайғы-мұңын қалай жеңілдетуге болады? Өмірде бір-ақ рет берілетін мына жарық дүниенің ақ сәулесін, қызығын өз көзімен көре алмай, зағип болған балалардың айықпас қайғысы мен мұңы кез келген өзекті жанның жүрегін жылатады, шерлендіреді. Доп қуып жүретін баласын анасы арбаға отырғызып алып, сүйреп бара жатқанын көрудің өзі азап. Ана жүрегі бұл азапқа қалай шыдасын? Қайғырады, жылайды. Бірақ жазылмас кеселге қарсы тұрар дәрмені жоқ. Оларды  бірі бағалайды, бірі мүсіркей қарайды. Бәлкім, қиялы күңгірт, тірлігі теке-тіреске толы, жүрегі түйір мейірімнен ада адам ғана мұндайға селт етпейтін шығар.  Ал мүмкіндігі шектеулі адамның әр ісіне, сөзіне мән беріп, оларды өзімен тең көріп, мейлінше қолдау көрсетіп жатса, бұл бағалау болар. Адам адам үшін өмір сүреді. Адамның жарығы адамға түсетінін ескерсек, адамзаттың артықшылығы ақылынан басқа неде? Мейірімді болайықшы.

Мұхтар КҮМІСБЕК.