Рухани болмысты жаңғыртатын бастама

Уақыты: 12.09.2017
Оқылды: 2142
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Дархан Кәлетаев:
Латын қарпін енгізу еліміздің рухани болмысын жаңғыртады 

– Латын қарпін енгізу бастамасы жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады. Бұл жайында Парламентте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев мәлім етті. 
Сенатордың айтуынша, кез келген мемлекеттік, халықтық бастаманың табысты іске асуы үшін саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болуы тиіс. «Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді реформалауға негіздеме де, сұраныс та бар деп ойлаймын», – деді Дархан Қалетаев. Оның айтуынша, бұл ұлтымыз үшін, болашақ үшін аса өзекті әрі қажетті жоба екендігі дау туғызбайды. Сондықтан біз «Латын әліпбиі қажет пе?» деген сұраққа емес, «Латын әліпбиін қалай тиімді түрде енгіземіз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. «Бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерін айтпағанның өзінде, төл әліпбилері бар Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек», – деп атап өтті депутат. Оның пікірінше, реформаны жүзеге асыратын атқарушы биліктің, құзырлы органдардың мойнында да үлкен тарихи жауапкершілік тұр. «Біз бірыңғай стандартты халықтың қолданысына енгізудің барынша тиімді әрі жеңіл жолдарын қарастыруымыз керек. Ең бастысы, бұл бастама жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады», – деп түйіндеді Д. Кәлетаев. Айта кетейік, Парламенттік тыңдауға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстарын талқылау қарастырылуда. Талқылауға, сондай-ақ, әліпби жобасын әзірлеуші А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Сауытбек Абдрахманов:
Алфавит ауыстыру – онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, тарихи шешім

– Латынға көшу – болашақтың таңдауы. Бұл туралы Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мәлім етті. «Біз бүгін халқымыз үшін, ұлтымыз үшін, тіліміз үшін, діліміз үшін, рухымыз үшін шын мәнінде тарихи мәні бар, тағдыршешті мәселені қарастырып отырмыз», – деп атап өтті ол. Сондай-ақ, депутат халықтың басым бөлігінің ортақ ойы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келеді дегенге саятындығын айтты. «Жаңа әліпбиді жасау кезінде халқымыздың, өзге елдердің сан ғасырлық жазба тарихы зерделенгені, оған латын жазуының классикалық үлгісі басшылыққа алынғаны жан-жақты түсіндірілуі, бұл таңдаудың ең оңтайлы, ең дұрыс таңдау екенін дау туғызбастай дәлелдеу өте қажетті. Біздің алдымызда талай жылдарға созылатын, жүйелі, табанды түрде жүргізуді қажет ететін қиын жұмыс тұр. Бойымызда бар енжарлықтан, еріншектіктен арыла білсек, ертеңімізді ойлайтын ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, елдігімізді еңселендіргіміз келсе бұл іске тәуекеліміз тұруға тиіс. Алфавит ауыстыру алдағы онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты. Сондай-ақ С. Абдрахманов жаңа әліпби бірінші кезекте кім үшін маңызды деген сұраққа тоқталып өтті. «Бұл балалар үшін аса маңызды. Жазуымызды жаңартып, санамызды сілкіндіріп, елдігімізді елегіміз келсе, бұл іске тәуекелге баруымыз керек», – деп атап өтті ол. 

Нұрлан Нығматулин:
Жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек

– Латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті. «Баршаңызға мәлім, қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы – жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұра. Сондықтан латын жазуына көшу – зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр», – деді Мәжіліс Төрағасы «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда. Осы орайда           Н. Нығматулин парламенттік тыңдауға жаңа әліпбиді жасаған авторлар арнайы шақыртылғанын, сондай-ақ олар бұл жобаны таныстыратынын атап өтті. «Бүгін біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек», – деп түйіндеді сөзін ол. Айта кетейік, парламенттік тыңдауда жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілгені айтылды. Бұл жайында аталған орталықтың директоры Ербол Тілешов баяндап берді.

Ербол Тілешов:
Жаңа әліпби нұсқасы негізінде тұрғындар арасында апробация жүргізілді  

– Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Бұл туралы Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау барысында аталған орталықтың директоры Ербол Тілешов мәлім етті. «Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді», – деп атап өтті тілдерді дамыту республикалық орталығының директоры. Е. Тілешовтің айтуынша, жаңа әліпби қабылдау, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Осы реттен келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс. «Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды», деді ол.

Ерден Қажыбек:
Әліпби ауыстырудан саяси астар іздеушілер қателеседі

– «Әліпби ауыстырудың негізгі себебі – таза тілдік қажеттілікке тікелей байланысты. Бұдан саяси астар іздеушілер қателеседі». Мәжілісте өтіп жатқан «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек осылай деді. 
Оның айтуынша, бұл тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама; болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Президент сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар», «рухани жаңғырудың» өзегі, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі.
Одан бөлек маман бұл бастамаға тек қазақстандықтар ғана емес, сырттағы отандастарымыз да тілеулес болып отырғанын айтты.
«Ұлт көшбасшысы, Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қаладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен зейнеткерлер, жастар мен сырттағы отандастарымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда, бәрі де баталарын беріп, тілеуін тілеуде, хаттарын жазып, жобаларын жолдауда. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді халқымыз. Біз ғылыми ортада, зиялы қауым өкілдері арасында көптеген басқосулар ұйымдастырдық. Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бастамасымен жиырмадан астам ғылыми ұйымдастыру және ғылыми тәжірибелік іс-шаралар өтіп, оларда екі жарым мыңға жуық зиялы қауым өкілдері баяндама жасады», – дейді Ерден Қажыбек. 
Ерден Қажыбектің айтуы бойынша, қуантатыны – бүгін қазақстандықтардың басым көпшілігі осы үрдісті сана-сезімімен, жан-тәнімен қолдайды. Мәселен, белгілі отандасымыз профессор Мұрат Сұлтаншәріпұлы, Ресейдегі отандасымыз түрколог Еркали Әзербаев, әріптесіміз депутат Азат Перуашев қолдайды. Көптеген шетел ғалымдарынан, Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан ұсыныстар, жобалар, хаттар келіп жатыр. Ерден Қажыбек негізгі мақсат – тілдік қажеттілікке тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті. 
«Мен бұл жерде латынға бізден бұрын көшкен түркі тектес мемлекеттер мен Еуропадағы елдердің тәжірибесі мұқият сарапталғанын атап өткім еледі. Кемшіліктер анықталып, артықшылықтар тізілді. Кейбір тілдерде маңызды дыбыстар ескерілмей түсіп қалды, кейбір тілдерде ғылыми әдістеме жасау реформалары тоқырап қалды. Ал кейбіреулерінде науқаншылдық басым болды. Бізде мұның бәрі жан-жақты ескерілуде», – дейді Ерден Қажыбек.

Ерболат Досаев:
Үкіметте латын әліпбиін енгізудің нақты жоспары бар

– ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың айтуынша, латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілген бойда нақты шаралар қолға алынады. 
 «Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында латын әліпбиін енгізудің мерзімін белгілеген болатын. Үкіметтің аталған тапсырманы орындауға қатысты нақты көзқарасы бар. Латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынады. Ол жоспар барлық салаларды қамтиды. Себебі тіл коммуникацияның әмбебап құралы болып саналады», – деді Досаев бүгін ҚР Парламент Мәжілісіндегі латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдауда. Оның айтуынша, бірыңғай стандарт бекітілген бойда білім беру саласына қатысты біраз шараларды атқару қажет. Алдымен маман даярлау мәселесіне баса назар аударған жөн. Осыдан кейін ол білімді xалық арасында кеңінен тарату қажет.
«Осы орайда латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарған маңызды. Аталған шаралардың барлығы уақытына қарай үйлестіріледі және бір-бірімен байланыстырылады. Осының арқасында біз латын әліпбиін жүйелі түрде енгізе аламыз», – деп атап көрсетті Үкімет басшысының орынбасары.

Нұрлан Нығматулин:
Жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор

– Тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда осылай мәлім етті. «Бүгін біз мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін тарихи маңызы зор жаңа әліпби мәселесін талқылайтын боламыз. Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға жол салған кез келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілінің мәртебесін көтеруге назар аударды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны жетпіс пайызға жетті. Ал 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады. Осының барлығы, соның ішінде латын әрпіне көшу – тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадамдар», – деді Мәжіліс Төрағасы. Осы орайда Н. Нығматулин өткен жиырма бес жылдың ішінде экономикамыз өсіп, саясатымыз орнықты болып, халқымыздың жағдайы жақсарғанын, егемен еліміз бүкіл дүниежүзіне танымал болып, «Мәңгілік Ел» болудың дара жолына түскенін қадап айтты. «Дәл осы кезеңде Елбасымыз ең алдымен рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Соның ішінде жаңа әліпбиге көшу – ол өте маңызды мәселе. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», – деді ол.

Төлеубек Мұқашев:
Әліпби өзгерту тек кириллица әріптерін латынмен алмастыру ғана емес

– Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ. Парламент Мәжілісіндегі «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев осылай мәлім етті. 
«Жазбаны өзгертудің жағымды тұстары бар. Жағымды жақтарына өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамыту жатады. Латын әліпбиі әлемде танымалдыққа ие. Біріншіден, латын әліпбиінің арқасында жастарымыздың ғаламтордан ақпарат алуға көптеген мүмкіндіктері, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке, тез арадағы оқуға қолжетімділік болады. Екіншіден, түркі әлемі мен Қазақстанның бірігуіне ықпал етеді. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдермен ортақ жазбаға ие болу біздің еліміз үшін пайдалы. Латын әліпбиіне өтудің қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге ықпалы зор. Себебі біздің тіліміз басқа тілдермен бірдей деңгейде тұрады және өзге қарым-қатынас жасауға жеңіл болады. Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ. Ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр», – деді сенатор. 
Осы орайда ол тілдің ішкі әрі сыртқы жағдайы қазіргі жазудың орфографияға, айтылымға орфоэпияға кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетикалық, грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартқандығын атап өтті. 
«Демек, әліпби өзгерту тек кириллица әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да қайта реформа жасау қажеттігін талап етеді. Әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі зор екендігін танытып отыр», – деді              Т. Мұқашев.

Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды.

 

------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

БІЗДЕН БІР ПІКІР​

БӘРІ ДЕ БОЛАШАҚ ҮШІН

Айдар БАШБАЕВ,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы:

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері» тақырыбында тыңдау өтті. Жиынның күн тәртібінде латын графикасына көшу бойынша баяндамалар жасалып, әліпбидің жаңа жобалары талқыланды.
Латын әліпбиіне көшу бүгін ғана көтерілген тақырып емес. Тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселе дүркін-дүркін айтылып жүрді. Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин: «Тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Елбасы айтқандай, балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз», – деді. Шынында да, латын әліпбиі арқылы қазақ тілінің мәртебесі артып, әлемдік технологияның талабына сай өркендеуге жол ашылады.
Латын графикасы стандартына көшу – Елбасының кезекті жарқын бастамасының бірі. Жуырда біздің облыста да латын әліпбиіне көшудің дайындық барысы туралы жиын өтті. Нәтижесінде, ғалымдардың жаңа жобаларымен танысуға мүмкіндік туды әрі латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен тиімді тұстары туралы талқылау болды. Ұтымды пікірлер, жаңа ойлар айтылды. Кешегі Астана төрінде өткен жиында да ғалымдар өз жобаларын ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғырудың ең бірінші баспалдағы – латын графикасын қабылдау деп білемін.

 

 

КЕШІКТІРУГЕ БОЛМАЙДЫ

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі:

Қазақ тілі араб графикасымен де, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған төте жазумен де, латын және кирилл әріптерімен де таңбаланды. Бүгінгі латын графикасына көшу мәселесін тарихи шешім дер едім. Сонау 30-40 жылдары қолданған латын әліпбиінің жаңғырған, жаңарған және уақыт талабына сай толыққан бүгінгі нұсқасы бүкіл әлемнің техникасында қолданылып келеді. Бізге де әлемнің ғылыми-техникалық ілгерілеуіне ілесу үшін латын қарпін уақыт создырмай қабылдауымыз қажет. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа міндет жүктеп отыр.
Латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу бойынша өткен кешегі жиын – тарихи бастаманың көрінісі. Біз жаңа графиканы қабылдау арқылы ғасырлық шешім жасаймыз. Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін фактор – латын графикасы екенін атап көрсетті. Біздің өңірде де жаңа әліпбиге байланысты талқылаулар ұйымдастырылды. Халық арасында түрлі тақырыпта басқосулар болды. Бір байқағанымыз, тұрғындар латын қарпін қолдануға дайын.

ТІЛ ТАБИҒАТЫ САҚТАЛАДЫ

Римма САЛЫҚОВА,
«Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы:

Латын графикасы Қазақстан халқына таң емес. Алдыңғы буын аталар мен апалар осы әліпбиді он жыл бойы қолданды. Әлі есімде, біздің балалық шақта латын таңбасымен басылған көне кітаптар кездесіп қалатын. Қазақ тілінің дыбыстарын дәл беретін таңбалар еді. Латын әліпбиіне көшу кезінде фонетикалық тұрғыда қазақ тілінің табиғаты сақталады деп ойлаймын. Кирилл әліпбиін 80 жылға жуық қолданып жүрсек те, кейбір дыбыстардың өзгеріске ұшырап, тілімізге нұқсан келгені шындық. Бұл пікір ғалымдардың аузынан жиі-жиі айтылып жүр. Латын графикасына көшу бұрынғы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың тарихи дыбыстарын қайтарады. Латын графикасы тек тілдік тұрғыда ғана емес, кәсіпкерлік, медицина, ғылым, сауда-саттық, экономика саласында да тиімді болады деп есептеймін. Қазақстан кәсіпкерлері шетелдіктермен жиі тәжірибе алмасуы қажет. Латын қарпі бізге әлем кәсіпкерлерімен етене араласуға мол мүмкіндік бермек.