БӘРІ ӨЗГЕРЕДІ. КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІМЕН ӘҢГІМЕЛЕСТІ

Уақыты: 05.12.2021
Оқылды: 1179
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл да аяқталуға таяды. Бұл уақыт он екі айда атқарылған жұмыстардың нәтижесін көретін кез. Осы мақсатта «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің тілшілері аудан, ауылдарды аралап, елдің тыныс-тіршіліктерін көріп қайтады. Бұл жолғы іссапар Кербұлақ ауданында жалғасты. Күреңбел өңіріне арнайы ат басын бұрған біз алдымен аудандық әкімдікке бас сұғып, сала мамандарымен тілдестік. Бұдан соң аудан әкімі Ғалиасқар САРЫБАЕВПЕН жолығып, өңірдің бүгінгі бет алысы жайында сұрап білдік.

– Ғалиасқар Төлендіұлы, Күреңбел өңірі – құт-береке дарыған елді мекен. Ендеше, түгін тартсаң майы шығатын осындай киелі жердің, іргелі ауданның бүгінгі бет алысы жайында нендей ой айтар едіңіз?

– Уақыт бір орында тұрмайды ғой. Заман жылжып, уақыт озған сайын бәрі өзгереді. Осындайда «Елу жылда ел жаңа» деген мақалды еріксіз ойға алады екенсің. Жалпы, бұл аудан жайлы жалықпай айта беруге болады.

Өзім осы жердің тумасымын. Бұл жерде небір азаматтар өмірге келіп, алысқа қанат қақты. Көпке танылып, ауданның атын шығарды. Ол туралы талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Өздеріңіз байқағандай, соңғы жылдары Сарыөзек ерекше күйге еніп, дамып келеді. Жаңаша жарқырап, өзгерген аудан орталығында заман талабына сай әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жаңа ғимараттар салынуда. Тозығы жетіп, ескіргендері күрделі жөндеуден өтіп, шетінен жаңаланып жатыр. Оңтүстігінен орын тепкен жаңа баспаналар да ел игілігіне пайдалануға беріліп, әрі-бері өткен жолаушыны таң-тамаша етуде. Бүгінде өндірісті өрістетіп, шағын және орта кәсіпкерліктің тасын өрге домалатуда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Жаңа тұрғын үйлер салуды жалғастырып, көгалдандыру, абаттандыру мәселесінде қолға алынып жатқан іргелі істер баршылық. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін еңбекке баулып, тұрғылықты халықты жұмыспен қамту сияқты игі істер біртіндеп жолға қойылып келеді. Жалпы, қай салада болсын алға басу бар деп айтсақ болады. Мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында да біраз істің басы қайырылып, атқарылуы тиіс шаруалар оң шешімін табуда. Өткен он айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі көрсеткендей, ауданымыз барлық макроэкономикалық көрсеткіштерді табысты орындады. Жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап, экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, алға қойылған межелерді орындауға күш салатын боламыз.

– Жалпы, бұл жер мал және егін шаруашылығымен айналысуға қолайлы өңір екенін білеміз. Ендеше, осы салалар бойынша атқарылып жатқан игілікті істеріңіз көп шығар?

– Әрине, бізде мал және егін шаруашылығы негізгі салалар болып саналады. Өңірде астық көп өсіріледі. Шаруаларын шалқытқан малшылар да төрт түлігін тау етегінде өргізіп, тіршілік кешуде. Осындай еңбекқор жандардың маңдай терлерінің арқасында ауылшаруашылығы саласында өткен он айда  46 млрд. 79 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғары. Айта кетейін, өнім өндіру бойынша ауданда 45 заңды тұлға, 2129 шаруа қожалығы бар. Олардың пайдалануына 112 910 гектар егістік, 5516 гектар шабындық, 364 503 гектар жайылымдық жер бекітіліп берілген. Оның ішінде 96 608 гектарға дәнді дақылдардың тұқымы себіліп, орташа өнім 17 центнерден айналды. Нәтижесінде қамбаға 171 300 тонна астық бастырылды. Бұдан басқа картоп, көкөніс, бақшалық және майлы дақылдар өсіріледі.

Биылғы ауа райының құрғақшылығына қарамастан аталған дақылдардан ойдағыдай өнім алынып, 63 мың тонна картоп, 6 мың тоннадан аса көкөніс пен бақшалық және 1 мың тоннадан аса майлы дақылдар жиналды. Өздеріңіз білесіздер, ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін техниканың атқаратын рөлі ұшан-теңіз. Осыған байланысты машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына көңіл бөліп келеміз. Мәселен, жыл басынан бері 700 млн. теңгеге 65 дана ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде отыз трактор, үш комбайн, жеті жол құрылысына қажетті және жиырма бес басқа да техника бар. Лизинг компаниялары арқылы отыз техника сатып алынды.

– «Қыс қыспайды деме» деген бар емес пе? Жалпы, осы мезгілге қажетті мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлеп алған боларсыздар?

– Қыстан қысылмай шығудың қамына ерте кезден кірісіп, жемшөпті молынан әзірлеп алуға күш салдық. Нәтижесі жаман емес деп ойлаймын. Мәселен, 195 100 тонна шөп, 52 мың тонна сабан, 34 200 тонна пішендеме, 32 мың тонна жем дайындап алдық. Бір сөзбен айтқанда, қысқа әзірлік жүз пайыз. Көрші Бақанас, Көксу және Панфилов аудандары шаруа қожалықтарынан 150-180 тонна шөп жеткіздік. Ауылшаруашылығы құрылымдарында 7380,1 гектар шабындық жер бар. Бұдан басқа шаруа қожалықтары 10 700 гектар алқапқа көпжылдық шөп эспарцет екті. Бұған қосымша, Қоғалы аумағындағы тау бөктерлерінен, Көксу, Аралтөбе аумағында орналасқан орман шаруашылығы және Басши ауылдық округінде орналасқан Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан шөп дайындалды. Барлық қыстау мал ішетін су тоғандары және құдықтармен қамтамасыз етілді.

Өткен жылы сегіз шаруа қожалығы күннен қуат алатын электр қондырғыларын орнатып, құдықтарынан су шығаруға пайдаланып отыр. Ауданда 237 мал қыстауы бар, жайылым алқабы 165 900 гектар. Сарыбұлақтағы Сарыесік атырау, Жоламан алқабы, Қарашоқы, Сарыбастау, Шанханай және Басши ауылдық округтерінде 10 мыңға жуық ірі қара, 55 мыңнан аса қой-ешкі, 3 мыңнан аса жылқы қыстайды. Бұл дегеніміз, жалпы шаруа қожалықтары малының 64 пайызын құрайды. Айтып өтейін, аудан бойынша 61 мыңнан аса ірі қара, 299 мыңнан аса ұсақ мал, 20 мыңнан аса жылқы ,70 мыңнан аса құс, 70-ке жуық түйе бағылады. Осы төрт түліктен 8887 мың тонна ет, 37 194 мың тонна сүт, 7 миллионнан аса жұмыртқа, 508,6 тонна жүн өндірілді.

– Тозығы жеткен су қоймаларының бөгендеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді ме?

– 2020-2021 жылдары Аралтөбе және Еңкөл су қоймаларына 1млрд. 309 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Матай» су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу үшін 50 млн. теңге қаражат қарастырылып, бүгінде оның құрылысы басталды. Жоба құны 197 млн. 95 мың теңге. Сондай-ақ, «Жаманбұлақ» су қоймасына 50 млн. теңге бөлініп, қазіргі кезде жөндеуден өтуде. Жоба құны 149 млн. 412 мың теңге. Келесі кезекте «Талдыбұлақ» су қабылдағышына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

– Ауызсу мәселесі өзекті. Бұл проблема сіздерде қалай шешімін тауып жатыр? Газ тарту мен жол жөндеу жұмыстары туралы да айтсаңыз?

– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қазір жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Аудан бойынша 63 елді мекеннің 37-сі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Яғни, бұл орайдағы көрсеткіш 58,7 пайызды құрайды. Сондай-ақ, он үш елді мекенге су жүйесін тарту жоспарлануда. Қалған 13 елді мекен теміржол разъездері. Бүгінгі күні Аралтөбе, Талдыбұлақ ауылының сумен жабдықтау жүйесінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп,  республикалық бюджетке өтінім берілді. Шаған, Шилісу, Қарашоқы ауылдарының су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қосағаш, Қарымсақ, Ақбастау, Тастыөзек ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылысы мен жаңғыртуына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сарыөзек ауылының ауызсу жүйесінің құрылысы мен төртінші кезекті қайта жаңғырту жұмысы басталды. Талдыбұлақ, Алтын-емел, Шанханай, Сарыбұлақ, Сарыбастау, Қаспан, Шұбар ауылдарының ауызсу жүйесі ағымдағы жөндеуден өтті.

Өткен жылдың 17 қыркүйегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен ауылдарды газдандыру бойынша «Дәуір капитал» ЖШС арасында мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша 1 млрд. 825 млн. теңгеге келісімшарт жасалды. Оның 20 пайызы жергілікті бюджеттікі, 80 пайызы инвестордың қаражаты. Биыл бюджеттен 341 млн. теңге бөлініп, 114 млн. теңгесі игерілді. Жоба бойынша магистральдың ұзындығы 122 шақырымды құрайды. Жұмыстың 95 пайызы орындалды. Сонымен бірге, 41 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жылы алты ауылға 248 млн. теңге бөлініп, ішкі көше жолдары орташа жөндеуден өтуде. Оның екеуі аяқталды. Төрт ауылдың кірме жолдарына 249 млн. теңге бөлініп, құрылысы жүріп жатыр. Оның екеуі бітті.

– Инвестициялық жобалар, шағын және орта кәсіпкерлік, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы жайлы әңгімелесеңіз?

– Облыстық Өңірлік үйлестіру кеңесінен өткен 27 инвестициялық жоба тіркелді. Жалпы құны 613 млрд. 512 млн. теңгені құрайды. Олардың ішінде жұмыс істеп тұрған және құрылысы басталған жобалар бар. Атап өтер болсам, 2020-2024 жылдарға арналған республиканың «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына енген «Ала-Цем» ЖШС-нің цемент зауыты өткен жылдан бері жұмыс істеп тұр. Былтыр бұл зауыт 2 млрд. 941 млн. теңгенің, биыл 16 млрд. 267 млн. теңгенің өнімін өндіріп, 708 млн. теңге бюджет төлемдерін жасады. Нарыққа былтыр 247 мың тонна цемент өнімдерін шығарса, өткен тоғыз айда 286 мың тонна шығарды. Кәсіпорында барлығы 563 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 189 мың теңге. Биыл «Жарық Энерго» ЖШС Көксу өзенінде қуаттылығы 37 мГвт ГЭС-тің 1 каскадының құрылысын бастады, жобалық құны 4 млрд. 500 млн. теңге. ГЭС-тің құрылысы 2021–2025 жылдарға жоспарланған. Бес каскадтан тұратын құрылыстың жобалық құны 27 млрд. теңге.

Нысан іске қосылған кезде 67 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысты жүргізуге 88,7 гектар жер телімі берілді. Ал Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқуды 92 адам аяқтап, 82 адам жұмысқа орналастырылды. Екінші бағыт бойынша ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту үшін 20 адамға шағын несие алуға жолдама беріліп, 18 адам 91 млн. теңге шағын несие алды.Үшінші бағыт бойынша 31 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 80 адамға 46 млн. 672 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 3 мың 628 кәсіпорын тіркелген. Қазір бұл салада 8 мың адам тұрақты жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы 166 966 теңге. Бизнес секторында 19,4 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Шағын және орта бизнестен 510 млн. теңге бюджет төлемдері түсіп, өткен жылдан 27,3 пайызға өсті.

– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Айшықты мерекеге қатысты айтар ойыңыз бар ма?

– Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінгі күнге дейінгі барлық жетістікке тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде талай өзгеріс орын алып, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыс атқарылды. Қазір елде білім, ғылым, денсаулық, спорт, тағы басқа салалар даму үстінде. Сондықтан, Тәуелсіздік біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады. Айта кетейін, осыған байланысты біздің ауданда театр ашылды, облыстық байқауда жиырма төрт театрдың ішінде Күреңбел театры екінші орынды иеленді, өнер мектебі салынды, Зылиха Тамшыбаеваның 85 жылдығы, Әбікен Сарыбаевтың 95 жылдығы аталып өтті.

– Уақытыңызды бөліп, мазмұнды әңгіме өрбіткеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы