Имам мен теолог тапшы

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1192
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жат ағымға кеткен қандас­та­рымызға әр сөзі «Алла» деп басталған кешегі жыраулар мен ақындардың, ғұламалардың шы­ғармашылығын арқау етіп, салт-дәстүрімізді алға тартып үгіт-насихат жұмысын көптеп жүргізу қажет. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес мүшелерімен өткен отырыста осылай деді.

Бүгінгі таңда дәстүрлі дінімізден ауытқып жатқан жандар баршылық. Оларды ата жолына қайтару үшін діни басқарма, мешіт имамдары және дін саласына байланысты ақпараттық түсіндіру топтары жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Осыған орай, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев баяндама жасап, аталмыш әкімдік жанындағы бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы және діни ахуалы туралы есеп берді. Сонымен қатар, облыс орталығындағы орта мектептегі 23 оқушы қыздың хиджаб киіп жүргендігін атап өтті. Дегенмен, осындай әсіредіншілдікке бет бұрған жастарға дұрыс бағыт сілтеу үшін ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, кездесу ұйымдас­тырылып тұратындығын алға тартты.

Жиында Сарқан мен Алакөл аудандары әкімдерінің орынбасарлары сөз алып, аймақтағы діни ахуал мен бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарды әңгімеледі. Олар қазіргі таңда қос ауданға ді­ни теолог қажет екендігін айтып, бұл мәселені облыстық дін басқарамасының шешіп беруін алға тартты. Сонымен қатар, айдынды Алакөл ауданы, Достық кентінде жат ағымға кеткен жандардың саны өткен жылмен салыстырғанда біршама артқандығы сөз етіліп, осы мәселенің түп төркіні теологтың  жоқтығынан деген уәж айтылды. Сонымен қатар, өз кезегінде сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы полиция полковнигі Алмат Бердібеков ҚР діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған жұмыстар жайлы баяндама жасады.

Жиын барысында Жақсылық Мұ­қаш­ұлы өңірімізде имамы жоқ мешіттер бар екендігін тілге тиек етіп, дін адамы жұмыс жасамаған жерге кез келген жат ағымдағы жандардың уағыз жүргізіп, жамағат ұстанымына қайшы пікір айтатындығын жеткізді. Бұл – өте қауіпті. Облыс әкімінің орынбасары бір ғана Еңбекшіқазақ ауданында              8 мешіт қараусыз тұрғандығын атап өтіп, бұл ағаттықтың орнын екі ай көлемінде толтыруды қатаң түрде тапсыр­ды. Сонымен қатар, дін саласындағы барша жанға жауапкершілікпен жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

АРДА БИ.