НАҚТЫ ІС НӘТИЖЕЛІ

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1149
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен селекторлық жиын өтті. Басқосуда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін әрі қарай тереңдете жаңғырту тұжырымдамасы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде маңызы бар жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Илимжанова аталған мәселелер бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту екі кезең арқылы іске асырылады.

– Бірінші кезеңде стандарттарды жетілдіру мен арнаулы әлеуметтік қыз­меттердің атаулы сипатын күшейту қолға алынып, әлеуметтік күтімнің баламалы түрлері арқылы шағын сыйым­дылықтағы үйлер мен күндізгі орталықтар дамытылады. Нәтижесінде, әрбір жергілікті атқарушы орган қиын жағдайда қалған жандарды қоғамға кіріктіруге күш салатын болады. Реформада арнаулы әлеуметтік қызметтерді қаржыландыру жүйесін қайта қарастыру көзделген. Әлеуметтік қызметтердің кейбір түрлері мен техникалық оңалту құралдарын алу үшін кезең-кезеңмен бірыңғай  «Әлеуметтік карта» енгізіледі. Сонымен қатар, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесін жетілдіру жұмысы жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда қызмет көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлер қысқа мерзімді біліктілікті жетілдіру курстарынан өтуде. Әр үш жыл сайын әлеуметтік қызметкерлер білімі мен біліктілік, іскерлік сертификаттарын растау үшін қайта даярлаудан немесе қысқамерзімді  біліктілігін жетілдіру курстарын оқиды. Екінші кезеңде жұмыс істеп тұрған медициналық-әлеуметтік ұйымдардың тыныс-тіршілігі бақылауға алынады. Сонымен қатар, интернат үйлеріндегі мүмкіндігі шектеулі балаларды патронаттық тәрбиеге беру жұмысы да іске аспақ. Әсіресе, ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтер қолжетімді болуы тиіс. Ауылды жерлерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін нысандарды салу үшін жеке кәсіпкерлерді тарту жоспарланған. Оларды ынталандыру үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың нақты шығыстарын ескеріп, қызметтердің тарифі және стандарттар қайта қаралады. Өз ойын осылай жеткізген  басқарма басшысы концепция жобасы туралы айтып берді.

Баяндама аяқталысымен Жақсылық Мұқашұлы тікелей байланыс арқылы Көксу ауданы әкімінің орынбасарына аталған концепция бойынша ұсыныс-тілектері мен атқарылған жұмыстар туралы сауал қойды. Бірақ концепция жөнінен мүлде бейхабар аудан әкімінің орынбасары көңіл қуантарлық жауап айтпады. Дәл сол сұрақ Балқаш, Талғар және тағы да басқа аудандарға қойылғанымен нақты жұмыс жоспарын айтқан ешкім болған жоқ. Аудан әкімі орынбасарларының өз жұмысына салғырт қарағанын айтқан Жақсылық Омар алдағы уақытта нақты істің нәтижесін көрсетуді талап етті.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бірінші қолдау білдіретін билік өкілдері екенін естен шығармаңыздар. Сіздерге жіберілген концепция бойынша ауданда, ауылда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, жұмыс жасауларыңыз керек еді. Олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, нәтижесін шығарып, жоспарына енгізіп, сол бойынша жұмыс атқаруға болады ғой. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің түрлерімен терең таныстыру сіздердің негізгі жұмыстарыңыз. Ал осы жұмыс­ты бақылап, күнделікті аудандармен байланыс орнатып, тіпті, қажет десеңіз арнайы аудандарды аралап нақты әрі нәтижелі жұмыс жасау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасына жүктелген. Алайда жұмыс өз деңгейінде атқарылмаған. Зайда Әбдімананқызы және аудан әкімдерінің орынбасарлары осы жұмысты он күн ішінде бітіріп, өздеріңіздің ұсыныстарыңызды айтатын болыңыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын соңында Жақсылық Мұ­қаш­ұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нәтижелі жұмыс көрсетуі үшін демеу­шілерді тауып, қолдау көрсету керектігін атап өтті. Сонымен қатар, барлық аудан, қала әкімдеріне, басқарма қарамағындағы мекемелерге «Мүмкіндігі шектеулі жастарды қолжетімді спорт  түрлерімен шұғылдануға баулу» әлеуметтік жобасына үлес қосуды тапсырды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА.